Басты ақпаратМәдениет

ҚАЗАҚТЫҢ ТАҢДАУЫ — АДАМЗАТТЫҢ ТАҢДАУЫ

Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының Съезі бұл — Қазақстанның бүкіл әлемге деген қайырымдылық сыйы
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

«Бейбітшілік пен келісім – адамзаттың таңдауы» тақырыбы аясында өрбіген жиын төрт секция бойынша жүргізілді.

«Орнықты дамуға қол жеткізуде дін басшыларының рөлі», «Дін және мультимәдениеттілік», «Дін және әйел: рухани құндылықтар және заманауи қатерлер», «Дін және жастар» деген тақырыппен талай мәселе талқыға салынды.

«Бүгінгі күні қазақ даласы жоғары руханилық пен ақ тілекті батаның нұрына толыға түсуде. Біз жоғары мақтанышпен Астанада төртінші мәрте бүкіл әлемнің дінбасыларын қарсы алып отырмыз. Соған орай, съезге әлемнің қырық елінен келіпотырған сексен жеті қатысушыға шын жүрегімнен алғыс білдіремін», – деді Президент сөз басында.

Осыдан тоғыз жыл бұрын әртүрлі дін өкілдерінің басын қосатын, бейбітшілікке үндейтін сарай салу туралы айтқанына және ол ниетінің бүгінде орындалғанына тоқталды.

«Бұл Пирамида біздің Қазақстан даласы мен бүкіл әлемде бейбітшілік пен келісім орнауы жөніндегі тілейтін сезіміміз бен дұғамызды Жаратушыға бағыттайды. Бүгін бәріміз әлемдегі бірегей саналатын ғибадатханада бір үстел басына жиналып, Жаратушының барлығымыз үшін жалғыз екенін айтудамыз» деді.

Аталған жиын жаһан үшін алмағайып кезеңде өткізіліп отыр. Президенттің айтуынша, бұған дейінгі съездер де күрделі жаһандық үдерісте ушыққан кезеңде өткізіліп келіпті.

Нақтырақ айтсақ, тұңғыш Съезд дінді халықаралық терроризм мен экстремизм мақсатында пайдаланушыларға қарсы жауап ретінде бас қосуға мүмкіндік берсе, одан кейінгілері Жер шарын қаржы дағдарысы шарпыған тұста өткізіліпті. Бұл жолғысы да әлемде түрлі өзгерістер орын алып жатқан кезеңмен сәйкес келіп отыр.

Бүгінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің жаһандық мәні артып отыр. Жиын халықаралық диалогтың бірегей құрамдасына айналды. БҰҰ, ЮНЕСКО, ИСЕСКО және басқа да бірқатар халықаралық ұйым басшылары, танымал саясаткерлер мен сарапшылар Съезге барынша назар аударуда.

Жаһандық диалог тек халықаралық форум, кездесулермен ғана шектеліп қалмай, оған интерактивті байланыстар арқылы әлем халықтары атсалысып жүр. Осы орайда Елбасы жаһандық толеранттық пен сенімді нығайту мәселелеріне арналған Интернет ресурсты құруды ұсынды.

Оның аясында діни көшбасшылардың интерактивті отырыстарын өткізуді қарастыру қажеттігін айтты.

Сонымен қатар, жоба арқылы Интернет пайдаланушылар үшін тұрақты онлайн форумдар өткізу керектігін жеткізді.

ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығында экономикасы барынша дамыған үш елдің қатарына енді. Этносаралық келісімнің меншікті моделін жасай білді. Сөз арасында Мемлекет басшысы: «Әрбір діннің, атап айтқанда, ислам, христиан, православ, протестант, католик, буддизмнің еркіндігі әрқашан қазақстандық мемлекет тарапынан қолдау тапты.  Сондықтан да біздің қоғамда, міне, 20 жылдан астам уақыт бойы рухани ренессанс үдерісі дамуда. Жаңа мешіттер мен шіркеулер салынуда», – деді.

Әлемдік дін басшыларының Съезінде көтерілген бастамалар әлемдік қауымдастық тарапынан әркез қолдау тауып келеді. Дінбасылардың жиі дидарласуы өркениеттер қақтығысы тұсында әлемнің тығырыққа тірелмеуіне айтарлықтай жәрдемін тигізді. «Мен төртінші Съездің адамзаттың ХХІ ғасырдағы әділдік пен бейбіт тәртіпті қалыптастыруға негізделген жаһандық диалогтағы маңызды бөлігі ретінде тарихқа енетіндігіне сенімдімін», – деді Қазақ елінің басшысы. Елбасының пайымдауынша, болашақта жаһандық қоғамдастықты ислам әлемінсіз елестету мүмкін емес. Сондықтан, әлемнің осы бөлігінде орын алып жатқан оқиғаларға түсіністікпен қарауымыз қажет. Дін көшбасшылары кеңесінің беделі мен әлеуеті орын алуы мүмкін қақтығыстар кезінде үндеулер қабылдауға мүмкіндік береді. Сондықтан, діндар адамдардың құқы мен еркіндігінің сақталуына жаһандық мониторинг қалыптастыру маңызды екені айтылды.

Жиын соңында Президент Нұрсұлтан Назарбаев келесі жылы бірінші съездің өткеніне он жыл толуына орай арнайы Үндеу қабылдауды ұсынды.

Съездің жалпы отырысында сөз алған БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің Бас директоры Қасым- Жомарт Тоқаев БҰҰ Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын толығымен қолдайтынын, Қазақстан елордасындағы дәстүрлі саммитмаңызы бойынша діндер мен конфессиялар өркениеттері арасындағы ғаламдық диалогтың елеулі ықпалды факторына айналғанын айтты. «Қазақстан Президенті аса көрнекті саясаткер және ұлы реформатор ретінде бүкіл дүниежүзінде құрметке ие болып отыр», – деді ол. Сондай-ақ, БҰҰ Бас хатшысыПан Ги Мунның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен съезд делегаттары атына жолдаған жолдауын оқып берді. Бүгін съезд қатысушылары Астанадағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің ашылуы рәсіміне қатысады.

«АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешенін аралап, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ескерткішіне ғибадат етеді. Сондай-ақ осы күндері Астанада «Рухани жарасым» аллеясын ашу жоспарланып отыр.

Дайындаған

Шынар ДОСАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button