Білім

Қашықтан оқытудың да артықшылығы бар

Пандемияға байланысты 2020 жылы барлық оқу жүйесі онлайн тәртібінде қашықтан оқыту жүйесіне көшкен болатын. Алғашында бұл жүйемен оқыту қиындық тудырғаны рас. Әсіресе, мұғалімдер мен оқушылар үшін біраз кедергілер кездесті. Жалпы онлайн-оқытудың артықшылығы мен кемшілігі туралы №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Қаламқас Қабдрашит­қызы пікірімен бөліскен еді.

[smartslider3 slider=1980]

Коронавирус пандемиясы кезінде мұғалімдер мен оқушыларға қиындық туғаны рас. Әсіресе, мұғалімдерге салмақ түсті деп айтар едім. Себебі кезекші сыныптарға сабақ бердік. Одан бөлек, екінші ауысымда онлайн оқитын сыныбымыз болды. Яғни әр сабақты бір күнде 3 рет бердік. «Ата-ана-бала-мектеп» осы үштік одақ бірлесіп, жұмыс істедік. Мектеп басшылығы осындай кезде әр педагогқа түсіністікпен қарап, жағдайымызды реттеді. Әр ұстазға және көпбалалы, аз қамтылған отбасы балаларына техникалық құрылғылар және роутерлер берілді. Сондай-ақ цифрлық сауаттылыққа қатысты мұғалімдерге мектеп әкімшілігі арнайы курстар ұйым­дастырып, қадағалады. Бастапқыда әбден үйреніскенше кемшіліктер де болды. Мәселен, платформаларға үйрену кезінде балалар мұғалімнің, мұғалім балалардың дауысын естімей қалған сәттер болды. Кейде техникалық себептермен оқушылар сабаққа қосыла алмаған сәт те болды. Мұндайда сол қатыспаған оқушымен жеке жұмыс жасадық. Әрбір оқушы назардан тыс қалмады. Онлайн-оқытуда Zoom, Microsoft Teams, Classroom платформаларын тиімді деп айтар едім. Себебі үй жұмысы жүктеледі, кімнің орындап-орындамағанын қадағалай аламыз, кері байланыс жасалады. Арнайы журналы да бар. Онлайн оқыту дәстүрлі оқытуға қарағанда мұғалімдерге екі есе ауырлау болды. Сабақ беруден бөлек, күнделікті дәптер тексеру, тапсырма жазу, сабаққа көрнекіліктер дайындау және онлайн оқитындар үшін слайд жасау сынды жұмыстар болды. Дегенмен онлайн білім беруде аз да болса тәжірибе жинадық. Сабақ өтудің әртүрлі тиімді жолдарын үйрендік. Бірақ бірінші сынып оқушыларына бұл форматты қолдануға қарсы болар едім. Себебі бұл жастағы оқушылар мектеп қабырғасында білім алып, қарым-қатынасты үйренгені дұрыс. Бұл өз кезегінде психикасына да әсер етеді. Ал онлайн-оқудың артықшылығы – ата-ананың да, оқушының да цифрлық сауаттылығын арттырды. Цифрлық жүйеге көшуге дайындықты нығайтты. Барлық адам цифрлық жүйеде жұмыс істей алды. Кемшілігі деп уақыт тапшылығын айтар едім. Себебі әр оқушы платформада 20-30 минуттан артық отыра алмайды. Яғни ­қарым-қатынас жасауда бұл кедергі болғаны рас. Дәстүрлі оқытуда білім толық беріледі. Өйткені оқушы жұптық, топтық жұмыс жасайды, ойын еркін жеткізеді, т. б.

Қашықтан оқытуды күрделі процесс деп санамауымыз керек. Қазіргі заманда бәрі де қолжетімді әрі мұғалім міндеттері жеңілдетілді деп айтар едім. Тек дұрыс материалды таңдап, оқушылармен байланыс үзбеу қажет. Қорыта келе айтарым, қашықтан оқыту жүйесінің рөлі қазіргі таңда білім саласы үшін маңызды. Өйткені қашықтан оқыту арқылы оқушылар да, мұғалімдер де әлемдік ақпаратпен байланыса алады, білімін шыңдап, өзін дамытуға мүмкіндігі мол.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button