Денсаулық

«Аждаһа» айылын жияр емес

Коронавирустың бір басын кессең, екіншісі өсіп шығып, жер бетінен жойылмай тұр. Барыс жылы басталғалы дүние жүзінде де, Қазақстанда да аждаһа індеттің бесінші басы – «Омикронның» таралуымен ауру қайта өршіді. Әлемнің 200 елінде 300 млн адам вирус жұқтырды, солардың 5 миллио­ны ажал құшты. Еліміздегі саяси қақтығыстардан соң эпидемиологиялық ахуалдың күрт нашарлауын басқаға жорып, ауруды қолдан көбейтті деп отырғандар да бар. Бірақ індеттің барлық елде бірдей өршуі ол тұспалды жоққа шығарады.

[smartslider3 slider=1753]

 

Әлемде әбігер  басылмады

Әдеттегідей Джонс Хопкинс университеті деректеріне жүгінер болсақ, соңғы 20 күнде дерт жұқтырған әлем тұрғындарының саны 276 млн-нан 310 млн-ға артқан. Дертке шалдыққандардың тым жоғарғы көрсеткішін мамандар «Омикрон» штамының көз ілеспес жылдамдықпен таралуымен байланыстырып отырғаны мәлім. Ең көп ауру АҚШ, Үндістан және Бразилиядан тіркеліп отырса, олардан кейінгі кезекті Ұлыбритания, Франция және Ресей алады. Зерттеулер көрсеткендей, «Омикрон» штамы «Дельта» түріне қарағанда агрессивтілігі анағұрлым төмен болғанымен, таралу жағынан бәрінен жылдам болып шықты. ДДҰ бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесус айтқандай, «бұл штамның таралуы күшті болғаны сондай, ол бүкіл әлемнің денсау­лық сақтау жүйесіне залалын тигізетін болады». Тіпті ауру ошағы болған Уханьда да дерт асқына бастапты. Ал Үндістанда күн сайын анықталатын аурулар санының күрт өсуі – бұл елде індеттің үшінші толқыны басталып кетуінің белгісі деген қауіп бар. Мәселен, үнді елінде вирустан көз жұмғандар саны 480 мың адамнан асты. Еуропада бірнеше ел соңғы штамның өршуіне байланысты вакцинация және ревакцинация жұмыстарының ауқымын ұлғайтты. Осылайша Франция, Испания және Италияда екпе алғандар қатары күрт өскені байқалады. Ұлыбританияда да дерт асқынуы байқалғанымен, ауруханаға жатқызылатындар мен қайтыс болатындар біршама азайған. АҚШ-та бүгінге дейін 60 млн адам дерт жұқтырып, 830 мың адам ажал құшты. Бұл – әлемдегі ең жоғарғы көрсеткіш. Қазір індет елді тағы бір шайпап өтіп жатқаны аңғарылады. 22 млн халқына ауру жұғып, 620 мың адамынан айрылған Бразилия – әлемде АҚШ-тан кейінгі індет қатты асқынған екінші ел.

Елдегі жағдай елең еткізді

Қазақстанда коронавирус­тың «Омикрон» штамы биыл 6 қаңтарда елорда мен Алматыда анықталды. Ал 9 қаңтарда жаңа нұсқа Ақтөбе облысынан шықты. Сөйтіп елдегі эпидемиологиялық ахуал күрт төмендеді. Коронавирус инфекциясын таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия деректеріне сәйкес эпидахуалдың нашарлауына біріншіден, «Омикронның» таралуы себеп. Екіншіден, мереке күндері елдегі ішкі миграцияның жоғарылап кетуі, сосын профилактикалық шаралардың дұрыс сақталмауы да кері әсер етті. 6 қаңтардағы дерек бойынша ауру жөнінен репродуктивтілік өсімі елде 1,5 болса, 5 өңірде, атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласы, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарында ол көрсеткіш 2-ге артқан. Сөйтіп, бұл 8 қаңтарда елорданың, ал 11 қаңтарда Шымкенттің, ал кеше Алматы қаласы мен Атырау облысының да «қызыл» аймаққа өтуіне бір-ақ әкелді. «Сары» аймақта – Ақтөбе, БҚО, Павлодар, Қызылорда, Қарағанды, Маңғыстау облыстары. Қалған 7 өңір – «жасыл» аймақта. Қазақстан эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша сары аймаққа көшті. Себебі кеше бір тәулікте елімізде дертке шалдыққан 5 мың адам анықталды.

Жалпы індетпен байланыс­ты жағдайдың жақсы еместігін Мәжіліс отырысына бейнебайланыс арқылы қатысқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та атады. «Бүкіл әлемде коронавирус қайтадан кеңінен тарала бастады. Ал Қазақстанда аурудың күрт өсімі байқалып, тәулігіне 2 мыңға дейін жаңа жағдайлар тіркелуде. Пандемия басталғалы ауру жұқтырғандар саны 1 миллионнан астам адамды құрады. Сондықтан да босаңсымау керек және коронавируспен күресте жалғастыру маңызды. Бұл да – жаңа Үкіметтің басты міндеттерінің бірі» деді ол. Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша елімізде «дельта», «дельта плюс» және вирустың басқа да түрлері таралуда.

Елордада аурулар толастамай тұр

Қазір елорда ауруханаларына ковид диагнозымен түсіп жатқандар үсті-үстіне толастар емес. Ара-арасында ахуалды баяндап отыратын ақ халаттылардың тіпті бір ауыз тілдесуге мұршасы жоқ.  Нұр-Сұлтан қаласында соңғы 4 күнде тәулігіне дерт жұқтыратындар саны 170-тен 1442-ге дейін артқан. Ал кеше қалада бір тәулікте 3312 адам вирус жұқтырғаны тіркелді. Жедел медициналық жәрдем станциясына күніне 4,5 мыңнан аса адам жүгінеді, шақырулар – 2 мыңнан жоғары. Генотиптеу нәтижелері бойынша зерттеуге алынған 8 (8,3%) үлгіден вирустың «Омикрон» түрі анықталса, соның 7-уі – Алматыдан, ал біреуі Нұр-Сұлтан қаласынан анықталды. Елордада індетпен күреске 7 қалалық стационар ковид орталығы ретінде жұмылдырылды.

Күніне 100-ге жуық науқас ауруханаға жатқызуды қажет етуде. Инфекциялық төсек орынның толымдылығы 70 пайызға жетті. Бұл қаланың медициналық мекемелеріне үлкен жүктеме түсіріп жатқанын қала әкімі А.Көлгінов Instagram парақшасында жазып, елордалықтарға үндеу тастады. Ол сондай-ақ науқастар санының одан әрі өсуіне жол бермеу үшін қала тұрғындарын санитарлық нормаларды қатаң сақтауға, адам көп жиналатын орындарға, қонаққа бармауға, үлкен отырыстарға қатыспауға шақырды.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button