Денсаулық

Отбасын жоспарлау кабинеті ашылды

Астана әкімдігінің №11 қалалық емханасында босануға дайындық мектебі және отбасын жоспарлау кабинеті ресми түрде жұмыс істей бастады.

Кабинеттің ашылуына «Ақниет» қайырымдылық қоры қолдау көрсетті. Енді болашақ аналар босануға дайындық курстарынан өтуге және жүктілікті жоспарлаудың маңыздылығын ұғынып, түрлі тұқым қуалайтын аурулар, туа пайда болатын ақаулар, жұқпалы және тағы басқа дерттер бойынша акушер-гинеколог, педиатр және психолог сынды мамандардан білікті кеңес ала алады.
– Біздің мақсатымыз – жастарға, отбасы құрғандарға немесе шаңырақ көтеруді жоспарлап жүргендерге ақпараттық білім беру, соның ішінде медициналық көмек көрсету, сондай-ақ, әлеуметтік маңызды аурулардың алдын алу және олардың туындау факторларын төмендету мәселесі бойынша көмек көрсету, – деді №11 емхананың бас дәрігері Жаңалық Сағандықов.
Бүгінгі таңда аталмыш емханада бала тууға қабілетті жастағы 16 мың әйел тіркелген, олардың 60 пайызы жүктіліктен сақтанудың құралдарымен қамтылыпты. Осы жөнінде айта келе, емхана басшысы ана мен бала денсаулығын сақтау – денсаулық сақтау жүйесі алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі екеніне тоқталды. Айтуынша, мамандар отбасын жоспарлау кабинетінде болашақ аналар мен әкелер үшін жағымды әрі қолайлы жағдай қалыптастыруға барынша күш жұмсапты. Олар ерлі-зайыпты жұптарға жүктілікті жоспарлау мәселелері, жүкті және босанғаннан кейінгі кезеңдегі күтім бойынша кеңес беруге әрқашан дайын. Әсіресе, жастармен жұмыс істеуге барынша көңіл бөлінеді екен. Бұл ретте аталмыш кабинет мамандары студент жастармен түрлі тақырыптарда әңгіме өткізіп отырады.
«Ақниет» қайырымдылық қорының төрайымы Бағила Бисембаева болса осындай кабинеттер басқа емханаларда да ашылса деген тілегін жеткізді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button