Қоғам

Қарттардың қамқоршысы

Астана қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүрген Есболат Дүйсенов жетпіс жасқа толып отыр. Жетпіс мыңнан астам ардагері бар ұйымның жұмысын жүргізу – жеңіл емес. Қарттардың кез келген жағдайымен баратын орындары осы. Солардың әрқайсысының мұңын тыңдап, шамалары келгенше көмектесуге тырысатындар да осы ұйымның қызметкерлері. Бұдан жеті жыл бұрын бұл мекемеге қызметке орналасқан Есекең соларды ұйымдастырып, шешуін табуға күш салумен келе жатыр. Ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен Есболат Қасымұлының өткен өміріне көз тастайықшы.

esbolat-umit-foto

1961 жыл. Тамыз айының ортасында Ақкөл аудандық білім беру бөлімінің бұйрығымен бұдан бес жыл бұрын өзім бітірген Кеңес орта мектебіне директордың оқу өндірістік саласын басқаратын орынбасары және физика пәнінің мұғалімі болып орналастым. Мектеп әкімшілігі басқа сыныптармен қоса, қазақтың тоғызыншы сыныбына физика пәнінен сабақ беруді тапсырды. Алғашқы сабаққа кіргенім әлі есімде. Алдымда менен небәрі бес-алты жас қана кіші ұлдар мен қыздар отыр. Жоғары сынып оқушыларының әдеті ғой, жаңа жас ұстазды сынай отырып, оның әлсіз жағын табуға тырысып, сол арқылы мұғалімді билеп алғылары келеді. Солай бір-бірімізді байқап жүрдік. Біраз уақыттан кейін белгілі болды, он жеті оқушының жеті- сегізі тәуір оқиды екен. Солардың ішінде беделі жоғары, аз сөйлеп, көп істейтін белсенді жігіттердің бірі Есболат Дүйсенов деген оқушы болды. Жұпыны киініп, интернатта тұрып жатты. Екі жыл қатарынан физика пәнінен менен дәріс алды.
Оныншы сыныпта оқып жүргендерінде, тек қана осы сынып оқушыларымен ғана қой бағуға бару туралы үгіт-насихат жұмыстары жүргізіле бастады. Бұлармен қатар орыс сыныбы да болды, бірақ оларды қозғаған жоқ. Ол кезде бұған мән бермедік. Кейін байқап қарасақ, сол кездегі идеологияның құйтырқы саясаты – қазақ балаларының жоғары білім алуларына кедергі жасау, ол кезде жоғарыдан төмен қарай негізгі басшылық орындарда орыстілділер отырды. Сонымен он үш баланы көндіріп, қой бағуға жіберді. Қазақ балаларын көндіруде сіңірген «еңбегі» үшін сынып жетекшісі мараппатталды. Қой бағуға баратындардың ішінде Есболат та болды. Екі жыл жапан далада қой бағып, алған білімінен қарайып қалмау үшін тұрақты түрде дайындалып, ауыл шаруашылығы институтына түседі.
1970 жылы еңбек жолын бөлімше зоотехнигінен бас­таған Есекең өзінің білім­ділігімен, ұйымдастыру қабі­летінің жоғарылығымен қыз­мет баспалдағымен жоғары көтерілді. Бір жылдан кейін Бұланды ауданының Амангелді кеңшарының бас зоотехнигіне тағайындалады. Шаруашылық он мың қара мал бордақылап, жылына төрт-бес мың тонна ет тапсырып тұрған. Мал бордақылаудың негізгі ауырлығы – бас зоотехниктің мойнында. Сол кезде облыстық партия комитетінің мүшесі болып сайланған. Бұл да
Есболат Қасымұлының еңбегін бағалағанның бір белгісі және оған деген сенім.
Сілеті ауданы Ерейментау мен Ақкөл аудандарының шеткі кеңшарлары мен екі рудниктен құрылды. Жер аймағы жартылай шөлейт, тек мал ша­руашылығын дамытуға негізделген. Мал шаруашы­лы­ғын жандандырады деген ниетпен Есболат Дүйсеновті аудандық Ауыл шаруашылығы басқармасына бас зоотехник етіп жібереді. Мұнда да екі жылдан кейін басқарманың орынбасары, содан кейін басшысы болып он сегіз жыл еңбек етеді. Осы уақыт ішінде ауруға ұшыраған төрт түлік малды оңалдырып, шеттен он төрт мыңдай құнажын әкеліп, асылдандырып, малдың өсімін жақсартуға бар күш-жігерін, қайратын жұмсайды. Ауданға үш жүз елу түйе әкеліп, оны бес жүзге жеткізеді. Аудан соңғы сегіз жылында мал өнімдерінің жоспарын орындауға қол жеткізеді. Сілеті ауданы жабылғаннан кейін, зейнетке шыққанға дейін Бұланды ауданының бес кеңшарының бас директоры, Атбасар ауданындағы М.Горький кеңшарының, Целиноград ауданындағы «Оразақ» ЖШС директоры қызметтерін абыроймен атқарады. Былайша
айтқанда, Есболат Қасымұлы қырық жылға таяу уақытта Ақмола облысының мал шаруашылығын дамытуға қомақты үлесін қосты деп айта аламыз.
Зейнетке шыққаннан кейін де бүгінгі күнге дейін Астана қалалық Ардагерлер кеңесі басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді. Бір жылда дүние есігін ашып, бала кезінен бірге өсіп, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары отау құрған зайыбы Үмітпен төрт бала өсіріп, тоғыз немере сүйіп отырған белді де беделді отбасы. Үміт Әлібекқызы да көп жылдар медицина саласында қызмет атқарып, бүгінде қоғамдық жұмыстар атқарып жүрген жан. Қазір Астана қаласында «Алаш аманаты» қазақ хорының мүшесі.
Есболат Қасымұлы сырт көзге қарапайым болғанымен, ісіне тиянақты, адал, өз ісінің маманы екендігі байқалады. Қызметтің қай саласын атқарса да, қажыр мен қайратты, міндет пен парызды әрқашан қатар ұстап, бүкіл саналы өмірін халық игілігі үшін аянбай еңбек етуге арнап жүрген азамат.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ, ардагер-ұстаз

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button