Мәдениет

Жаһандану заманының «Айманы мен Шолпаны»

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрында «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясының жаңартылған нұсқасы сахнаға жол тартты. Аталмыш спектакльді осыдан тура он бір жыл бұрын, осы қараша айында қаллекиліктер алғаш сахналаған еді. Бірақ сол уақытта сахнаның мүмкіндігі шектеулі болды. Ал бұл жолы жаңа, кең сахнада қойылым жаңаша жаңғырды.

[smartslider3 slider=797]

Спектакльді қойған да жастар, бас кейіпкерлер – Айман мен Шолпан бейнелерін де жастар сомдады. Жалпы осы қойылым арқылы театрдағы жастардың қарым-қабілеті сыналған сияқты. Осыған дейін актер, музыкант болып танылып жүрген Олжас Жақыпбек режиссер ретінде көрінді. Негізгі еңбек – комедия­ны бірігіп сахналаған Шырын Мұстафина екеуінікі.

Спектакльдің сәтті шығуы режиссер мен актерлерге ғана емес, сахна қызметкерлеріне де байланысты. Декорация, жарық, сахнаның басқа да элементтері кем түсіп жатса, қойылымға кері әсер етеді. Осы жағынан мін көрген жоқпыз. Актерлердің өздеріне бекітілген бейнелерді сомдауына да көңіліміз толды. Оркестрдің (бас дирижері – Мәдениет саласының үздігі Ерлан Мұстафин, дирижері – Маралжан Мырзақұлова) сүйемелдеуімен әртістер жанды дауыста әндерді шырқады.

Шымылдық ашылып, спектакль басталған бетте есімізге жыр қағаны Жұматай Жақып­баевтың «…Лироэпос заманынан келгенін жасырады шынтағына сүйеніп» деген өлең жолдары түсті. Иә, қаллекиліктер «Айман-Шолпан» оқиғасын қазір өзіміз өмір сүріп отырған заманға лайықтап сахналады. Әлбетте, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің пьесасы желісімен.

Жалпы лироэпостық жырдың қазақ сахнасына көшірілгеніне 90 жылға жуықтады. Әуезов дастанның желісін алып, жаңа кейіпкерлерді қосып, ұлт мұрасын тірілтті. Ал Қуанышбаев театры жаһандану заманына сай қойылымды ұсынды. Онда олигархты да, қазіргі «жаңа қазақтарды» да, қылыштың орнына тапаншаны да көре аласыздар.

Әдеттегідей қос актерлік құрам бекітілді. Біз көрген бірінші құрамда Айман бейнесін – Ақжан Құрмашева, Шолпанды Ұлжан Оразаева сомдады. Екі сұлуға таласатын жігіттердің бірі Әлібекті – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Жасұлан Ерболат, Арыстанды Қобыланды Болат кескіндеді. Ортада дәнекер болып жүретін Жарасты Ұлан Қабыл ойнады.

Ал Көтібар, Маман, Теңге рөлдері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы бар театр­дың тәжірибелі, белгілі, белді әртістеріне берілді. Алғашқысын Нұркен Өтеуіл, екіншісін Жанқалдыбек Төленбаев, ал үшіншісін Айнұр Бермұхамбетова сахнаға алып шықты.

Спектакль жанры әу бастан-ақ музыкалық комедия болып анықталған. Бірақ қаллекиліктердің нұсқасында жеке өзімізге бір спектакль ішінде бірнеше жанр араласқандай көрінді. Мюзикл мен рок-опера элементтері де қылаң береді. Арасында рэп те оқылады. Жанрлар ғана емес, мәдениеттер араласып кеткен сияқты. Өз басым Бродвейдің бір мюзиклін тамашалап отырғандай болдым. Алайда спектакльге «келіннің сәлем салу» дәстүрі мен күй тартыс енгізілгені оқиға мұхиттың арғы жағында емес, қазақ жерінде өтіп жатқанын аңғартады. Біздіңше, бұл сәтті режиссерлік шешім болды. Қойылымның жүрекке жылы тиетін көріністері де осы.

Спектакльде халық әндері музыкасымен қатар Иса Байзақовтың «Желдірмесі» сияқты шығармалардың әуен­дері пайдаланылды. Қазіргі жастар тыңдайтын музыка да қосылды. Жаңадан қосылған әндердің сөздерін Қанат Жүнісов пен Мирас Әбіл жазды.

Қойылым көрген адамдарды күлкіге қарық қылады. Әртіс­тердің тосыннан көрермендердің арасына кіруі әсерді күшейтеді. Бұл да сәтті ойлас­тырылған дүние, кейіпкерлер мен көрермендерді жақындата түседі.

Енді жаңартылған «Айман-­Шолпанды» Қаллеки театрынан 28 қараша күні көре аласыздар.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button