Басты ақпаратБілімЖаңалықтар

ҚАЛА БАЛАСЫ ҚАЙДА ДЕМАЛАДЫ?

Енді бір аптадан кейін кезекті оқу жылы аяқталып, оқушылар жазғы демалысқа шығады. Жыл сайын жаз қызығын төл мерекелерімен бастайтын өрендер үшін биылғы лагерьлердің жұмысы ­­29 мамырдан басталғалы отыр. Жазғы каникулда бала келер оқу жылына күш жинайды. Бұл уақытты баланың тиімді пайдалануын ескеріп, жазғы демалысты олардың танымы мен дене тәрбиесіне оң әсерін тигізетіндей етіп ұйымдастыру қажет. Бұған жазғы демалыс лагерьлерінің әсері мол. Сонымен, елордалық өрендер үшін биылғы демалыс қандай болмақ?

03

Қаламыз бойынша 83 мектептің жанынан ашылған лагерьлер 29 мамыр мен 23 маусым аралығында жұмысын бастайды. Оған 1-4-сыныптарда оқитын 45 000 бала қатысады. Лагерьлердің барлығы дерлік екі ауысымда жұмыс істейді. Әр бала күнделікті тамағы үшін 500 теңге төлесе, аз қамтылған отбасылар үшін бұл 319 теңгені құрайды. Мектеп жанындағы лагерьлер №2, 29, 31 мектептерде ұйымдастырылмаған. Өйткені бұл мектептерде биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мектеп жасындағы балалардың шығармашылық әлеуетін дамытып қана қоймай, денсаулығын нығайтуға, сауықтыруға, олардың бойында салауатты өмір сүруге ынтасын қалыптастыруға, тіпті, балалардың ересектер тарапынан қараусыз қалған бос уақытын қысқарту үшін бұл демалыстардың маңызы зор.
Ал орта буын, яғни 5-7-сынып оқушыларын қамту мақсатында мектеп жанындағы «Дидарлы жаз» спорттық-ойын алаңдары жұмыс істейді.
3 маусымнан 12 шілде аралығында түрлі спорттық шаралармен 5-7-сыныптың 4000 оқушысын қамту көзделіп отыр. Бұған қоса, «Айбынды мау­сым» мектеп жанындағы әскери-спорттық алаңдары да бар. Бұл жоба бойынша 8-10-сынып оқушыларының тегін демалысы мен жұмысын қамтамасыз ету көзделген.
Бұл алаңдардың басты мақсаты – қала мектептерінің эстафета командалары арасында құрамалық спорт түрлері мен түрлі волейбол, баскетбол, футбол, атқыштар сынды ойындар бойынша спорттық-бұқаралық қызметті ұтымды ұйымдастыру. Қуаныштысы, алаңдарға арнайы келетін мектеп оқушыларының қарасы өте көп. Жыл сайын осындай қызықты кездесулер мен түрлі ойындардың өтуіне атсалысып жүрген оқушылардың қуанышында шек болмайды. Бұл баланы жазғы демалыс­та өз бетімен кетпей, жүйелі түрде бір мақсатқа жұмыс жасауға да баулиды.

09
Қалалық Білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің жетекші маманы Еркөкше Кафизовтың айтуынша, әсіресе, жетім, ата-­анасының қамқорлығынан айырылған, әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасыдан шыққан балалардың демалысын және қамтылуын ұйымдастыру маңызды рөл атқарады. «Осы жаз бойы жүргізілетін 5 ауысымның 3 ауысымы осы санаттағы балалар үшін тегін ұйымдастырылады. Ақмола облысы, Ерейментау ауданының Алғабас ауылы маңында орналасқан «Батыр» шатырлы лагерінің 3 ауысымында 12 маусым мен 20 шілде аралығында 375 жетім балаға, аз қамтылған отбасыларынан шыққан балаларға тегін демалыс ұйымдастырылады. Лагерь туристік-өлкетану және экскурсиялық, дене шынықтыру-сауықтыру қызметін де қоса атқарады» дейді ол.
Айта кетерлігі, 29 мамыр мен 10 шілде аралығында «Балалар қаласы» мен Оқушылар сара­йындағы «Жазғы демалыс академиясында» демалыс ұйымдас­тырылады. Құны – 20000 теңге. 12 күннен тұратын лагерьдің өте қызықты өтеріне күмән жоқ. Себебі онда оқыту, жүзу элементтері, сырғанау, мұздағы сабақтар, лингвистика, бастауыш шахмат, интерактивті парк, бейнелеу өнері, театр студиясы сынды түрлі үйірмелер қамтылған. Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында жүргізілетін «Жазғы шығармашылық мектебі» жобасы да оқушылар үшін өте қызықты болады. Ол да ақылы. Бұл мектеп те балалардың шығармашылық, танымдық және зияткерлік қабілеттерін, бастамалары мен мүдделерін, ұйымдастырылған демалыс үшін қолайлы жағдай жасай отырып, қызықты демалыс ұйымдастырады.
Сонымен қатар, мектептер мен қосымша білім беру ұйымдарындағы ұйымдастырылатын түрлі жұмыспен қамту түрлері – көгалдандыру және жөндеу бригадалары мектеп аумақтарын абаттандыру бойынша зияткерлік, шығармашылық және тілдік үйірмелер, халық­аралық, респуб­ликалық пәндік олимпиадалар, шығармашылық байқаулар мен спорттық жарыс­тар ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, ата-аналар өздерінің жеке бастамасымен рес­публиканың әр аймақтары, шетел лагерьлерінде балаларының жазғы демалысын ұйымдас­тырып, жеке фирмалардың ұйымдастыруымен түрлі тіл үйрену бағдарламалары бойынша оқуға жіберсе, жоғары сынып оқушыларын заңға сәйкес жеңіл жұмысқа уақытша орналастыра алады.
Жазғы маусымда демалыс­ты ұйымдастыру бойынша ұсынылатын қызметтер сапасын анықтау мақсатында М.Өте­міс­ұлы атындағы Оқушылар сарайында, Білім басқармасының сайттарында арнайы желілер ұйымдастырылған.
Ата-аналар мен барлық мүдделі тұлғалар білім беру мекемелеріндегі жазғы демалыс қызметі сапасы бойынша ұсыныстары мен шағымдарын жолдай алады.

Гүлжан РАХМАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button