Білім

Бейім мен бәсеке

Кез келген елдің қарыштап алға дамуы, биік белестерді бағындыруы білімге байланысты екені анық. Олай болса үздік шәкірттер тәрбиелеу, өз ісіне шебер мамандар даярлау – қоғамдық күнтізбеде алғашқы орындардан көрініс табатын мәселе.

[smartslider3 slider=1979]

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғау­шы күші болуға тиіс» деп баса айтқан болатын. Бұл сөздердің жаны бар. Себебі қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын кезең. Тек сауатты ел ғана әлемдік аренада көш бастап, өзінің басымдығын көрсете алмақ.

Осы орайда біз заманауи үлгідегі, қоғамға қажетті мамандар даярлау барысын басты назарға алып, студенттеріміздің жан-жақты білім алуына бар жағдай жасаудамыз. Алдағы уақытта тағы да қосымша мамандықтар ашылып, білім беру барысын одан әрі тереңдету тәсілі жүзеге асырылатыны белгілі. Себебі ел Президенті білім беру барысын қайта реформалауды тапсырып, нарықтың сұранысын қанағаттандыратын мамандарды көптеп дайындау қажеттігін алға тартқан болатын.

Қазіргі таңда елімізде медицина саласын дамыту барынша қолға алынған. Білікті мамандар даярлаудың маңыз­дылығы пандемия кезінде көрініс тауып, ең маңызды мамандықтардың бірі ретінде медицина саласы қызметкерлері екені айқын көрініс тапты. Сол себепті карантин кезінде болашақ кадрлардың көптеп дайындалуы сөз болып, алдағы жылдары мамандар санын арттыру қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі ретінде талқыланды.

Әрине, ел іргесіне індет енген кезде ең алдымен ақ халатты абзал жандарға ауыртпалық түскені белгілі. Тіпті аурудың бел ортасында жүргендіктен, дәрігерлердің өзі сырқатқа душар болып, еріксіз жоғары оқу орындарының үздік студенттерін мемлекет жұмысқа тартуға мәжбүр болды. Бұл, әрине, қазіргі таңда медициналық білім берудің бір жолға қойылғандығы мен оқу ордаларындағы білім сапасының көңіл қуантатынына байланысты, әлі қолына диплом алмаса да, білгір маманға айналып үлгергендігінің дәлелі.

Мемлекет басшысы өз кезегінде алдағы уақытта медицина саласына қомақты қаржы құю қажеттігін баса айтты.

«Бұл қаражат инфра­құры­лымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмек­пен қамтамасыз етуге жұмсалуға тиіс. Фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлу қажет. Вируспен күрес кезінде дәл осы сала еліміздің бәсекеге қабілеті мен қауіпсіздігі үшін маңызды екеніне көзіміз жетті. Сондықтан медицина өнімдерін Зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құруымыз керек. Жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықты жандандырған жөн» деді Президент өзінің Жолдауында.

Білім саласын жақсарту барысында ең алдымен сапаға мән берген жөн. Көп маман даярлау басты мақсат емес, болашақта өз кәсібінен нәсіп табатын, ел әлеуетін арттыратын тұлғалар тәрбиелеу ең негізгі алғышарттардың бірі болмақ. Бұл мәселені де Мемлекет басшысы тілге тиек етіп, білім беру ұйымдарының сапасын қатаң бақылауға алып, қазіргі таңда қоғамда жүзеге асырылып жатқан ірі бизнес салаларына қандай мамандар тапшы екенін айқындау қажеттігін қаперге алуды ұсынды.

«Білім саласы туралы айтар болсақ, айналып келгенде, әңгіме оның сапасына келіп тіреледі. Нарық нақты бір сала мамандарын талап етсе, ал біздің Білім министрлігінің нормативтік талабы басқа. Егер қазіргі нарық сұранысы белгілі бір сала маманын талап етсе, соған сай сіздер де өзгеріп отыруларыңыз керек» деді ­Қасым-Жомарт Тоқаев ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде.

Оған қоса, қазіргі таңда білім беру барысын жақсарту мақсатында ұстаздардың еңбегі жоғары бағаланып, оларға лайықты сый-құрмет көрсетілуде. Жалақыны көтеру, жаңа кадрлар даярлау, біліктілігін арттыру тәрізді мәселелер күн тәртібінде алғашқы орындарға қойылған. Мұның бәрі мұғалім мәртебесін одан әрі биіктетіп, өз ісіне жауапты, шыңдалған шәкірттер тәрбиелейтін, ел дамуына сүбелі үлес қосатын педагогтардың қызметін арттыруға бағытталған.

Әрине, кез келген жаңашылдық – жарқын болашақтың кепілі. Болашағымыздың асқақ болуы үшін басты назар бүгінге аударылуы тиіс. Білім – барлық дүниенің бастауы. Олай болса еліміздің гүлденуіне атсалысатын, озық елдермен терезені теңестіретін білікті мамандар, білгір ұстаздар қауымы көп болсын!

Бибіжамал ОМАРОВА, т. ғ. к., доцент, «Астана» медицина ­университетінің

кафедра ­меңгерушісі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button