Мәдениет

Қазақстан: кеше және бүгін

Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Қазақстан Респуб­ликасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған тарихи-құжаттық көрме ашылды. Көрмеге жиналғандардыфң назарына ҚР Президенті мұрағаты қорынан алынған материалдар шығарылды.

dsc8695

Бес бөлімнен құрылған көрмеге тәуелсіз Қазақстан іргесінің қалануы мен дамуын көрсететін құжаттар мен фотосуреттер қойылды. «Тәуелсіздік. Алғашқы қадамдар» аталған бірінші бөлімінде Қазақ КСР заңдары мен қаулыларына орын берілген. Онда Президентке қатысты, Мемлекеттік рәміздер мен Конституция жөнінде, Парламент, Қазақстан халқының ассамблеясы туралы заңмен бекітілген құжаттарды көре аласыздар. Соның ішінде сол кездегі БҰҰ Бас хатшысы Хавьер Переса де Куэльярдің атына Қазақстан Президенті жазған БҰҰ-ға қабылдау жөніндегі өтініші көпшілікті сөзсіз қызықтырады.

Ал «Қазақ халқының қасіреті» атауын алған екінші бөлімде өткен ғасырдың отызыншы жылдардағы ашаршылық нәубеті жан-жақты ашылған. Бұл кезеңде ұжымдастыру науқанының кесірінен ауыл шаруашылығы және азық-түлік дағдарысы орын алды. Нақты тарихи құжаттарда бұл жылдары КСРО-да 7 млн адам аштық құрбандарына айналғанын, соның ішінде 1 млн 750 мың қазақ немесе ұлттың 42 пайызы қырылғаны көрсетілген.

«Депортациядан интеграцияға: Қазақстанға ұлттарды жер аудару тарихынан» атты үшінші бөлімде көптеген этностардың елімізге орныққаны туралы айтылады. Тарихтан қазақтар сол ұлттарды жатсынбай, бауырына басқаны белгілі. Ал көрмеге қойылған құжаттар Украинадан жер аударылған халық, кәрістер мен ирандықтарды орналастыру тәртібі туралы сыр шертеді.

Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы төртінші бөлімнен орын алған. Онда майдан жылдарында жұмыс істеген өндіріс ошақтары, ғылыми және мәдени мекемелер туралы жан-жақты баяндалады. Сондай-ақ, сол жылдары Қазақстанға көшірілген зауыттар мен халықты Қазақстан облыстарына орнықтыру құжаттары да берілген.

Бесінші, қорытынды бөлімде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту жөніндегі бастамалары туралы айтады. Онда Елбасының ядролық қаруға қарсы көтерген мәселелер қамтылған. Әсіресе, Семей ядролық полигонын жабу жөніндегі құжаттарда Мемлекет басшысының бұл зор еңбегі сайрап тұр. Полигонға қатысты тақырыпқа 1949-2013 жылдары аралығында қабылданған 65 құжат қойылған. Бұл экспозицияның өзі бес бөлімнен тұрады. Оның бірінші бөлімі «Жасампаздық көшбасшылықтың формуласы» аталса, екінші бөлімде сынақтардың басталғаны туралы айтылады. Үшінші бөлімі ядролық сынақтардың құрбандарына арналған. Төртінші бөлім «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының жұмысы туралы баяндайды. Ал соңғы бөлімі ядролық қарусыз әлемдегі Қазақстанның рөлі көрсетілген.

Қорыта айтқанда, көрме одақ құра­мында болған еліміздің тарихынан бастап, тәуелсіз Қазақстанның жүріп өткен жолын көрсетеді. Соның бәрі 128 құжатта қамтылған.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button