Қоғам

Қазаққа хоспис керек пе?

Қазіргі күнде үмітсіздік шырмауында тек қана онкология аурулары ғана емес, инсульт, ми-қан тамыр аурулары, сал болып төсек тартып, құрт ауруларына шалдыққандар да қалып отыр. Кеселі кеулеген сайын о дүниенің босағасында жатқандардың жамбасы тесіліп, соңғы күндері азаппен өтуде. Олардың ақырғы демін жеңілдетуде денсаулық сақтау саласының дәрмені жоқ, ағайынға артын күтіңіз деп айтқаннан басқа амалы аз.

Десе де, арнайы медициналық көмек беретін орындар туралы айтылып жүр. Елордада тіліміз үйренбеген хоспис салынады деген жоба да бар. Ғаламторға үңіліп отырып, оның латынның hospes пен hospitium – қонақжайлылық деген сөзінен алынғанын білдік. VІ ғасырларда ел кезген діндар дәуіріштерге арналып салынған ғибадатханалардың жанындағы жай екен. 19 ғасырда бұл үрдіс азып-тозып, шаршап-шалдыққан жандардың панасына айналыпты.
Астанада арнайы салынған жайға, санаулы орынға бар­лық үміттенгендердің қолы жетпейтіні анық. Ал адам­шылық жағына келсек, нау­қас болсын, қарттық жеңген қария болсын үзілер демі жақындағанда бейнет көрмей, өз төрінде, өз төсегінде, бала-шағасының ал­дында арыздасып, арғы дү­ниенің есігінен аттауға құқы бар. Тіпті сауалнама бо­йынша мамандар мұндай нау­қастардың 95 пайызы өзі үйінде өлгенін қалайтынын білдіріпті. Сонымен, хоспис қор­даланып қалған жайттың толық шешімі бола ма?

Жоққа жүйрік жетпейді

Жақында елден бір туыстарымыз хабарласты. Онкологиялық ауруханадан шығарып тұрып, дәрігерлер: «Әлі қатты ауырады, бірақ бізге келмеңіздер, жаны қиналса, наркологияға барыңыз­дар» деп «кеңес беріпті». Міне, медицинадан қайран болмағаннан ауру бағу тек жақынының ауыр жүгіне айналады. Алайда дамыған елдерде мұндай жандарға паллиативті көмек деп белгілеп, оның қолжетімділігін қарас­тырған екен. Ондай қыз­мет Қазақстанда да дамып келеді. Алайда паллиативтік көмек ассоциациясының президенті Гүлнара Қоңырова ал­ғашқы медициналық қызмет дәрігерлерінің де бұл туралы білімдері де, біліктілігі де, мүмкіндігі де жеткіліксіз деген қорытындыға келіпті. Сонымен, көбімізді елең еткізген паллиативті көмек дегеніміз не? Бұл науқастың ауруын жеңілдетіп қана қоймай, оның отбасымен де психологиялық жұмыс жүргізу, оларға психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету жүйесі екен.
Елімізде науқасы ауыр жандарға паллиативті көмек көрсету заң бойынша негізделмеген. Заңмен белгіленген стандарттар жоқ, қанша шығын шығарып, қандай науқастарды емдеу қажеттігі және жақын-жуығына қалай қолдау болатыны анықталмаған себепті бұл сала мамандарының қолы байлаулы, мүмкіндігі шектеулі. Дегенмен дәрігерлер мен медициналық қызметкерлерді дайындау жүйесін өзгертуге талпыныс бар деп айтады. Алдағы уақытта дәрігерлерді оқыту курс­тары мен медициналық университеттердің бағдарламасына бұл сала міндетті түрде енгізілетін болады деп жатыр. Алайда ауыр жағдаймен бетпе-бет келгендер мұның игілігін көріп жатқан жоқ. Тіпті нау­қастың беті бері қарамайтынын өзіне қалай жеткізу керек, оның психикалық халін қалай ұстап тұру керек, тағысын басқа мәселеде мамандардың нақты кеңесін ала алмайды. Оны айтатын ешкім жоқ. Ал жақындарының шықпаған жаны ғана.
Қазақтай өсіп-өнген ортада бір науқастың айналасында кем дегенде он шақты туысы болады. Жора-жолдастары мен әріптестері, ауылдастары, басқа да таныстарын айт­пағанда. Паллиативті көмек­тің нақты көмегінсіз, тіпті осындай жағдайлардағы жақынының әрекетін үйлес­тірудегі кәсіби ақпаратсыз ауру күту оңай емес. Басқаша жағ­дайда аурудың көлеңкесі жақын­дарының жанына түседі. Тым аз дегенде, ауруға қарап жаны қиналғанына қарап «мен де солай болып қаламын ба?» деп күйзеліске бой ұрып, жаны қапалы болады. Енді бірі жұмысын тас­тап, аурудың аузына су тамызып отыруға мәжбүр. Бұл ретте ауруды басатын морфин дәріні алу қиындығын айтып отырғаным жоқ.
Алдағы уақытта мұндай қызмет ауру баққандардың да жайын ескеріп, жан ауруы мен тән азабын басатын күшті дәрі-дәрмектерді барынша қолжетімді етудің жолын қарастыру бағытында дамуы тиіс. Бұл болмаса азаппен жан берген жақынның жайы артында қалғанның жазылмас жарасына айналуы әбден мүмкін.

ҚАРЖЫЛАНДЫРУ, МАМАНДАРДЫ ОҚЫТУ ҚАЛАЙ ШЕШІЛЕДІ?

Марат МАМАЕВ, денсаулық сақтау саясаты мен қаржыландыру бойынша сарапшы:

– Өткен 30 жыл уақытта еліміздің денсаулық сақтау жүйесі түрлі реформалаудан өтті. Медициналық көмек түрлерінің сабақтастығын нығайтуға бағытталған, бірақ бұл үрдіс тұрақты қаржы немесе бюджеттік шектеуде жүзеге асып жатыр. Сондай медициналық көмек түрінің бірі – айықпас дертке шалдыққан науқастарға медициналық және әлеуметтік көмек жиынтығы паллиативтік көмек.
Паллиативтік көмектің даму ерекшелігі көп жағдайда оның қаржыландыру көлеміне, қаржыландыру құралдарына, ол қаржыны экономикалық игілікке айналдыратын институционалдық құрылымдардың – аурухана, хоспис, емханалардың жұмысына байланысты. Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының аздығына байланысты бұл көмекті сырқаттардың жартысы ғана пайдалана алады. Біз зерттеу барысында паллиативтік көмекке деген сұранысқа баға бердік. Оның ресми мәліметтерден айырмашылығы болуы да әбден мүмкін. Қазақстанда шамамен 27 мыңға жуық адам паллиативтік көмекке зәру. Олардың денін әбден асқынып, ақырғы кезеңге өткен онкологиялық аурулар құрайды.
Бұл мәселенің үш себебін атап айтсақ, олар келесідей: біріншіден, бізде нарық дамымаған және науқасқа паллиативтік көмекті үйде көрсететін қызмет мүлдем жоқ деуге болады. Екіншіден, ауыр дертке шалдыққан науқастарды күтумен айналысатын туыстарына әлеуметтік жәрдемақы төлеу мәселесі шешілмеген. Үшіншіден, паллиативтік көмек көрсететін арнайы мекемелерде, яғни хоспис­тер мен стационарларда орын жетіспейді.

 

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button