Руханият

Осман сұлтаны түсірткен суреттер

Ішінде Айша бибі және Ясауи кесенелері де бар

Бүгінгі Түркия кешегі түрік көсемі Ататүрік, одан әріде аты дардай азулы Османлы империясының келбеті екені анық. Ататүріктің азат, тәуелсіз ел жолындағы еңбегі ұшан-теңіз! Дегенмен тарихшылар бүгінгі Түрік Республикасының берік іргесі, қажалмас тасы сонау  Османлы сұлтандарының саясатының нәтижесі деп те айтады. Сондықтан тарихта он тоғызыншы ғасыр Османлы империясының ең ұзақ ғасыры деп аталған. Ал Османлының азулы соңғы басқарушысы сұлтан ІІ Абдулхамит болды. Падишахтың жақтастары оны «Ұлы Қаған» деп әспеттесе, оның қарсыластары «Қызыл сұлтан» деп сынаған. Біз Османлы әулетінің ең соңғы ықпалды мүшесі ІІ Абдулхамит туралы сөзді бекер қозғаған жоқпыз!

Сұлтанның өзінен бұрынғы шахзадалар­дан ерек­шелігі жас­тайынан шетелге шығып, ел-жер көргенді, саяхаттағанды жақсы көрген. Күллі түркі дүниесіне ортақ құндылықтарға қатты қызыққан. Коллекция жинаған, Орта Азияның тарихын білуге, оның әрбір құндылығын сақтап қалуға барын салған. Сол мақсатын жүзеге асыру үшін әлемдегі ең мықты суретшілерді шақырып (фототілшілерді) сурет коллекциясын жинаған. Оның ішінде киелі Түркістанға тиесілі және Қазақстанның өзге өңірлеріндегі қасиетті нысандардың суреттері бар. Сұлтан ІІ Абдулхамиттің сурет коллекция­сын жуырда  Самарқан қаласында өткен Түркі тектес мемлекеттердің 9-саммитінде «Түркітав» қоғамдық қоры топтастырып, көрмеге қойды.

«Түркістан» коллекциясы деген не?

Осы уақытқа дейін «Türktav» түркі тарихы мәдениет қоры түркі халықтарына ортақ көптеген дүниелерді жинастырды.  Түркі әлеміне танымал кітаптар түрік тіліне аударылды. Осы және өзге де жобалардың бәрі көрмеге қойылды. Басты мақсат – түркі халықтарына ортақ дүниелерді, олардың салт-дәстүрін, мәдениетін, бар болмысын, өткені мен бүгінін көрсету.

Ал жуырда Самарқан қаласында өткен Түркі мемлекеттердің 9-саммитінде Өзбекстан Республикасы шақырған жалғыз мемлекеттік емес мекеме «Türktav» түркі тарихы мәдениет қоры ғана болды. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені бұған дейін тек атап өтілсе де, ешбір жерде көрсетілмеген Стамбұлдағы әйгілі «Жұлдыз» архивіндегі құнды деректер көрмеге қойылды. Оның  біріншісі сол архивтен алынған Сұлтан Абдулхамит екіншінің «Түркістан» атты 66 суреттен тұратын коллекциясы еді. Жалпы, сұлтан II Абдулхамит кім дегенді білгісі келетін оқыр­мандарға аз-маз ақпарат бере кетсек!

ІI Абдулхамит Осман империясы – ең соңғы басқарған сұлтаны. Империяның ең қиын кезінде таққа келсе де, тарихта зор беделмен қалған сұлтан  1842 жылдың 21 қыркүйек­те туып, 1918 жылдың 10 ақпанында қайтыс болған. Әкесі – Сұлтан Абдулмежит, анасы – Тиримүжган ханым. Тақ мұрагері ретінде ағасы V Мұрат есептелгендіктен, Абдулхамит жастайынан еркін, мақсат-мұраты бар беделді тұлға болып өсті. 1876 жылы Сұлтан Абдулазиз тақтан құлатылғаннан кейін оның орнына V Мұрат отырды. Алайда Абдулазиздің жұмбақ өлімі және басқа да жағдайларға байланысты V Мұраттың психикасы бұзылып, ол тақта тек 93 күн ғана отыр­ған сұлтан болды. Осыдан кейін ІІ Абдулхамит 1876 жылы 31 тамызда сұлтан болып жарияланды және 7 қыркүйекте Османлы тағына шықты. Сұлтан таққа отырмай тұрып ­Париж, Лондон және Вена қалаларын аралаған. Бұл оның өнерге, тарихқа деген құштарлығын ашқан.

Міне, содан да болар, сұлтан ең танымал деген суретшілерді әлемге жіберіп, сол жақтың ескерткіштерін, материалдық емес мәдени мұраларды зерттеуге барын салған. Олардың тұрмыс-тіршілігі, салтын… бәрін суретке түсіріп жинаған. Жалпы қазір бұл коллекцияда  36 мың 585 сурет бар екен. Оның барлығы 911 альбомда жинақталған. Бұл 19 ғасырдағы әлемдегі ең үлкен сурет коллекциясы болып табылады. Ал «Türktav» түркі тарихы мәдениет қоры «Түркістан» атты коллекциядағы 66 құнды суретті ортаға шығарды.

66 сурет топтастырылды

Қазіргі Орталық Азия кезінде «Түркістан» жағрафиясы деп аталды. Бұл – қырғыз, өзбек, қазақ, түркімен жалпы түркі әлемін мекен еткен халықтардың территориясы. Сұлтан түркі тектес халықтардың өмірін салыстыру үшін сол жерлердің бәріне фототілшілер жіберген. Осы 66 суреттің басым көпшілігі Өзбекстанның Хиуа, Самарқан қалаларындағы халықтың тұрмыс-тіршілігі, тарихи жерлері, ескерткіштері, ежелгі ғимараттары болып табылады. Тіпті қарапайым халықтың сол кездегі базардағы болмысы бәрі нысанаға алынған екен. «Түркістан» коллекциясының ішінде Қазақстанға тиесілі бес бірдей сурет бар. Оның ішінде Айша бибі мен Қожа Ахмет Ясауи кесенелерінің ескі ешбір жөндеу жұмыстары жасалмай тұрған кезде түсірген фотоларын ерекше атап өту керек.

«Жұлдыз» архивінен тыс «Türktav» түркі тарихы мәдениет қорының жеке мұрағатында ежелгі түпнұсқа карталар да бар. Көрмеге қорда сақталған ежелгі «Түркістан» жағрафия­сына тиесілі 200 жылдық тарихы бар карталары жинастырылып, қойылды. Көрмеден кейін ол ресми түрде Самарқандағы Жібек жолы халықаралық туризм және мәдени мұра университетіне сыйға тартылды.

Бұл карталардың құндылығы Османлы дәуірінде Орхон-Енисей жазбалары, ескерткіштерінің орналасқан жерлерін көрсеткен. Оның ішінде француз саяхатшылардың қолымен және әйгілі түркітанушы ғалым Радловтың қолымен сызылған карталар да бар. Махмуд Қашғаридың «Дюуа­ни лұғат ат түрік» еңбегіндегі «Түркістан» жағрафия­сына қатысты алғашқы картаның да түпнұсқасы осы карталардың ішінде.

Хаттары сақталған

«Türktav» түркі тарихы мәдениет қоры екі жыл бұрын Османлы мұрағаттарындағы қазақ хандықтарына байланысты қазақ хандары мен Османның бір-біріне жазған хаттарын да тапты. Олардың саны екі мыңға жуықтайды. Бұл хаттар Қазақстандағы Ұлттық Академиялық кітапханаға және сирек кітапханалар мен қолжазбалар қорына табыс етілді. Қазақ хандары кезінде қажылыққа барған. Қажылыққа Османлы территориясына қатысты жерлерден, шекара бекетінен өту үшін арнайы хат жазған екен. Бұрын көбінесе қазақ хандары қажылыққа отбасымен барған. Бұл құжаттар – соның дәлелі. Одан бөлек, хандардың арасындағы бір-біріне сыйға тартқан алыс-беріс сыйлықтары да осы хаттар арқылы реттеліп отырған. Олардың электрондық нұсқаларын қордың сайтынан да көруге болады.

Серікгүл СҰЛТАНҚАЖЫ, Анкара

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button