Басты ақпарат

Өз дәуірінің дарасы

ДІНМҰХАМЕД ҚОНАЕВТЫҢ ТУҒАНЫНА – 110 ЖЫЛ

[smartslider3 slider=1768]

Қонаев Дінмұхамед Ахметұлы 1912 жылы 12 қаңтарда Верный (қазіргі Алматы) қаласында дүниеге келген.

Қонаевтың ата-бабалары ­Верный (Алматы) бекінісіне жақын жердегі Күрті және Іле өзендерінің жағасын қоныстанып, дәстүрлі қазақ қолөнерімен айналысқан.

Өзі жазғандай, Қонаевтың арғы атасы ағайындарымен араздасып, қоныс аударып, «Тобықты руының жеріне көшті». Нәтижесінде, ол екінші ұлы Қонайды Тобықтының қызына үйлендіреді. Қонайдан ұлы Жұмабай мен қызы Бұлантай туады. Кейін Қонай өзінің жақындарымен Жетісуға қайта оралады.

Д.А.Қонаевтың атасы – Жұмабай туған өлкесінде арабша ұстаздық еткен сауатты адам болған. Ол 1904 жылы Мекке мен Мәдинаға қажылыққа барған. 1886 жылы оның ұлы Меңліахмед дүниеге келді (мәтінде осылай – Б.А.). Он төрт жасар Меңліахмед көпес Ысқақ Ғабдол-Уәлиевтің қарамағында қызмет етті, ал 1917 жылғы төңкерістен кейін Алматы облысының ауылшаруа­шылық және сауда ұйымдарында жұмыс істеді.

[smartslider3 slider=1749]

Анасы, Зәуре Байырқызы, Шелек (Чилик) ауылының кедей шаруа отбасынан шыққан. Ол 1973 жылы қайтыс болды. ­Д.А.Қонаевтың нағашы ағасы – Ахметжан ­Байырұлы Шымболатов, комсомол және партия қызметкері болған, 1938 жылы репрессияға ұшырады. Дәл осы А.Б.Шымболатов Д.А.Қонаевтың тұлғалық қалыптасуына үлкен әсер етті.

Әкесі – Меңліахмед 1976 жылы тоқсан жасқа үш ай жетпеген кезінде қайтыс болды. Бастауыш білімді Н.Г.Чернышевский атындағы ­№19 мектепте алды.

1931 жылы Д.А.Қонаев ­Мәскеу түсті металдар және алтын институтына оқуға түсті.

1936 жылдың шілдесінде инс­титут бітіргеннен кейін ­Қоңырат-Балқаш құрылысына жұмысқа жіберілді. Бұл оның еңбек жолының бастамасы болды.

Ауыр өнеркәсіп кәсіпорындарында жұмыс істей жүріп, Д.А.Қонаев республиканың Орталық Қазақстандағы мыс өнеркәсібінің, одан кейін Кенді Алтайдағы қорғасын-мырыш өнеркәсібінің қалыптасуына белсене қатысты. Жас инженер өзін сауатты және білікті маман ретінде көрсете білді.

[smartslider3 slider=1766]

Қайраткер естелігінде атап  көрсеткендей, сол кездері көптеген басшылар, өндірістің нағыз ұйымдастырушылары репрессияға ұшырады. Кеніштің директоры бола тұра ­Д.А.Қонаев КСРО ­Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары Н.А.Булганиннің, ал кейін Г.М.Маленковтің қабылдауында болды. Осы жерде Қазақстан Компартиясы Орталық ­Комитетінің бірінші хатшысы Н.А.Скворцовпен таныстығы басталды.

1942 жылы Ұлы Отан соғысы өршіп тұрған кезде Д.А.Қонаев республиканың Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Бұл қызметте ол Ж.Ш.Шаяхметов, ­Н.Д.Оңдасынов, Ж.А.Тәшенев сияқты ірі қайраткерлермен тығыз байланыста болды. Ол осы қызметінде өнеркәсіп жұмысына жетекшілік етті және жолдарды, елді мекендерді және қалаларды дамыту ісіне көп үлес қосты. Д.А.Қонаев осы жылдары КСРО басшылары – И.В.Сталин, Н.С.Хрущев және Л.И.Брежнев­пен тікелей жұмыс істеді.

1952 жылдың сәуірінде ­Д.А.Қонаев партия органдарының ұсынысы бойынша ­(Ж.Ш.Шаяхметов) Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болды.

Ғылым мен мәдениеттің үздік өкілдері сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған 1950-ші жылдар ­Қазақстан зиялылары үшін өте ауыр кезең болып саналды. ­Академик Қ.И.Сәтбаев, М.П.Русаков, ­А.Қ.Жұбанов, көрнекті жазушы М.О.Әуезов негізсіз қудаланды. Тарихшылар ­Е.Бекмаханов, ­Б.Сүлейменов, жазушылар ­Ю.Домбровский, Қ.Мұхаметханов тұтқындалып, ұзақ мерзімге сотталды. Өзі сол оқиғаның куәгері болған Д.А.Қонаев былай деп жазды: «Қатыгез қуғын-сүргін саясаты фольклорды, қазақ әдебиетінің тарихын, революцияға дейінгі Қазақстан тарихын зерттеуде феодалдық өткенді дәріптеу, ұлтшылдық, жаппай қаралау мен жала жабу айыптары тағылған газет науқанымен қабаттаса жүргізілді». Д.А.Қонаев Қазақстан Компартиясы ОК хатшылары Ж.Шаяхметов пен М.Сужиковты ұлттық интеллигенцияның үздік өкілдеріне қатысты ірі қателіктерге жол берді деп санайды. «Жағдайдың соншалықты төзгісіз болғандығы сондай – ­Әуезов, Жұбанов және басқалары республикадан жырақ кетті» деп жазды Д.А.Қонаев». ­Бұл жайында қазақстандық тарихи әдебиетте жан-жақты жүйелеп баяндалған.

Қонаевтың басшылығымен Ғылым академиясының материалдық-техникалық базасын нығайту, жаңа кадрларды тарту, ғылымның өндіріспен байланысын күшейту шаралары жүргізілді. Д.А.Қонаевтың ғылыми еңбектері кен орындарын ашық тәсілмен игерудің теориясы мен тәжірибесіндегі жаңалық болып табылды. Бұл зерттеулер тау-кен өнеркәсібінде өндіріс тиімділігін айтарлықтай арттыруға ықпал етті. Қайраткер Тың жерлерді игеру ісіне де тікелей қатысты.

1955 жылы 31 наурызда ­Д.А.­Қонаев республиканың Жоғарғы Кеңесінің сессиясында Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалады, ал 1960 жылы қаңтарда бірауыз­дан Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.

[smartslider3 slider=1767]

Алайда 1962 жылдың желтоқсанында Қазақстан аумағының бір бөлігін көршілес Өзбекстанға беру мәселесінде Кеңес мемлекетінің басшысы Н.С.Хрущевпен келіспеушіліктер нәтижесінде Д.А.Қонаев республика басшысы қызметінен алынып, Министрлер Кеңесін қайта басқарды.

Н.С.Хрущевтің ойластырылмай жасаған іс-әрекеттері нәтижесінде Қазақстанда Тың өлкесі ұйымдас­тырылды, сондай-ақ мақта егетін аудандарды құру жоспарланды. Мақта егуші аудандарды ­Өзбекстанға беру мәселесін Қазақстан КП Оңтүстік Қазақстан өлкелік комитетінің бірінші хатшысы И.А.Юсупов көтерді. Алайда қалыптасқан шекара өзгерісі туралы мәселенің түп-тамыры бұдан да ертерек кезде басталған болатын.

1962 жылы Қазақстан өнер шеберлерінің концерті өтіп жатқан кезде Н.С.Хрущев кенеттен ­Д.А.Қонаевқа И.А.Юсупов­тың идеяларын қолдау туралы ұсыныс жасайды. Д.А.Қонаев ­Н.С.Хрущевке бірден тікелей жауап қайтарады: «Мен бұл іс-шараның мақсатқа сәйкестілігін өз халқыма ­дәлелдей алмаймын. Біріншіден, Тың жерлерді игеруде біздің көбірек бай тәжірибеміз бар, екіншіден, тусыраған даланы игеруді бастадық. …Оңтүстік Қазақстан – республиканың байырғы халқы ең тығыз қоныс­танған бөлігі. Біз отпен ойнаймыз: республикалар арасындағы қарым-қатынас ушығуы мүмкін! Өкінішке қарай! Хрущевке менің дәлелдерім мүлдем ұнамады». Н.С.Хрущевтің қайталап айтқан ұсынысына Д.А.Қонаев былайша жауап берді: «Егер КОКП ОК Президиумы беруді ұйғарса, онда орындайтын боламыз, бірақ мен бұған үзілді-кесілді қарсымын». Н.С.Хрущев қызметінен алынып, КОКП Орталық Комитетінің ­Бас хатшылығына Л.И.Брежнев тағайындалғасын Д.А.Қонаев 1964 жылдың желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып қайта сайланды. Сол кезеңде Д.А.Қонаевқа, екі совхоз бен 500 мың қойды қоспағанда, бұл айтылған аумақты қайтарып алудың сәті түсті.

 1970-1980 жылдар аралығында Қазақстан халқының әлеуметтік жағдайы едәуір жақсарды; елді мекендер электрлендірілді, тұрғын үйлер абаттандырылды. Жаңа емханалар мен ауруханалар ашылды; орта және жоғары оқу орындарының желісі кеңейді.

Бірақ КСРО-дағы «кеңестік социализмнің» қызметі әлеуметтік әділдіктің көптеген мәселелерін шешпеді: елде негізгі азық-түлік түрлері жетіспеді, сапалы киім тапшы болды. Алыпсатарлық өркендей түсті, жастар батыс елдерінің сәнді киімдеріне қызықты, адамдар пәтер алу үшін жылдап кезектерде тұрды.

КОКП монополиялық билігі кезінде балама партиялар мен қозғалыстардың қызметіне рұқсат етілмеді; экономикалық қатынастар саласында нарықты дамытуға тыйым салынды. Азаматтардың шетелге, негізінен, дамыған елдерге көшіп кетуі жиіледі.

1979 жылы Кеңес әскерлері Ауғанстан аумағына енгізілді, алайда Саяси Бюро мүшесі Қонаев әскердің басып кіруі туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан білді.

Д.А.Қонаев барлық сынақтар кезінде адал және өте қарапайым адам ретінде қала алды. Кеңестік жүйеде тәрбие­ленген ол, коммунистік партия насихаттаған идеяларға адалдығын сақтай білді.

Д.А.Қонаев республиканы басқарған кезде экономика, білім беру, мәдениет саласында үлкен өзгерістер болды. Статис­тикалық мәліметтер бойынша, 1955-1985 жылдар аралығында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 8,9 есеге, ауылшаруашылығы 6,2 есеге, құрылыс 8 есеге өсті. Жаңа жолдар салынып, республикада электрлендіру аяқталды.

Жаңа қалалар мен елді мекендер салынды. Астанамыз Алма-Ата (қазіргі Алматы – Б.А.) КСРО-ның ең әдемі қалаларының біріне айналып көркейді. Қазақстанның ғылыми және зияткерлік әлеуеті айтарлықтай өсті.

1971 жылы 26 ақпандағы ­Компартия орталық комитетінің I Пленумында Д.А.Қонаев Қазақстан КП ОК Бюросының бірінші хатшысы және мүшесі болып қайта сайланды. 1970-жылдары ­Д.А.Қонаев белгілі жазушы ­І.Есенберлин мен ақын ­О.Сүлейменовті («Аз и Я») бассыздық пен саяси-қуғынға ұшыраудан қорғай алды. Рес­публика басшысының қолдауы арқасында олар кейін оқырман аудиториясы арасында кеңінен танымал, сондай-ақ мемлекеттік сыйлыққа ие болған шығармаларды жарыққа шығарды.

1979 жылы облыс орталығы Целиноград қаласында Неміс автономиясын құру әрекетінен туындаған толқулар болғанда, Д.А.Қонаев бұл ауыр жағдайды асқындырмай шеше білді.

Қазақстан Компартиясының XVI съезінде Д.А.Қонаев қиындық­тарға тап болды. Бұл аталған съезде рес­публика басшысының атына жергілікті партияның беделді өкілдері тарапынан жағымсыз сын айтылды.

Д.А.Қонаев партия ұйымдары басшылығында болған кезіңде сая­си қайраткер ретінде де танымал болған еді. Ол КОКП-да жоғары саяси лауазымдарды иеленді, қатарынан 4 съезде КОКП ОК Саяси Бюросының мүшелігіне сайланды. Жалпы алғанда, Д.А.Қонаев Саяси Бюро құрамында 21 жыл болған. Көп жылдар бойы, үшінші мен он бірінші шақырылымдар аралығы бойынша КСРО Жоғарғы Кеңесі депутаттығына сайланды, 1960 жылдан 1987 жылдар аралығында, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болды. Д.А.Қонаевтың өзі айтқандай, «Сталиннен Горбачевке дейін», КСРО-ның көптеген көшбасшыларымен бірге жұмыс істеуге тура келді. Ол Кеңес Одағының дамуы мен күйреуін қатар көрді.

Осы жылдары Д.А.Қонаевтың есімі Кеңес мемлекеті мен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының беделді көшбасшыларының бірі ретінде шетелде де танымал болады. Қазақ диаспорасы оның атын құрметтеді; КОКП ОК ­Саяси Бюросының мүшесі ретінде Д.А.Қонаевтың портреті мәдениет сарайларының, мектептердің, жоғары оқу орындарының және кеңес мемлекеті мен социалистік лагер елдерінің әскери бөлімдерінің қабырғаларын безендірді.

1985 жылдың наурызында КОКП ОК Бас хатшысы болып сайланған М.С.Горбачев қайта құру және жаңғырту бағытын жариялады. Л.И.Брежневтің тұсындағы жоғары дәрежелі басшылық корпусы КСРО жаңа басшысының көңілінен шықпады.

КОКП ОК Бас хатшысының басшылықты ауыстыру туралы шешімінің қатарында Д.А.Қонаев та болды.

Мәскеуде жасырын әрекет ету арқылы, Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Д.А.Қонаевты қайта сайлау туралы Пленум өткізуге шешім қабылданды.

1986 жылы 16 желтоқсанда өткізілген Қазақстан Компартиясы ОК Пленумы небәрі 17 минутқа созылды. Қазақстан Компартиясы ОК Пленумында сөз сөйлеген Г.П.Разумовский қатысушыларды КОКП ОК Сая­си Бюросының ­Д.А.Қонаевты «зейнеткерлікке шығуына байланысты» қызметінен босату туралы қаулысымен қысқаша таныс­тырып, Ульянов облыстық партия ұйымының басшысы Г.В.Колбинді директивті түрде сайлауды ұсынды.

Д.А.Қонаевты бірінші хатшы қызметінен босату процедурасының өзі және республика халқымен мүлдем таныс емес партиялық функционерді тағайын­дау елде наразылық толқынын туғызды. Жастар, ең алдымен, Алматы, ­Қарағанды, Көкшетау қалаларының студент жастары көшеге шығып, Мәскеу шешімін мақұлдамайтындарын ашық білдірді.

Әсіресе, Алматыдағы ірі толқуларда, жастар үлкен топ болып, орталық алаңға жиналып жатты.

Адамдардың жылдар бойғы үнсіз келісіміне үйренген билік бұған қарсы әскери бөлімдер мен милиция отрядтарын пайдалануды шешті. Зауыттарда металл заттармен қаруланған «жұмысшылар жасағы» жедел құрыла бастады.

Халықтың Мәскеу шешімімен келіспеу фактісінің өзі ширек ғасыр бойы республиканы басқарған Д.А.Қонаевтың беделін мойындау­дың белгісі болып саналды.

Биліктің олақ іс-әрекеттері, дағдылы үлгідегі әдістері, адамдарды қарапайым сыйламау­шылық қоғамды қантөгіс пен терең күйзеліске алып келді. Қақтығыс кезінде ешбір кінәсі жоқ адамдар қаза тапты.

Өзінің зиялылығы және ­қарапайым қасиетімен Д.А.Қонаев Қазақстан халқының арасында ғана емес, бүкіл Одақ алдында үлкен беделге ие бола білді. Онымен мақтанатын және жақсы көретін.

Дінмұхамед Ахметұлы өмірінде көпті көргендіктен, билікте басқару қызметінен жақсы хабардар болды. Ол сталиндік дәуірді бастан кешірді, социализмнің түрлі кезеңдерінде ел дамуына өзінің үлесін қосты. Сондай-ақ ол Кеңестік жүйенің, ­өзі берік сенген коммунистік идеологиялық құндылықтың қирауының куәгері болды. Ол кісі сонымен бірге, тәуелсіз Қазақстанның ­қалыптасуына куә болып, жетістігіне шын қуана білді.

Ел дамуына қосқан үлесі үшін ол үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Ол сегіз рет Ленин орденімен, басқа да ­наградалармен, соның ішінде шетелдік наградалармен де ­марапатталды.

Дінмұхамед Қонаев Қазақстан халқының есінде тек мемлекет қайраткері ретінде ғана емес, ғылымды дамытудағы ірі ұйымдас­тырушы, инженер-металлург ретінде де сақталды.

 Бүркіт АЯҒАН,  тарих ғылымдарының докторы, профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button