Басты ақпарат

Қаңтар оқиғасы: тергеудің алдын ала нәтижелері

Кеше қаңтар оқиғаларын тергеудің алдын ала нәтижелеріне байланысты Бас прокуратура мен ІІМ өкілдері ресми мәлімдеме жасады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов пен ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов қатысты.

[smartslider3 slider=2579]

Қаңтар оқиғасына байланысты 17 азамат бас бос­тандығынан айы­рылған. Қазіргі таңда кінәні мойындағанына және залалды өтегеніне байланысты 135 азамат бас бостандығынан шектеліп, қоғамдық жұмысқа тартылған. Бұл туралы Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов атап өтті.

– Қаруды ұрлаумен және сақтаумен байланысты ауыр қылмыс жасаған, залалды өтемеген және бұрын сотталған 17 адам бас бостандығынан айырылды. Алматы қаласының Жетісу аудандық аудандық соты 2021 жылы сотталған және пробациялық бақылаудағы азамат С-ны 4 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жаппай тәртіпсіздік кезінде қарақшылық әрекеттер жасап, ірі сомада ұрлық жасаған. Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімімен азамат Н. «Анна» қару-жарақ дүкенінен 4 мылтық пен оқ-дәрі ұрлағаны үшін 3 жылға бас бос­тандығынан айырылды, – деді Елдос Қилымжанов.

Алматы әкімдігін қорғап, зорлықпен өлтірілген қарусыз подполковниктің денесін қылмыс­керлер өртеп жіберген. Қаңтар оқиғасындағы адамдардың қаза болу фактілері бойынша тергеу жалғасып жатыр.

– Осы уақытқа дейін Алматы қаласында, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қызметтік борышын орындау кезінде ерлікпен қаза тапқан 19 қызметтегі және болашақ офицерлердің қаза болу фактілері анықталды. Мәселен, Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратын күзетуге қатысқан қарусыз әскери қызметші подполковник ­Хайы­ровтың өлімі кезінде ерекше цинизм көрініс тапты. Тергеу көрсеткендей, зорлық-зомбылықпен өлгеннен кейін қылмыскерлер айғақтарды жасыру үшін мәйітті өртеп жіберген. 39 жастағы әскери қызметшінің артында әйелі және кәмелетке толмаған 2 баласы қалды. Қаңтар оқиғасында қайтыс болғандардың деректері бүкіл фактілер даусыз анықталған соң жария етіледі, – деді Бас прокуратура өкілі.

Брифинг барысында Бас прокуратура өкілі Көктөбе мұнарасын қорғап қаза болған сарбаздар туралы мәлімет келтірді.

– Алматы аудандық полиция басқармасы мен «Көктөбе» телемұнарасын қылмыскерлер басып алуға әрекет жасаған кезде қызмет борышы бойынша стратегиялық объектілерді қорғаған қызметкерлер Қанбетов, Асылханов және Алмасов оқ тиіп, қаза тапты. Талдықорған қаласы алаңында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде «Ұлттық ұланның» №5514 әскери бөлімінің мерзімдік қызметінің қарусыз әскери қызметшісі Амановқа бір топ – 10 қылмыскер шабуыл жасаған. Қатыгездікпен ұрып-соғу салдарынан 18 жастағы Аманов көптеген дене жарақатын алған. Жас жігіт есін жимастан, «Жедел жәрдем» автокөлігінде көз жұмды. Қайғылы қаңтар барысында адамдардың қайтыс болуының барлық фактілері бойынша мұқият тергеу жүргізіп жатыр. Олардың қорытындысы даусыз дәлелдер анықталғаннан кейін жария етіледі, – деді Елдос Қилымжанов.

Бұдан басқа қылмыскерлер мен олар жасыратын орындардан 1386 қару-жарақ алынған. Оның ішінде 154 автомат, 419 тапанша, 166 жарақаттайтын қару, 70 арнайы мылтық, 30 гранатомет және т.б. бар. Одан басқа, 22 479 оқ-дәрі алынып, тәркіленген.

– Мәселен, биыл 5 қаңтарда Алматы облысының үш тұрғыны Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздікті пайдаланып, 6 бірлік қаруды заңсыз иеленген. Сол қаруды пайдалана отырып, «SINOOIL» ЖЖС-ға қарақшылық шабуыл жасаған және Алматы қаласының әуежайын басып алуға қатысқан. Көрсетілген адамдар терроризмге қарсы операция жарияланғаннан кейін ұрланған қаруды Алматы облысындағы ауылдардың бірінде өздері тұратын орын бойынша бірнеше жерге жасырған, тұрғындар осы ауылдастарының жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны туралы білгеннен кейін оларды қарусыздандырып, алынған қаруды алып, әкімдікке тапсырған. Барлық күдіктілер күзетпен ұстау­ға алынды. Алматы қаласында «Оружейник» дүкенінен қару ұрлауда күдікті тағы бір адам ұсталды. Ол ұрланған қаруды Түрксіб ауданындағы қараусыз қалған ғимаратта сақтаған. Ұсталған адамнан шолақ карабин және тегіс ұңғылы мылтық алынды, – деді ҚР Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.

Бүгінгі таңда азаматтар өз еркімен қарудың 120-сын тапсырған. Олардың ешқайсысы қандай да бір жауапкершілікке тартылмаған.

– Қазіргі уақытта ішкі істер органдары тергеушілер 2961 қылмыстық істі қарап жатыр. Бұл деректер бойынша ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 176 күдікті күзетпен ұсталды. Сондай-ақ бұрын ұсталған 245 адам жасалғандардың қылмыс­тың ауырлығы және жеке басының мінездемесі ескеріле отырып, қамаудан босатылды. Бұл – бұрын сотталмаған және өз еркімен келтірген залалдың орнын толтырған азаматтар. Оларға қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат беру (68), кепіл (77), үйқамақ (94) және жеке кепілгерлік (11) қолданылды, – деді тергеу департаментінің бастығы.

Арнайы прокурорлар Ұлттық қауіпсіздік қызметінің 8 қызметкерін тергеудің рұқсат етілмеген тәсілдерін қолдану актісі бойынша тергеп жатыр.

– Тергеу жүргізу барысында азаматтардың құқықтарының сақталуына және заңдылықты қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған. Тергеудің рұқсат етілмеген әдістері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Арнайы прокурорлар ең резонансты 10 жағдайды тергеуде. Аталған істер бойынша арнайы прокурорлар 9 лауазымды адамды ұстады. Оның ішінде 8 ұлттық қауіпсіздік қызметкері мен 1 полиция өкілі бар. Әлеуметтік желіде қамауда отырғандарға қатысты тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдану жалғасып жатқаны туралы жазбалар жарияланып жатыр. Аталған адамдарға қатысты ешқандай зорлық-зомбылық қолданылып жатпағанын сендіріп айтамыз. Бұл ретте біз бұрын қолданылған бұлтартпау шараларын жеңілдету жөніндегі жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Прокурорлар ұсталған және күдікті адамдардың туыстарымен кездесу өткізеді. Олардың дәлелдерін мұқият тексере және осыны ескере отырып, бұлтартпау шараларын өзгерту туралы шешім қабылдайды. Жеке басын, денсаулық жағдайын және басқа да сипаттарды ескере отырып, 275 адамның қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатқа, кепілге, үйқамаққа алуға және жеке кепілгерлікке ауыстырылды, – деді Елдос ­Қилымжанов.

Сондай-ақ Бас прокуратура өкілі қаңтар оқиғасы кезінде күдікке ілінген күш құрылымдарының басшылары туралы мәлімет берді.

– Арнайы прокурорлар күш құрылымдарының жекелеген басшыларына қатысты тергеуді жалғастырып жатыр. 5 қаңтарда Алматы қаласында, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында 2 полиция департаменті мен 3 Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің басшылары өз ғимараттарын, соның ішінде қаруымен қалдырғаны белгілі. Олардың бәрі күдікті деп танылды. Осы фактілер бойынша қызмет бабындағы әрекетсіздік жөнінде 9 қылмыстық іс қозғалды. 1 және 2 сәуірде Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары мен Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің бас­тығы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Басқа тұлғаларға қатысты қазір дәлелдемелерді жинау және талдау жүргізіліп жатыр, – деді Елдос Қилымжанов.

ІІМ өкілі Санжар Әділовтің айтуынша, жалпы қаңтар оқиғасы бойынша 1700 жеке және заңды тұлға қылмыстық істер бойынша жәбірленуші деп танылған.

– Полиция органдарының жұмысы, ең алдымен, зардап шеккен азаматтарға, бизнес өкілдеріне жәрдем көрсетуге және келтірілген залалдың орнын толтыру бойынша шараларға бағытталғанын ерекше атап өткім келеді. Осы мақсатта азаматтардың және кәсіпкерлік субъектілерден ұрланған мүлікті табу және алу бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. 13 мыңнан астам азаматтан куә және жәбірленуші ретінде жауап алынды. 2400-нан астам сараптама тағайындалды, – деді ол.

Бүгінгі таңда сомасы 338 миллион теңгені құрайтын ұрланған мүлік тәркіленген.

– Оның ішінде 12 автомашина, 319 тұрмыстық техника, 189 зергерлік бұйым, 286 ұялы телефон, 546 киім, 16 миллион теңге бар. Мысалы, Алматы қаласында Алматы облысының тұрғыны ұсталды. Ол 6 қаңтарда басқа адамдармен топтасып, жаппай тәртіпсіздікті пайдалана отырып, Халық банкі филиалының кіретін есігін бұзып, компьютерлер мен теледидарларды ұрлаған. Ұрланған заттар алынды, ұсталған адам күзетпен ұстауға алынды, оның сыбайластарына қатысты іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Ал Ақтөбе қаласының тұрғыны 6 қаңтарда Сейфуллин көшесіндегі «Технодом» сауда үйінен жалпы сомасы 510 мың теңге компьютердің екі процессорын және үш ұялы телефонды ұрлаған. Соттың санкциясымен күдікті күзетпен ұстауға алынды. Бұл ретте оның Райымбек көшесінде орналасқан «Максима» сауда-
ойын сауық орталығынан киім ұрлауға қатысы бары анықталды. Екі эпизод бойынша ұрланған заттар алынды» деді ІІМ тергеу департаментінің бастығы.

Бас прокуратураның Қылмыс­тық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов қаңтар оқиғасы бойынша қанша адам сотталғанын мәлім етті.

– Қайғылы қаңтар оқиғаларын тергеумен арнайы прокурорлар басшылығымен ведомствоаралық жедел тергеу топтар айналысып жатыр. Олардың өндірісінде 262 қылмыстық іс бар. Оның ішінде 44 терроризм актісі, жаппай тәртіпсіздік бойынша 47 іс қозғалған. Осы қылмыстарды ұйымдастырушылар мен қатысушыларды анықтау және жауапқа тарту бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Бүгінгі таңда 547 адам жаппай тәртіпсіздікті ұйымдас­тыруға және оған қатысқаны үшін күдікті деп танылды. Оның 269-ы қамауда. Жалпы ел бойынша тергеу органдары 3702 қылмыстық істі тергеу үстінде. Оның басым көпшілігі – ұрлық, тонау, қаруларды жымқыру және басқа қиын емес қылмыстар, – деді Елдос Қилымжанов.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button