Басты ақпаратРуханият

Қабілеті бағын жандырған

Белгілі сатирик, жазушы, тарихтанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Табыл Құлыястың өмірден озғанына бір жыл болды. Жақында «Фо­лиант» баспасынан қаламгердің очерктері, мақалалары, фельетондары, сұхбаттары мен ол туралы естеліктер жинақталған «Ойы – терең, сықағы – ерен» атты кітап жарық көрді. Кітапты жазушының жары Күләш Маханова құрастырды.

Өткен ғасырдың елуінші жылдары журналистика майданына, әде­биет әлеміне қадам басып, өмірінің соңғы күндеріне дейін қаламын қолынан түсірмеді. Кіндік қаны еліміздің батысындағы Ойыл өлкесіне тамса да, солтүстіктің де, оңтүстіктің де дәмін татып, сол өңірлерде шығатын басылымдарда айқын із қалдырды. Көкшетау, Жамбыл облыстық газеттерінен кейін республикалық теле-радионың Торғай, Ақмола облыстарындағы меншікті тілшісі бола жүріп, Сарыарқаның сайын даласын мекендеген еңбек адамдарын, өнерпаздарды насихаттады. Тұрмыс-тіршіліктегі түйткілдерді ашып, келеңсіз тұстарды ащы тілімен сынады.

Бұрынғы астанамыз Алматыда да тұрып, қазақ телевидение­сінің насихат редакциясында редактор қызметін атқарды. Осы қызметте «Жебе» сатиралық журналын шығарды. Белгілі әдебиет сыншысы Бақыт Сарбалаұлы Табыл Бекқазыұлының жетпіс жас мерейтойына «Қазақ елінің қаламгері» атты мақала арнады. Атауы табылған тақырып, қаламгер, шынында да, бар қазаққа ортақ дүниелерді, ұлтымыздың қасіретті тарихын қаламына арқау еткен еді.

Халқымызға ашаршылық, саяси қуғын-сүргін сияқты небір зобалаң әкелген отызыншы жылдары туған жазушы соның бәрін жүрегінен өткізіп жазды. Екі жасында туған әкесі Тұрсынғали «халық жауы» ретінде ұсталып, әкесінің ағасы Бекқазының қолында өсіп, соның атына жазылды. Жеті жасында одан да айырылып, жетімдіктің тақсыретін тартудай-ақ тартты. Соған қарамастан жүрегі қатаймады, айналасын күлкіге қарық қылып жүретін жарқын жан еді. Жазушының мұңы – ұлттың мұңы, жазушының шері – ұлттың шері болды.

1995 жылдан бастап ширек ғасыр бойы көршілес Ресейдегі Омбы, Новосібір, Кемер, Орынбор, Қазан, Орск, Бар­наул қалаларындағы архивтерді ақтарып, құжаттардың шаңын қағып, қазақ тарихына қатысты деректерді жинады. Нәтижесінде «Қан кешу», «Қырғын», «Қанжоса ғасыр», «Миға қо­йылған бомба» атты кітаптары шықты. Бұл туындыларында қазақ тарихына, отызыншы жылдардағы нәубетке қатысты архив құжаттары негізінде небір шындық жазылған.

Мәселен, «Қанжоса ғасыр» романына алғысөз жазған көрнекті жазушы Әбіш Кекілбайұлы бұл кітап бұрын-соңды белгісіз болған деректерді мәлім етуімен құнды екенін, «өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандыруға» аз да болса үлес қосатынын байқағанын айтқан еді. «Негізгі кейіпкерлері – халықтың көшбасшыларына арқа сүйеген елдің орта ойлылары, қарапа­йым адамдар, солардың сұрапыл жылдардағы зәбірі. Түрмелер мен лагерьлерде аналарымен бірге азап тартқан бір-үш жас аралығындағы балалардың бүгінгі тірілерге айтатын аманаты… Сталиндік қуғын-сүргінді бастан кешкендердің зары ұрпақ зердесі арқылы бүгінгілерге сақ бол деп үндегендей. Шығарманың тағы бір құндылығы осында жатыр» депті онда Әбіш Кекілбайұлы. Бұл кітапта Новосібір, Омбы архивтеріндегі деректермен қатар Ақмола облыстық прокуратурасы сақтаған қуғын-сүргін жылдарының құжаттары, әсіресе елорда іргесіндегі «АЛЖИР» деректері молынан қамтылған.

1995 жылдан бастап ширек ғасыр бойы көршілес Ресейдегі Омбы, Новосібір, Кемер, Орынбор, Қазан, Орск, Бар­наул қалаларындағы архивтерді ақтарып, құжаттардың шаңын қағып, қазақ тарихына қатысты деректерді жинады. Нәтижесінде «Қан кешу», «Қыр­ғын», «Қанжоса ғасыр», «Миға қо­йылған бомба» атты кітаптары шықты. Бұл туындыларында қазақ тарихына, отызыншы жылдардағы нәубетке қа­тысты архив құжаттары негізінде небір шындық жазылған

«Миға қойылған бомба» кітабында таңдамалы шығармалары жинақталды. Сонда сұрқай саясаттан халықтың көрген қорлығын әшкереледі. Жағымпаздықты, жалтақтықты, жемқорлықты, сатқындықты сынады. Әлдекімдерді ұлтым, жерім, елім, халқым дейтін сенімге селкеу түсіргені үшін қаламымен түйреді.

Жазушы осының бәрін жинақтап, жазғанда қаншама көз майын тауысты. Өмірінің соңғы жылдары көруі нашарлады. Әйтпесе бұдан бұрын үйінің іргесіндегі редакциямызға жиі келетін. Басылымымыздың тұрақты авторы болды. Жалпы Табыл Құлыяс кешегі Ақмола – бүгінгі Астана журналистикасының қалыптасуына үлкен үлесін қосты. Торғай облысы жабылғаннан кейін, 1988 жылы Ақмолаға келді. Облыстық телевизиядағы «Бұғалық» сатиралық тележурналын, өзіміздің «Астана ақшамы» газетінде «Қалақай» мүйісін шығарды. Соңғы күніне дейін газетімізбен байланысын үзген жоқ. Телефон шалып, материалдарын жолдап тұратын. Мақаласы жарияланған күні «Газеттерің бүгін жақсы шықты» дейтін.

Әңгімелерін, деректерін өзіміз жазатын материалдарға да арқау еткеніміз бар. Осыдан он шақты жыл бұрын әдеттегідей редакцияға соқты. Ақсақал болса да жаңа заманға бейімделіп алып, жазған-сызғанын флешкада сақтайтын. Өзінде флешканың түр-түрі болды. Өтініш айтқан соң, бір флешкасын тазалап, жазғандары мен бірнеше суретті басқа флешкасына көшіріп бердік. Көшіріп отырғанда бір ескі суретке назарымыз ерекше ауды. «Марқұм Ізтай Мәмбетов қой біреуі» деген Табыл ағамыз ақынмен кездесудің тарихын айтып берді. Соны артынша «Сурет сыры» айдарымен газетке жаздық. Ал флешкасындағы материалдары мен суреттер компьютерімізде әлі күнге дейін сақтаулы.

Сатиралық шығармаларынан бастап романдарына дейінгі еңбектері әдебиеттанушылардың, замандас жазушылардың тарапынан жоғары бағасын алды. Атап айтқанда, қазақ сатирасының білгір теоретигі, көрнекті ғалым Темірбек Қожакеевтің ғылыми-зерттеу еңбектерінде Табыл Құлыястың 19 фельетоны туралы толымды пікірлер қамтылды. Көрнекті жазушы Дүкенбай Досжан «Сатира сарбазы» атты мақаласында «Табыл Құлыяс – бұл күнде ауылдың әжуасын, әжік-күжігін шиырлап жүрген журналист емес, елдің, халықтың сөзін айта бастаған барақатты ойдың, көркемделген оқиғаның үлкен қаламгері. Өресі биік білімпаздың өзі» деп жазды. Ал қабырғалы қаламгер Әнес Сарай «Табылдың қаламгерлік өмірде жолының болғаны менменсуден аулақ кішік те биязы мінезінен, адаммен қыбын тауып сөйлесе білетінінен деп түйсінем. Бірақ шығармашылық талантың болмаса, дүнияуи бұл тірліктің бәрі арамтер, әбігершілік. Қаламгер бағын жандыратын басқа емес, қабілет» деді «Табыл тағылымы» атты мақаласында. Бұл – замандастарының берген әділ, дәл бағасы.

Біз бұған еңбекқорлығын қосар едік. Рас, тыным таппайтын еді. Мәселен, «Егемен Қазақстан» газетінің былтырғы 17 ақпан күні шыққан санынан «Махамбеттің соңғы сөзі» атты мақаласын оқыдық. Ал ертеңіне жазушы өмірден озып кетті деген хабарды естідік. Мұны қаламын соңғы күндеріне дейін қолынан түсірмеді деген сөзімізге дәлел болсын деп жазып отырмыз.

Табыл Құлыястың көзі тірісінде-ақ филология ғылымдарының докторы Серікқали Байменше табылтануға жол салды. «Қария қаламгердің шығармашылығы «табылтану» деген тағылым пәні ретінде жас оқырмандардың зейі­нін аударып, әдебиет сүйермендерінің көңілінен шығатынына әрі көркемсөз бен көсемсөздің керуенін көркейте түсетініне бек үміттіміз» деп жазды ғалым. Оған ұлт тарихын тану үшін Табыл Құлыястың туындыларын оқу керек деген пікірді қосамыз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button