ЖаңалықтарҚала мен Сала

ҚАРУЛЫ КҮШТЕР КӨРМЕСІ

Баурайы ғаламдық деңгейдегі байрақты бәсеке мен алуан түрлі форумдардан босап көрмеген Астанамыз тағы бір маңызды шараның шымылдығын түруге дайындалып жатыр. Бұл – Қорғаныс министрлігі ұйымдастырғалы отырған халықаралық KADEX-2016 (Kazakhstan Defence Exposition) қару-жарақ және әскери техникалар көрмесі. Әлем алдында Алаштың айбынын тағы бір мәрте асқақтатқалы отырған осынау уақиға 2-5 маусым күндері елордада өтеді.

IMG_8811

Негізгі экспонаттары заманауи әскери техника мен қару-жарақ болып табылатын көрменің басты мақсаты – отандық кәсіпорындардың мүмкіндіктері мен келешегін Қазақстан Қарулы Күштері және басқа да әскери құрылымдардың сұранысына сәйкестендіру. Сондай-ақ, үздік қорғаныс өнеркәсібі бар компаниялармен байланыс орнатып, шетелдік сарапшылармен пікір алмасу да – аталмыш шараның басты миссиясы.
Астана халықаралық әуе­жайының әскери секторында өтетін көрмеге Қытай, Түркия, Германия, Канада, Корея, Франция және Ресей сынды 35 мемлекеттен 200-ге жуық әскери техника өндіретін компания қатысуға ниет білдірген. Сонымен қатар, біздің елдің атынан тағы 100-ге тарта отандық кәсіпорын құрлық әскерлері мен әскери-теңіз күштеріне арналған қару-жарақ пен әскери техниканың әуе шабуылынан қорғаныс жүйелері, арнайы мақсаттағы IT-технологиялар және байланыс жүйелері, тылдық және басқа да әскери техниканың алуан түрін паш етуге дайындалуда.
Солардың бірі – «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясының жалпы әс­керлерге, арнайы мақсаттағы жауынгерлерге, сондай-ақ, әскери полицияға арналған «Арлан» атты брондалған дөңгелекті машинасы. Сынама барысында үздік нәтижелер көрсеткен жол таңдамайтын бұл техника лаңкестік шабуыл­дар мен қолдан жасалған бомбалардан толық қорғалған. Радиотолқындарды «жұтып алатын» қосымша функциясы тағы бар. Дөңгелектерін оқ тессе де, емін-еркін 50 шақырымды жүріп өте алатын бронды техниканың ұзындығы – 6,5 метр, биіктігі – 3 метр, жылдамдығы сағатына – 120 шақырым, ал жалпы салмағы – небары 10 тонна. Соған қарамастан қосымша 18 тоннаға дейінгі жүкті тасымалдай алады.

KADEX-ДЕРЕК:

KADEX (Kazakhstan Defence Exposition) қару-жарақ және әскери техникалар көрмесі – Қазақстан Қарулы Күштері қорғаныс әлеуетінің дамуы мен артуына орасан зор септігін тигізіп отыр. БАҚ деректеріне сенсек, 2010 жылы өткен көрме нәтижесінде 1,5 млрд АҚШ доллары мөлшерінде 10 ұзақ мерзімді құжат жасалды. Оған 156 компания, оның ішінде  86 отандық компания қатысты. Ал 2014 жылы көрме барысында қол жеткізілген уағдаластық негізінде 2,6 млрд АҚШ доллары сомасында 31 ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойылды. Қатысушы компаниялардың саны 300-ге дейін, оның ішінде отандық компаниялардың саны 92-ге дейін ұлғайған. 

IMG_8751

Бұдан бөлек, отандық қор­ғаныс саласында өзіндік қолтаңбасы қалыптасып келе жатқан «Семей инжиниринг» зауыты да көрмеге қызу әзірленуде. Компания таяу аралықта Т-72, Жаяу әскердің жауынгерлік машинасы (ЖӘЖМ-1) мен БТР-7 бронды транспортерлерін жасап шығаруды көздеп отыр.
Көрмеде «Қазақстан ин­жиниринг» ұлттық ком­паниясының құрамына кіретін «С.М.Киров атындағы машина жасау зауытында» шығарылатын мамандан­дырылған өнім ұсынылады. Бұл зауыт негізінен теңіз суасты қаруын, теміржолдың қозғалмалы құрамын жобалау мен даярлауға, сондай-ақ, Қорғаныс министрлігінің қажеттілігіне арналған аза­маттық өнім мен жоғары тех­никалық бұйымдар шығарып келеді.

IMG_8776

Ел назарына ұсынылатын шетелдік заманауи қарулар:
Түркия:
Көрмеге Түркияның жетекші «ASELSAN» қорғаныс компаниясы қатысуға ниет білдіріпті. Әскери байланыс саласында радар және радиоэлектрондық жоғары технологиялық жүйелерді ұсынатын болады.
Канада:
«Viking Air Ltd» әлемдік дәрежедегі әуе-ғарыштық компаниясы «Series-400» 19 орындық әуекемесін ұсынады. Жалпы мақсаттағы турбо бұрандалы ұшақтар шығарудағы көшбасшы саналатын канадалық компания дәстүрлі әуе кемелерінің әлемдік паркіне арналған жабдықтар шығарады.
Франция:
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Франция мем­лекетінен келген мамандар «MBDA» компаниясы шығарған жерүсті, теңіз және әуе жүйесіне арналған өнімнің түр-түрін ұсынбақ.
Ресей Федерациясы:
Қару-жарақ пен оқ-дәрілер жасауда 85 жылдық тәжірибесі бар ресейлік «КБП» және «Вологда оптика-механикалық зауыты» компаниясының Т-90, Т-80У, БМП-3, БТР-80, МТ-ЛБМ бронды техникаға арналған атысты басқарудың көп арналы тұрақтандырылған жүйелері көрсетіледі.

Отандық әскери техника демекші, «KADEX-2016» көрмесінің басты жаңалығы – шарада «КамАЗ»-дың базасында жасалған сүңгуірлерді автономды қамтамасыз ететін жылжымалы станса мен «Қа­жымұқан» деп аталатын ға­жайып мұзжарғыш катердің сызбасы болады деп күтілуде. Бұл станса айлақтан және жүзу құралдарынан 40 метрге дейінгі тереңдікте диверсиялық күштерге қарсы іс-қимыл шараларын орындау кезінде сүңгуірлерге суасты операцияларын жүргізуге жағдай туғызады. Ал ғажайып кеме өзендерде, су қоймаларында және Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі қалыңдығы 30 сантиметрге дейін жететін мұзға қарамастан патрульдік қызмет атқара алады. Экипажы 4 адамнан тұратын бұл қару түрі автономды түрде 5 тәулікке дейін қызмет ете алады. «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының құрамына кіретін «Гидроприбор» зауытының тұңғышы болғалы отырған осы катер алдағы бірнеше жылда пай­далануға беріледі. Тапсырыс беруші – Қазақстан ҰҚК Шекара қызметі.
Көрмеге қатысатын қазақ­стандық кәсіпорын қатарында «Семей инжиниринг», «Зенит» Орал зауыты», «Тыныс», «С.М.Киров атындағы машина құрастыру зауыты», «Қазақстан Парамаунт инжиниринг», «Қазақстан Aselsan инжиниринг» бар екенін айта кетейік. Олар экспортқа корабльдерге қажетті түрлі торпедоларды, кеме гидравликасын, авиациялық қажеттіліктерді, қазіргі заманғы жылу құра­лдарын, көздеу линзаларын, түнгі көру аппараттарын ұсынатын болады.

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ

Көрме ұйымдастырушысы – «Қазақстан ГИС орталығы» АҚ президенті Әйгерім Стамбекованың мәліметінше, қа­тысу­шылар үшін барлық жағдай жасалатын болады. Көрме аумағында 14 интерактивті тақ­та, оның 10-ы па­вильон­дардың ішінде орналасады. Компьютермен біріктірілген диагоналі 46 өлшемді мультитач сенсорлық экрандар болады. Дисплейді басқан кезде интерактивті картада межелі орынға келетін бағыттар көр­сетіледі, сонымен қатар, ол арқылы көрме нысандары, компаниялар мен секторлардың орналасу ретімен таныса аласыз.
Баспасөз орталығы мен көрме штабына LED-дисплейлер, сенсорлы панель, ауданы 9 шаршы метр­лік бейнетақта қон­дырылады. Көр­ме­нің барлық аума­ғында Wi-Fi нүктелері жұ­­мыс істейді. Сонымен қатар қатысушылар мен қо­нақтар үшін кез келген уақытта көрменің орналасқан жері туралы, басқа да егжей-тегжейлі ақпаратпен қамтамасыз ететін «KADEX-2016 мобильді қосымша жасалған. Жүйе «Wi-Fi Kadex» желі­сіне қо­сылғанда автоматты түрде жүктеледі.

Атақты KADEX көрмесі елімізде алғаш рет 2010 жылы ұйымдастырылған болатын. Тұңғыш көрменің ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркияның сол кездегі президенті Абдолла Гүл қа­тысқан.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button