Басты ақпарат

Қасиеті бөлек қара домбыра

Осыдан 5 жыл бұрын шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық ­домбыра күні болып бекітілген болатын. Содан бері бұл айтулы күн күмбірлі күйдің қоңыр әуе­німен тербеліп келеді.

«Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра.

Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!

Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:

Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана!»

                                          Қадыр Мырза-Әлі

[smartslider3 slider=3377]

Домбыра – көненің көзі, бабадан қалған асыл мирас, құнды қазына, ұлттық рух. Әртүрлі ескерткіштерге, сондай-ақ этнографтардың жазып қалдырған еңбектеріне жүгінсек, домбыра және өзге халықтардың осы тектес аспаптары тіпті сонау орта ғасырларда белгілі болған екен. Демек, домбыра – ғасырлар бойы қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан қастерлі мұрамыз. Оның жаңа мыңжылдықта замана нұрымен қайта жарқырап, әспеттеліп жатқанының өзі – халқымыз үшін үлкен қуа­ныш. Оның үстіне, осыдан сегіз жыл бұрын домбыра күйлері ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мұралар тізіміне енгізілгенін ескерсек, елімізде домбыра күнінің айырықша аталып өтуінің мән-маңызы бөлек.

Домбыра демекші, қазақта домбыраның түрі де, жасау тәсілі де көп. Ғалымдардың айтуынша, бүгінде қазақта домбыраның 20-дан астам түрі бар. Ғалымдардың зерттеуінше, домбыраның жеті түрі жойы­лып кеткен. Домбыраның жасалған материалына қарай аты да ұқсамайды. Ағаштан сырт, шиден, сүйектен де домбыра жасаған шеберлер бар. Қазір электронды домбыралардың түрлері де көбейіп келеді. Үш ішекті, қос басты домбыралар да бар. Бір қызығы, қазіргі домбыралардың пернесі де көбейіп барады. О баста қазақ домбырасы 9 пернелі болған деп айтылады. Әйгілі Өзбекәлі Жәнібеков жазбаларында осындай деректер келтіреді. 2008 жылы Моңғолия археологтары Алтайдың сол елдегі бөлігінен біздің заманымыздың V ғасырына жататын көне аспап табылған. Зерттеушілер оны «ата домбырада» деп атаған. Бұл саз аспабында да 9 перне болған. Сонымен қатар, домбыра түркі халықтарына ортақ көне музыка аспап деуге де болады. Қазақ тіліндегі «Домбыра» сөзі башқұрттарда «домбыра», тәжіктерде «домбурак», буряттарда «домбро», моңғолдарда «домбор», түріктерде «томбра» деп аталады. Ұйғыр тіліндегі «тамбур» атауы да домбыраға жуық. Мысалы, Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерінен тамбур аспабы жайы жазылған. Демек, домбыра туралы зерттеу-зерделеу және оның түркі халықтарына ортақтығы жөнінде әлі де көп ізденіс жасауға тура келеді.

Әрине, ұлттық музыка аспабымыз тек домбыра күні ғана ұлықталып жатқан жоқ. Елордада Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нұрпейісова сынды әйгілі күйшілердің атына көше беріліп, мүсіні қойылғанының өзі – күй мен күйшіге жасалған үлкен құрмет. Ұлттық домбыра күні белгіленгеннен бері бастауыш мектептерде домбыра сабағы қосылып, жас жеткіншектердің қара домбыраның қасиетін біліп өсуіне мүмкіндік жасалғаны да домбыра қасие­тін ұрпақ санасына сіңірудің ұтымды жолы екені айтпаса да түсінікті. Дей тұрғанмен Домбыра күні де науқандық шара ретінде ғана аталып өтетін жағдайдан сақтану керек. Былайша айтқанда, қазақтың киіз үйі, оюлы киім-кешектері мен домбырасы тек домбыра күні, наурыз сияқты күндер де ғана есімізге түспеуі тиіс. Керісінше бұларды бөгенайы бөлек ұлттық мұрамыз ретінде ұдайы насихаттап-дәріптеп отыруды үрдіске айналдыр­ғанымыз абзал. Сонымен қатар, Қазақстандағы домбыра жасайтын шеберлерге де көңіл бөліп, оларға қаржы және үгіт-насихат, саясаттық жақтан қолдау көрсету қажет. Өйткені қазір қолөнер шеберлері барған сайын азайып барады, бәрі нарыққа бет алғалы базарда саны бар, сапасы жоқ домбыралар көбейіп кетті. Тіпті, кейбір домбыра сатушылар арзан домбыраларды Қарақалпақстаннан алдырады екен. Мектеп балаларының қолында жүрген домбыралардың дені осы елден әкелінген. Демек, домбыраға көңіл бөлу шілдедегі бір күнмен ғана шектеліп қалмауы керек. Домбырашы, күйшілерге көрсетілген құрмет шеберлерге де көрсетілсе, олар шәкірт тәрбиелесе, ұлттық өнер үшін артық болмайды.

Әрине, қазақ бар да, күй мен домбыраның қасиетін түсінетін күйші, өнерпаздарымыз бар да, қара домбыраның қалтарыста қалмайтыны анық. Жыл сайын қаншама күйші-композиторлардың өнер кеші үзбей өткізіліп тұрады. Биыл да домбыра күніне орай көптеген мәдени шараларды өткізу жоспарланған. Мәселен, 2 шілде күні Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық кеңесі, қалалық жастар саясаты басқармасы және «Күй анасы» республикалық қорының ұйымдастыруымен «Күй анасы» атанған Дина Кенжеқызы Нұрпейісованың ескерткіші жанында (Абылайхан даңғылымен Күйші Дина көшесінің қиылысы) халқымыздың төл өнері – күйді дәріптеу және жастар арасында насихаттау мақсатында «Күй жәрмеңкесі» (күй тарту сайысы) өтсе, 3 шілде күні «Қазақстан» орталық концерт залында ҚР Президентінің қатысуымен домбыра күніне арналған салтанатты концерт өтеді. Бұл да – домбыраға көрсетілген құрмет.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button