SportБасты ақпарат

ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕТІ ҚАЗЫНАСЫ

Лондонда шілденің 27-сінде алауы тұтанған XXX жазғы Олимпиада да өз мәресіне жетті. Бұл байрақты бәсекеде қазақ елі бұрын-соңды жетпеген жетістікке қол жеткізді. Қазақ елінің қоржынында – 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль! Он үш медаль еншілеген Қазақстан жалпы есепте 12-орыннан көрінді. Бұл қазақ спортының дамып келе жатқанын көрсетеді. Лондон Олимпиадасы Қазақстан үшін өте сәтті өтті. Олимпиаданың соңғы күндерінде түсетін медальдар бұл жолы аламан басталғаннан-ақ бірінен кейін бірі келе бастады.

Төртжылдықтың басты бәсекесі басталысымен велоспортшымыз Алек­сандр Винокуров 250 шақырымды 5 сағат 45 минут 57 секунд уақытта жүріп өтіп, алғашқы алтынды олжалады. Александр 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиадада күміс медаль алған болатын. Енді міне 12 жылдан соң Олимпиада алтынын еншіледі. Винокуровтың жеңісті жолын ауыр атлетшілеріміз тамаша жалғастыра білді. Зілтемір көтеруден 53 келі салмақта сынға түскен Зулфия Чиншанло әлем және Олимпиада рекордын жаңартып, Олимпиада чемпионы атанды. Лондон Олимпиадасының үшінші алтынын 63 келіде күш сынасқан Майя Манеза жеңіп алды. Ол жұлқа және серпе көтерудің қорытындысы бойынша 245 келіні көтеріп, Олимпиада рекордына түзету енгізді. Ал 75 келі салмақта Светлана Подобедова жалпы есеп­те 291 келіні бағындырып, ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы атанды.

Сондай-ақ, 69 келіде бақ сынаған Анна Нұрмұхамедова қос жаттығудың қорытындысында 251 келіні көтеріп, бесінші орынға табан тіреді.

Ауыр атлетикадан ерлер арасындағы 94 келі салмақтағы сайысқа қос спортшымыз қатысты. Бұл сында Илья Ильин керемет өнер көрсетті. Жұлқа көтеруде 185, сер­пе көтеруде 233 келіні бағындырған Илья Олимпиада чемпионы болып қана қоймай, көптен бері көбесі сөгілмей келген әлем рекордын да жаңартты. Ол сонымен қатар қазақ елінің тарихында Олимпиадада екі рет чемпион болған алғашқы саңлақ. Осы салмақтағы екінші спортшымыз Алмас Өтешов 7-орынға тұрақтады.

Алтыншы алтынды ел құрамасына жеңіл атлетші Ольга Рыпакова сыйлады. Ольга үш қарғып секіруде 14.98 м-ге секіріп, қарсыластарынан қара үзіп кетті.

Олимпиаданың соңғы күні қазақ халқы үшін сәтті болды. Бұл күні жетінші алтынды қазақ елінің қоржынына бокстан 69 келі салмақта ел намысын қорғаған боксшымыз Серік Сәпиев салды. Финалда ағылшын боксшысы Фре д д и Эвансты 17:9 есебімен жеңген Серік ең үздік боксшыға бері летін Вэл Баркер кубогын да иеленді. Ол – осы ку­бокты алған үшінші боксшымыз. Бұған дейін 1996 жылы Ва­силий Жиров, 2004 жылы Бақтияр Артаев Вэл Баркер кубогін жеңіп алған болатын. Ал 81 келіде Әділбек Ниязымбетов ақтық сайыста Ресейдің соңғы үміті Егор Мехон­цевтен ұтылып, күміс медальді кеудесіне тақты. 91 келіден жоғары салмақта жұдырықтасқан Иван Дычко қола медальге ие болды.

Сондай-ақ, грек-рим күресінде 84 кг белдескен балуандарымыз Даниял Гаджиев, еркін күрестен 66 келі салмақта боз кілемге шыққан Ақжүрек Таңатаров, әйелдер күресінде 72 келі салмақта бақ сынаған Гузель Манюрова мен бокстан әйелдер арасында 75 келіде жарысқа түскен Марина Вольнова қола медальді қанағат тұтты.

Ал ел сенім артқан спортшыла­рымыз Нұрмахан Тінәлиев, Алмат Кебіспаев, Максим Раков сынды спортшыларымыз жүлдегерлер қатарына жете алмай, жарыстан шығып қалды.

2016 жылы Бразилияның Рио- де-Жанейро қаласында өтетін Олимпиадада қазақ халқының сайыпқырандары намысты қолдан бермейді деп сенеміз.

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button