ҚұқықМәселе

Полицей туралы пайым

Қазіргі қоғамда қауіпсіздіктің күзетшілері болып саналатын сақшылар халықпен қалай жұмыс істеп жүр? Әлеуметтік желіні қарасаңыз, жұрттың негативке толы пікірлерінен аяқ алып жүре алмайсыз. Неге? «Ауруын жасырған арам өледі» деген сөздің шындық екенін бір сәт те болса мойындай аламыз ба? Сақшы деген үнемі халықтың көз алдында жүрген қоғам тәртібін бақылаушы емес пе? Кей жағдайда олардың өзі көшеде бір-бірімен жаға жыртысып, жұмыстарында бір-бірлеріне тапаншамен оқ атып жатса, не болмақ? Қарапайым халыққа әкіреңдеп бақса, дұрыс па? Неге олар мұндай теріс әрекеттерге барады деп ойламауыңыз мүмкін емес. Олар иығындағы шенін ғана емес, «бейбіт күннің күзетшісі», «қоғам тәртібін қадағалаушы» деген жүкті де арқалап жүр емес пе?!

[smartslider3 slider=789]

Интернет дамыған уақытта полицейлерге кіштей ренжіп жүрген жандар олардың теріс әрекеттерін видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желіге жүктей қояды. Сөйткен «содыр» сақшымыз өткен шақпен жұмыстан босатылған болып шыға келеді. Тек бір өзі ғана әйкәпір атанып, қалғаны «сүттен ақ, судан таза». Тасборан тек соған бағыттала жөнеледі. Іс бітті, қу кетті! Осының бәрі қоғам көзқарасының күрт өзгеруіне әкеліп соқты.

Тұңғыш Президент – Елбасы: «Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек» деген еді. Яғни тәртіп сақшылары білімді де білікті, тәртіпке бағынатын және халқы үшін еңбек ететін қызмет иесі болса ғана халық өзін қауіпсіз сезінбек. Сақшы болғысы келген адам мұндай жауапты да салмақты жұмысқа халықтың төбесінен қараймын, артықшылығым мол болмақ деп емес, елмен етене жұмыс істеймін, жығылғанды демеймін, соғылғанды жебеймін деп келмегі жөн. «Жұмыс таппасам, полицияға кіре саламын ғой» деп шолақ ойлайтын заман өтті. Айтылып, жазылып жатқан реформалар да осындай келеңсіздіктердің алдын алу ниетінен туған қадам.

Ал төмендегі деректерге көз жүгіртсек, 2016 жылы – 774, 2017 жылы – 959, 2018 жылы – 862, 2019 жылы – 906, 2020 жылы – 710, ал соңғы 10 айдың ішінде 514 полицей қыз­метімен қош айтысқан. Қазір көзі ашық қоғамда ештеңені жасырып-жаба алмайсың. Сол себепті ішкі істер қызметі саласын жаңарту-жаңғырту керектігі күн сайын көтерілуде. Сондықтан да полиция жұмысын сервистік модельге көшіру қолға алынып жатыр. Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюктің айтуынша, халықтың тәртіп сақшылары туралы пікірі ең алдымен қарым-қатынас кезінде қалыптасады. Көп жағдайда полицейлер азаматтарға қандай да бір айып тағарда немесе талап қоярда ғана келіп жатады. «Мәселен, Ұлыбританияда полиция қызметкерінің азаматтармен диалогы «Сізге қандай көмек керек?» деген сөзден басталады. Бұл бір ғана сөз әрі қарай жалғасатын әңгіме желісін түпкілікті өзгертіп, сенім артарлық қарым-қатынасты қалыптастырады. Біз де өз қызметкерлеріміздің жұмысын дәл осы жолға бағыттаймыз» дейді А.Милюк. Оның айтуынша, жылдар бойы құқық бұзушылықтарды анықтаудың статистикалық деректері негізінде ғана  қалыптасқан. Яғни полицияның жұмысы тек қылмыстың ашылу процентіне және қылмыстың төмендеу деңгейіне байланысты бағаланатын. Соның салдарынан көптеген қылмыс жасырылып-жабылатын. Полиция азаматтардың құқығын қорғауға емес, тек статистика үшін жұмыс істеп келді. Ал сервистік полицияның жұмысын бағалау – құқық бұзушылықтарды анықтау емес, оның жолын кесу, көмек көрсетуге және халықпен сенімді қарым-қатынас орнатуға дайын болу. Полицияның жұмысын сервистік үлгіге көшіру дегеніміз сол – халыққа қалтқысыз қызмет көрсету.

Сондай-ақ ішкі істер саласына жұмысқа қабылданатын жастардың жан-жақты деңгейі мен сапасына айрықша мән беру қолға алынуда. Бұдан былай қызметке тек жоғары білімі бар жастар алынбақ, көкесі көп көлденең көк аттыларға жол болмайды. Тек сөйткенде полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бет-бейнесі біртіндеп өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шынайы қызмет көрсететін лайықты органға айналар еді.

Бауыржан СЕГІЗБАЕВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button