Қоғам

«Қара шаңырақ» – ұлттық құндылықтар ұясы

Қара шаңырақ… Осы бір жаныңа жылу беретін жып-жылы сөзге қазақы болмысымызды, ұлттық құндылығымызды, парасат-пайымымызды түгел сыйғызып тұрған қазағымның тілінің қасиетінен айналдым!

Бүгінде «Шаңырағымыз биік, керегеміз кең, еңселі елміз» деп ауыз толтыра айтып жатқанымызбен, қоғамда «әттеген-ай» дегізіп тұрған жайттар аз емес. Келеңсіз, сүреңсіз оқиғалар өзегіңді өртейді, намысыңды қайрайды. Етіміз өліп, көзіміз үйреніп кеткені сонша, тіпті тіксінбейтін болды. Қазақ руханиятының «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілуге» шақ қалған кезінде әрекетсіз болсақ, болашаққа қиянат болар.
Осы орайда көп жылдар бойы «қоғамды қалай өзгертуге, не істеуге болады, неге бұлай?» деген ойлар жанымды жегідей жеп, ойымды жинақтай жүріп, дүниеге келген сәбиімдей әлдилеп, жыл сайын ойымды пісіріп, жұмырлап, «Қара шаңырақ» деген жобамды жарыққа шығардым. Осы жылдың тамыз айында елордамыздағы Сарыарқа ауданының әкімі Ерғали Егембердінің қолдауымен, Мырзагелді Кемел, Жамбыл Артықбаев сынды ағаларымыз бастаған ұлт жанашырларының талқысына салдым.
«Қара шаңырақ» жобасы бірауыздан қолдау тауып, бүгінгі таңда Сарыарқа ауданы әкімдігі жанында қанатқақты жоба ретінде өз жұмысын бастап кетті. Бізге қолынан келген көмегін жасап, қолдау көрсетіп отырған Сарыарқа ауданы әкімдігінің қызметкерлеріне алғысымыз шексіз!
Жас жұбайларға арналған «Жас отау» айдары жүйелі түрде әр сәрсенбі сайын жүргізіліп отыр. Нәтижесі де жаман емес. Болашақта осы жастарымыздың жұбайлық өмірлерін сырттай қадағалап, статистика жүргізбекпіз. Ол үшін WhatsApp желісінде топ та ашып қойдық. Бұл шараның басталғанына небәрі бір ай ғана болғанына қарамастан, жиырма екі жұпқа жанға жайлы, өзара үйлесімді жағ­дайда әңгіме-кеңес жүр­­гізілді, инстраграмда, фейс­бук­те арнайы парақшалары ашылып, жүйелі түрде ақпарат жарияланып отырады. «Жас отау» айдарының мақсаты – жас жұптарға отбасылық өмірдің қалыптасу кезеңінде барынша моральдық-психологиялық көмек, қолдау көрсету.Отбасылық өмірде ұлттық құндылықтардың маңызы зор. Ұлтымыздың тәлімді тәрбиесі тұнығымен сусындаған адам некеге де асқан жауапкершілікпен қарайтыны сөзсіз.
Әр отбасы – мемлекеттің бір бөлшегі. Отбасындағы келеңсіздіктер мемлекетке де әсер етеді. Қазіргі қоғамда белең алған жасөспірімдер арасындағы суицид, зорлық-­зомбылық, жастар арасындағы ажырасу, рухани азғындаудың күн өткен сайын көбейіп отырғаны баршаға аян.
«Қара шаңырақ» жобасы қазір осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін тек бас қосып жатқан жұптар ғана емес, сондай-ақ отбасылық өмірдің ыстық-суығына көне алмай, түрлі себептермен ажырасуға бел буған жұптармен де жұмыс жүргізуде. Сондағы ойымыз – отбасылардың бүтіндігін мейлінше сақтап қалу, балаларды толық отбасында өсу бақытынан айырмау.
«Жас отау» отбасылық орталығы кеңесінің тұрақты мүшесі – Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының басшысы Қарлығаш Хожамұратова келген жұптарға үнемі ері мен әйелінің арасындағы сыйластық, отбасындағы ердің қадірі, әйел­дің орны туралы құлаққа жағымды, көңілге қонымды әңгімелер айтады. Бұған қоса, «Жас отау» отбасы­лық орталығының Ақылжан Қарақойшин, Бердібек Хабай сынды азаматтардан құралған алқалы кеңесі бар.
Ал осы жоба ұйымдастырушыларының бірі Баян Ахатаева өз кезегінде бала­лардың толық отбасында өсіп, тәрбиеленуінің аса маңызды рөлі туралы, толық емес отбасы балаларының ішкі психологиялық моральдық күйзелістері мен салдары жайлы айтып, жастарға ақыл-кеңесін беруде.
Біздің жобамызға қызы­ғушылық танытып, қатарымызға қосылып, өз үлесін қосқысы келетін жандар бар екенін қуана айтып өткім келеді. Өткенде біздің жоба жайлы естіп: «Қалалық емханада жұмыс істеймін. «Дәрігерлердің кеңесі» айдарын ашайық» деген ұсыныспен Жанар есімді сіңліміз келді. Әлеуметтік желідегі жазбаларымызды оқып, жер-жерден қызығушылық танытып, филиалдарыңызды ашыңыздаршы деп жатқан оқырмандарымыз да бар. Әр жазбамыздың астына қалдырылған пікірлерге қарап, қоғамның рухани сусап тұрғанына көзіміз жетіп отыр. Сондықтан да «Қара шаңырақ» қоғамға қажет жоба дегім келеді.
Әр отбасы мықты болса, Отан мызғымайды. Бастап­қыда біреудің жеке өмірі сияқ­ты болып көрінгенімен, оның ар жағында тұтастай ұлттың тағдыры жатқанын әркез мойындауымыз керек.
«Қара шаңырақ» жобасының мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпы­адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу, ұлттық тәлім-тәрбие негіздерін, мемлекеттік идеяның негізі болып отырған патриотизмді насихаттау, ұлттық құнды­лықтар мен мәдени мұраларды қайта жаңғыртып, жас ұрпақ санасына сіңіру.
Міндеті – мәдени-әлеуметтік өзгермелі жағдайдағы ұлттық тәрбиенің діңгегі – ана тілі болып қалатынын негіздеу; қазақ тілі мен тарихын, мәдениеті мен ділін, салт-дәстүрі мен дінін құрметтеу рухында жастардың ұлттық интеллектуалдық мінез-құлқын қалыптастыру; бүгінгі қазақ елінің индустриялық-инновациялық жүйесінің дамуын қамтамасыз ететін жоғары парасатты ұлттық сипаттағы белсенді іс-әрекетке тәрбиелеу; білім және мәдени-рухани тұрғыда басқа өркениеттермен бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету; қоғам мен адам, адам мен табиғат қарым-қатынасының өрке­ниет­тілік сана-сезімін ұлттық рухта қалыптастыру.
Жобамыздың аясы кең. Түрлі бағыттары бар. Алдағы уақытта «Әкеге қарап ұл өсер», «Қызым саған айтам…», «Жас ата-ана мектебі» атты балабақша, мектеп, оқу орындарындағы жастармен жұмыс, сонымен қатар пәтер иелері кооперативтерімен бірлесіп, көпқабатты тұрғын үйлердің аула өміріне де ұлттық нақыш бере отырып, әр үй маңынан «Қазыналы қария» атты ақсақалдар кеңесін, «Әже тәлімі» сынды орталықтар құру жоспарланып отыр. Ұлттық мәдениет пен өнерді, ұлттық ойындарды, ұлттық спортты насихаттауға да өз үлесімізді қоспақпыз. «Қара шаңырақ» аталатын порталымызды ашпақпыз. Тіпті телеарна мен радиода да ұлттық құндылықтарды насихаттайтын бағдарламалардың ашылуына мұрындық болғымыз келеді.
«Қара шаңырақ» жобасы – бұл ұлттық болмысымыздың көрінісі, ата-бабаларымыз аманат етіп кеткен мол тәжірибені, санамызға етене жақын құндылықтарымызды дәріптеу мен насихаттау, бүгінгі қоғамға бейімдеу арқылы ұрпақ тәрбиелеуді қалыптастыру.
Ұлттық құндылықтарға негізделген отбасылық инс­титуттың мәртебесін көтеріп, іргетасы мықты отба­сылардың құрылуына ықпал етпекпіз. Отбасылар берік болса, мемлекетіміз де өркендеп, дамитыны анық.
Олай болса, «Қара шаңырақ» қанатқақты жобасының екі аяғын тең басып, жүріп кетуіне тілектес болыңыздар, қолдау көрсетіп, ойымызға ой қосыңыздар, ағайын!

Тұрар ШӘКЕН,
тарихшы, этнолог,
«Қара шаңырақ»
жобасының авторы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button