Қоғам

Жетпіс пайызымызды жоғалтып алмайық

«Астана ақшамы» газетінде мамыр айының 31-ші жұлдызында сенатор Сәуле Айтпаеваның балаларды қорғау мәселесіне қатысты шыққан сұхбатын оқыдым. Әңгімеге арқау ретінде сенатор Президент тапсырмасымен Білім беру және Денсаулық сақтау министрліктері «Сандж» қоғамдық қорымен бірлесіп жүргізген сауалнама нәтижесін айтыпты.

«Балалар бос уақытын қалай өткізеді?» деген сауалға 12-15 жас аралығындағы балалардың 30-70 пайызы «ғаламтор, әлеуметтік желіде отырамын» деп жауап берген. Олардың ғаламтордан не көріп жүргенін білмейтініміз анық. Осы кезде барлық жауапкершілік ата-анаға түседі. Ата-ана өз баласын ғаламтор зардабынан қорғай алып жатыр ма? Тым құрығанда әлеуметтік желіде кіммен сөйлесіп, қандай желіге қосылып, не көріп жүргенін біле ме? Сауалнаманың таңқаларлық бір тұсы – балалардың 1,9 пайызы «бос уақытым жоқ» деп жауап берген екен. Сонда балалар күн сайын 24 сағат уақытын қалай өткізеді? Бос уақыты болмайтындай, білім алып, бас алмай кітап оқып жүр ме, әлде еңбекке жегіле ме? Мүмкін спортпен айналысатын шығар? Бірақ бұл күмәнді…
Ғаламтор арқылы виртуалды әлемге үйреніп кеткен бала, шын өмірде ғаламтордан көргенін жасайды. Әлеуметтік желі арқылы алданып, ақша табасың деп құрыққа түсіріп, артынан ол оқиғалар суицидпен аяқталып жатқандары да аз емес. Осы мәселелердің алдын алу үшін, меніңше, баланы қорғауды туғанынан бастау керек. «Ол қалай?» деп отырған шығарсыз, ол – баланы дүниеге келген сәттен мейі­рімге бөлеу, баланың өмірге деген қызығушылығын арттыру. Өсе келе баланы әртүрлі үйірмелерге беру. Солай өскен бала өзіне не керектігін білетін, мақсаты айқын болады. Баланың дұрыс адам болып қалыптасуы тікелей ата-анаға байланысты.
Сондықтан, менің ойымша, балаларды ғаламтор жетегіне жіберіп қоя салмаған абзал. Бүгін балалардың 70 пайызы ғаламторда отырса, бұл балалардың болашағына ел болып бәріміз алаңдауымыз керек.

Жадыра ШЫНАРБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық

университетінің
студенті

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button