Денсаулық

Ширек ғасыр тапжылмай

Медицинаның жұмысшы күші саналатын медбикелер денсаулық сақтау саласында бірнеше бағытта қызмет етеді. Мәселен, бүгінгі кейіпкеріміз – аға медбике Әлия Мақсұтова елордадағы №3 көпбейінді қалалық аурухананың босанудан кейінгі ана мен баланың бірге болу бөлімшесінде 25 жылдан бері тапжылмастан жұмыс істеп келеді.

[smartslider3 slider=2594]

 

Отбасында ешбір медицина маманы болмаса да осы саланы өзі таңдаған Әлия Ибрагимқызының бастапқы қалауы – қарт адамдардың денсаулығын күтіп, баптаумен байланыс­ты еді. Сондықтан 1997 жылы колледж бітіріп,  жолдамамен келгенде ол мұнда аяғы тартпай, әрең жұмысқа кіріскен. Дегенмен тағдырдың өзі бұрып әкелген бағыт ол үшін дұрыс болып шықты, қазір сүйікті ұжымын, өмірге енді келіп, ең алғаш рет бөлімше медбикелерінің медициналық тексеруінен өтетін іңгәлаған сәбилерді көрмей тұра алмайтын күйге жетті. Бүгін де ол әдеттегідей таңғы бесте тұрып, елорда төрінде өзі қаржы жинап сатып алған пәтерінен жұмысына қарай асықты және тура сағат 7.30-да жұмыс орнына келді. Кезінде қоғамдық көліктердің қатынауы қиын тұста да 15 жыл бойы ата-анасы тұратын Александровка ауылынан қатынаған сәттері артта қалды. Сондағы жанкештілігінің бәрі өз жұмысын жақсы көргендіктен деп санайды.

Таңғы тірлігі ауысымдағы 5 медбикенің жұмысын, табель, кестелерді, жабдықтардың жарамдылығын, егу кабинеттерін тексеруден басталады. Өзіне қарасты 18 медбике бірнеше ауысымға бөлініп жұмыс істейді. Сол медбикелердің түнде қалай жұмыс істегенін, қанша бала түсіп, қандай ескертулер берілгенін және тағы басқа жұмыс барысындағы ақпараттардың дерегін алады. Әдетте мұнда бір палатада 2-4 әйелден жатады. Тәулігіне босану залынан 10, айына 600-700 баладан түседі. Олар мұнда тиісті екпесін алып, толық скринингтік тексеруден өткеннен кейін жағдайы жақсы болса, қазіргі жүйе бойынша бір тәулікте-ақ үйлеріне шығарылады. Сондай сәттерде гүлмен, шарлармен, сәнделген көліктермен аурухананың қабылдау бөлімшесінің алдын толтыратын әкелер мен баланың өзге де туыстарының қуанышын көрудің өзі медбикелерді бақытқа бөлейді және бұл үрдіс үздіксіз жалғаса береді. Әлия медбике де ширек ғасырлық жұмыс тәжірибесінде осы жерде талай қарапайым адамдардың да, Қайрат Нұртас сияқты өнер жұлдыздарының да, сенаторлар мен елшілердің де балаларын қарап, тексеріп, оларды шығарысу кезінде қуаныш иелерінің алғысына бөленген. Оның мейірімділігі мен жұмысқа деген адалдығы және біліктілігіне риза болған ата-аналар балаларына Әлия есімін берсе, тағы бірі оған деген ризашылығы үшін шетелге саяхаттауға шақырған. Тіпті бөлімшеге біріншісінен бастап бесінші, алтыншы балаларын босануға келетін аналар үшін Әлия туысындай болып кеткен. Бәрі соны іздейді. Ал көптің көңілінен шығу негізі оңай емес, оның астарында қанша жылдық білім мен тәжірибе жатқанын көбі байқамайды.

[smartslider3 slider=2581]

  Жалпы адамдармен жұмыс жүргізетін кез келген мамандықты оңай деуге келмес. Оның үстіне жаңа ғана дүниеге бала әкеліп, өздері әзер жүрген ана мен мына әлемге шошына қарап, шырылдап жылайтын баланың жағдайын жасауда ерекше бап керек. Біздің бөлімше медбикелері – жарық дүниені енді ашқан сәбидің денсаулығын ең бірінші тексерушілер, көбіне оның денсаулығында болашақта бір ақауының болмауы да осы кезеңдегі жіті тексеру сапасына байланысты болады. Балаға алғашқы 13 сағатта В гепатитіне қарсы екпе, 3 күнге дейін туберкулезге қарсы екпе салынады, бізге дейін босану залында 2 вакцина салынып келеді

– Жалпы адамдармен жұмыс жүргізетін кез келген мамандықты оңай деуге келмес. Оның үстіне жаңа ғана дүниеге бала әкеліп, өздері әзер жүрген ана мен мына әлемге шошына қарап, шырылдап жылайтын баланың жағдайын жасауда ерекше бап керек. Біздің бөлімше медбикелері – жарық дүниені енді ашқан сәбидің денсаулығын ең бірінші тексерушілер, көбіне оның денсаулығында болашақта бір ақауының болмауы да осы кезеңдегі жіті тексеру сапасына байланысты болады. Балаға алғашқы 13 сағатта В гепатитіне қарсы екпе, 3 күнге дейін туберкулезге қарсы екпе салынады, бізге дейін босану залында 2 вакцина салынып келеді, – дейді Әлия Мақсұтова.

Аурухананың басқа қабатындағы босану залынан бірер сағат бұрын дүниеге келген нәрестені медбике босанудан кейінгі ана мен баланың бірге болу бөлімшесіне бірден алып кете салмайды.

– Бірінші кезекте баланың емуіне мән беріледі, 2 сағатта бала емшекті алмаса, бойында бір нәрсе дұрыс емес деген күдік туады. Сондай-ақ бала мен ананы алып кетуге барған біздің медбикелер нәрестенің қалай жылағанына, терісінің түсіне назар аударып, қызуын өлшейді, сол көрсеткіштер бойынша жағдайын анықтайды. Егер медбикеге бір нәрсе ұнамаса неонатологты шақырып, бәрінің дұрыстығына көз жеткесін барып баланы алып кетеді. Ал бала басынан жақсы еміп, қызуы дұрыс болып, белсенді, қатты жылайтын болса өздері бірден әкеледі. Ішке әкелгеннен кейін таңертеңнен түрлі талдау сынамалары, екпе салу, есту қабілетіне скрининг жүргізу басталады. Бұрын баланы анасынан бөлек жатқызып, емізуге 3 сағат сайын әкеліп тұратын, қазір бала бірден анасының қасына беріледі. Сондықтан шексіз емізе беруге болады. Себебі бала емген сайын, ананың жатыры тез қалпына келеді. Баланы бірден ананың бауырына салу, екінші жағынан баласын тастап кетуді ойлап келген жап-жас аналардың да бастапқы ойынан қайтуына ықпал етеді. Себебі олар тастаса да, тастамаса да бөлімшеде жатқанда баланы қасына алып жатуға міндетті. Сол аралықта ана баласына бауыр басып, оны тастап кету туралы ойынан айнуы мүмкін. Кейбір аналар емізгенде ауырады деп, медбикелерден жасанды сүт беруді талап етеді. Сол кезде медбикенің тек білімі ғана емес, білгенін баланың анасына жеткізе алу шеберлігі де сынға түседі. Егер дұрыс түсіндіре алмаса, әйел туыстарын немесе дәрігерді шақырып, шағымданып, балама сүт бермеді деп шу шығаруы мүмкін. Ал негізі емшекті балаға үздіксіз беру нәрестенің де, ананың да денсаулығына өте пайдалы. Міне, соны біз түсінікті етіп жеткізе алуымыз керек. Сонымен қатар қазіргі өзгеріс – бүгінде баланы қол-аяғын сарбаз сияқты түзу етіп созып, жаялықпен қатты орап тастамайтын болды. Баланың қол аяғы ербеңдеп бос жататындай, үсті мен астына шағын киім кигізіледі. Нәресте үнемі қозғалып жатуы керек, еркін қозғалыста болса қан айналымы жақсы болады, тез дамиды. Сонымен қатар бұрынғыдай баланың кіндігі тез жазылу үшін сутек пероксиді және жасыл дәрі жағылмайды. Сумен жуса жеткілікті. Сүттің мол болуына шәйді көп ішу керек деген де қате түсінік, сүттің көп шығуы оған байланысты емес, сосын баланың ішіне тиеді деп жемістер, тәтті т.б. тамақтардан бас тартуға да болмайды. Бастысы, әрқайсысын аз-аздан ғана жеу керек. Сүт негізі әйелдің бойындағы майынан түзіледі және үздіксіз емізе берген сайын сүт жақсы шығады. Тамақты нормасымен ішіп, көңіл-күйі жақсы болса, әр нәрсеге ашуланбай, өзін жайлы сезінсе, әйелдің сүті міндетті түрде шығады, – деп кеңес береді аға медбике.

Бүгінгі таңда елордада осы ауруханадағы босану бөлімшесін қосқанда  5 перзентхана бар. Әлия аға медбике болып жұмыс істейтін бөлімшеде медбикелердің ең кішісі – кеше ғана оқу бітірген 20 жастағы мамандар болса, ең үлкені – бүгінде 53 жасқа келген медперсоналдар. Олардың біразы бүгінде ана ғана емес, әже атанып үлгерген. Өзі 14 баланың ортасынан шыққан Әлия бөлімшеге келетін сәбилерді туған балаларындай көреді. Оның айтуынша, оқуды қанша үздік бітіргенмен осында тәжірибе жинақтамай тұрып бірдеңе білем деу артық. Кезінде өзі мықты медицина мамандарының мектебінен өтті. Қазір сол білгенін арттарынан ерген жастарға үйретіп келеді. Мамандығын шын сүйіп таңдамағандар мұнда көп жүре алмайды. Бірақ бір қуанарлығы, аталған бөлімшеге келген медбикелердің көбі тұрақтап қалады. Себебі мұнда ұжым тату, Әлия сияқты тәжірибесі мен біліктілігі мол мықты мамандар мектебі бар.

 

 

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button