Елорда тынысы

Қаланың шет аймағы қалай дамып жатыр?

Елордадағы абаттандырылған аудандар мен елді мекендердің арасындағы теңсіздікті жою үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті. Елді мекендердің даму барысы туралы қала басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

«Қаламыздың әрбір төртінші тұрғыны елді мекендерде, яғни елорданың шеткі аймақтарында тұрады. Абаттандырылған аудандар мен елді мекендер арасындағы теңсіздікті жою үшін жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Түйткілді мәселелердің бірі – инженерлік желілер. Қаланың елді мекендерінде 50 шақырым инженерлік желі салынды, оның ішінде 11 шақырымы – кәріз, 20,7 шақырымы – сумен жабдықтау желісі, ал 3 шақырымнан астамы – нөсер кәрізі. Биыл тағы 10 шақырым инженерлік желінің құрылысын аяқтаймыз» деді қала басшысы.

«Елді мекендерді жеке-жеке аралап, жергілікті тұрғындармен кездесу өткіземіз. «Кирпичный» тұрғын алабының тұрғындарымен кездестім. Осыған дейін қала тұрғындары оқу орындарына байланысты, нақтырақ айтқанда, №12 мектеп бойынша мәселе көтерген болатын. Бұл мектеп осыдан 60 жыл бұрын салынған, қазір апатты жағдайда, ал ішіндегі құрылымдары жарамсыз күйде тұр. Оның ғимаратын бұздық, қазір орнына жаңа, жайлы мектеп салу жұмысы басталды. Мектепті 2023 жылы салып бітіруді жоспарлап отырмыз. Сол сияқты жеке инвестор есебінен балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, Чехоев көшесіндегі (Байқоңыр ауданы, Кирпичный елді мекені) апатты үйлердің тұрғындарымен кездестім. Ондағы үйлердің бір бөлігін (барақтар) 2024 жылы бұзылатын ғимараттар тізіміне енгіземіз. Бейнебақылау камераларын орнату, жол мәселесі, аула клубтары, абаттандыру секілді түрлі проблемалар қозғалды. Бұл мәселелерді жүйелі түрде шешуді қолға аламыз» деп сөзін жалғады А.Көлгінов.

Қала әкімінің айтуынша, елді мекендер жекеменшік сектор болғандықтан, 680 шақырым газ тарату желісі салынды. Алматы және Сарыарқа аудандары газбен қамтамасыз етілген. Ал Байқоңыр және Есіл аудандарында жеткізуші газ құбырын (2023 жылы кварталішілік желілер) салу жұмысы жүріп жатыр.

Сондай-ақ Алтай ­Көлгінов соңғы жылдары елді мекендердің өзінде 250 көше салынып, жөнделгенін тілге тиек етті. «Биыл тағы 70 көшеге асфальт төсейміз, оның негізгі бөлігі аяқталды. Сол сияқты 300-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік (сая­бақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырылды, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, бірқатар оқу орындары салынды. Мемлекет басшысы қаланың шет аймақтарын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Біздің мақсатымыз – елді мекендерге қажетті инфрақұрылым жүргізіп, тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, демалыс орындарын және тағы басқаларды салу» деді елорда әкімі.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button