Басты ақпарат

Қаптаған қатеден қалай арыламыз?

Астана еліміздің бас қаласы болғандықтан, мұнда қыдырып келетін жұрттың қатары қалың. Тиісінше қаланың кіршіксіз болуы ылғи назарда тұрмақ. Жақында елорда көшелерін бір шолып, қазақтілді атаулар мен жазуларға көз жүгіртіп шықтық. Бір өкініштісі, басым бөлігін орыстілді нұсқасына қарамай тұрып түсіну қиындау. Осы тұста біз көзге түрпідей тиген бірнеше атауды белінен сызып, белгілеп көрсетуді жөн санап отырмыз.


Бұрынғы вокзал маңындағы көлік тұрағына биылдан бастап ақылы жүйе енгізілгені көпке аян. Аяңдап басып, тұрақ алаңына кірдік. Кіреберісте-ақ көзімізге «Орынтұрақты пайдалану қағидасы» деген жазба ұшырай кетті. «Орынтұрақ» деген сөзді іштей бір-бір қайталап алдық та мағынасын ойлай бастадық. Былай алып қарасақ, «орын» мен «тұрақ» екеуі бірігіп, бір мағына беріп тұрғаны анық. Ал оны күрделендірмей-ақ «Көлік тұрағын пайдалану қағидасы» деп пайдаланса, оқу да, түсіну де әлдеқайда жеңілірек болар еді. Мұндай тақтайша тұрақ алаңының бірнеше жеріне ілінгенін айта кетейік.

Бұдан ары қарай бізді «Қызметтік кіру» деген жазба қарсы алды. Орыстілді нұсқасында «Служебный въезд» дегенін оқыдық. Осы тұста сөзбе-сөз аударылғанын бірден аңғардық. Алғаш көрген адам орысшасына назар аудармай тұрып, мағынасын түсіне қоюы екіталай. Ал түсініктілеу болу мақсатында «Қызмет көліктері үшін» деген нұсқасы дұрыс болар деген ойға келдік. Алайда жазбаның жоғары жағындағы көк бағанада көрсетілген бағыты «үшін» деген сөздің орнын алмастырып тұрғаны анық. Сондықтан қарапайым ғана «қызмет көліктері» деп жазса, ұғынықтырақ болар еді!
Айта кетер тағы бір жайт, осыған ұқсас калька аудармалар бізде көптеп кездеседі. Мәселен, қоғамдық көлікте электронды төлем жасайтын картамызда «Көліктік карта» деп көрсетілген, сондай-ақ қаламыздағы «Студенттік саябақ» деген атау бар. Уақыт өте келе көзіміз үйренбесе, бір көргенде оғаштау көрінері жасырын емес. Оны «Көлік картасы» және «Студенттер саябағы» деген атаумен алмастырса, нұр үстіне нұр болар еді.

Вокзал маңындағы «жорығымызға» қайта оралайық. Бес қабатты үйлердің бірінші қабаты сауда нүктелеріне толып тұр. Солардың бірінде «Зергерлік сату», «Гауһар зергерлік бағалау» деген атауларға кез болдық. Қандай мағынада аударылғанын білу үшін орысшасына мән беріп едік «Продажа ювелирных изделий» және «Оценка изделий с бриллиантами» деп жазылыпты. Сауда орны иесінің қазақ тіліне тым салақтығы кімді де болсын қынжылтары сөзсіз. Олардың орнына «зергерлік бұйымдарды сату» және «гауһар бұйымдарын бағалау» деп қолданғаны жөн болар еді.

Жә, вокзал маңындағы қателерді тізе берсек, санына жетпеспіз. Көлігімізді тізгіндеп әрі қарай ұзай бергенімізде Ы.Алтынсарин, 16 мекенжайында орналасқан ғимараттағы қатеге тап болдық. Кәдімгі «азық-түлік» қос сөзіндегі дефисі жоқ, қайда кеткені белгісіз. Желді күннің бірінде түсіп қалған деп ақтайық десек, дефиске арналған орынның ізі де байқалмайды.
Жолымызды ары қарай Сарыарқа даңғылымен Тұранға қарай жалғадық. Екі араның түйісер тұсында жасыл бағана алыстан менмұндалап тұрды. Жақындап барғанымызда, бұл жерден де қателерінен аттап кете алмадық. «АСТАНА ПАРК қонак үйі» деген үлкен жазу бар. Іштей «Қазақтың қор болған төл дыбыстары-ай» дедік. Одан төмен қарай «МЕИРАМХАНА «chalet» деген атау тұр. Шамасы 1-сыныпта әліппе сабағында дауысты дыбыстан кейін «й» әрпінің төбесі түртілетінін оқымаған болар-ау деген ой қалдырды.

Ал енді Күйші Дина, 26 мекенжайындағы жарнамаға мән беріңіз, «Жаңа тауар тусілім!» делінген. Не байқадыңыз? Қазақ тіліне тән «ү» әрпі қор болып тұрғаны өз алдына, «түсілім» сөзінде қате барын айта кеткен жөн. Дұрыс нұсқасы «түсім» болмақ.
Тізе берсек, тапқан қателеріміз жалғаса берері сөзсіз. Бұл – біздің небәрі бір-екі сағаттық жұмысымыздың нәтижесі.

Аян ӘБДУӘЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button