Қала тіршілігі

ЖҰРТ ҚАЛАҒАН ЖҮРГІЗУШІ

Жүзі дөңгеленген, бәкене бойлы, аққұба жігіт ағасы. Бойына шап-шақ жүргізушілік формасы жинақы, жарасымды. Көп те сөйлемейді екен. Аузынан сөз алғаннан, арлан қасқырдың азуындағы бағлан қозыны арашалаған әлдеқайда оңайлау- ау! Бұл кісіні көпшілік танып та үлгерген. Кеше ғана дүбірі басылған Астана тойында ғой, елордалықтардың таңдауы болған Дулат Ахметов. Яғни, біздің шағын мақаламыздағы кейіпкеріміз һәм қаһарманымыз. Ол туралы бүгінге дейін де жазылды, айтылды. Бұдан кейін де жазылуы, айтылуы тиіс деп ойлаймыз. Өйткені, «Астана таңдауының» жеңімпазы әрбірімізге үлгі болуы керек қой. Өзгеміз жақсыға ұқсап бақсақ, ұтқанымыз емес пе?! Олар да өздерінің жеңісін бір сәттік деп ұғынбасын…

№1 автопарктің қызметкері. Шаһар тұрғындарын таң алакеуімнен, іңір батып, көше шамда­ры жанғанша таситын №10 автобус желісінің жүргізушісі. Өзіне тән қарапайымдылығы бар. Әлгінде сөз еткеніміздей, көп сөйлемейді. Содан кейін ғой, «қалай қаһарман болды екен» деген арамдау ойдың орала кететіні. Әдепкіде бақайесепшілердің жеңіске жетіп жататыны бар. Бірақ, «халық қалып айтпайды». Ендеше, қате де таңдамайды. Өз үлгі тұтарын дөп басқан.

«Әкімдік ұйымдастырған байқауда топ жаратыным былай тұрсын, қатысқанымды да білген жоқпын»,-дейді Дулат. Бір әріптесімізге ұнаған, сосын жұрт таңдар додаға есімін қосқан да жіберген. Ал жеңімпаз болғанын жора-жолдаста­ры сүйіншілеп жеткізген көрінеді. Бұл да шынайылық! Әйтпесе, бәз-біреулерді шыққыр көзіміз көріп, керең болғыр құлағымыз естіді, өз-өзін жарнамалап, дауыс жинағанын. Десе де, қаһарманын халық жаңылмай таңдапты ғой…

Бүгінде автобус жүргізушілері мен бақылаушыларының үстінен домалақ арыздар лек-легімен ай­тылып жатады. Бұл келеңсіздік қала әкімінің де алдына жеткенін білеміз. Дулат Теміржанұлының талай әріптестері әлгіндегідей мәдениетсіздіктерінен автопарктен шеттетілгені рас. Кейіпкерімізді әңгіме барысында қажап қоямыз ғой соны айтып, «жүргізушілер жұмыс барысында шылым тартады, өзге әріптестерін былапыт сөздермен сы­бап жатады, бақылаушылардың бей-берекет бақыратындары аз емес, тәртіпсіздері де жетеді» дейміз. Дулат саспайды. Езуімен жыми­ып қана күледі. Жауабы дайын. «Кейінгі жастар ғой. Сабырлылары аз. Автобус жүргізу де оңай емес. Соған алғашында үйренісе алмай­ды ма, қайдам!.. Жүргіншілердің ашу-ызасына жиі ұрынып жатады. Әрине, олар үшін ұяламын. Сонда да білгенімізді үйретуден жалықпаймыз ғой. Бәлкім, маңдайларына екі тиер, үш тиер… Үйренер. Жүргізушіліктің де өз мәдениеті, жолы, тәртібі бар». Ал Дулаттың жолаушылар тасымалының бағытына түскеніне бақандай жиырма алты жыл болған.

Ерейментау өңірінің тумасы елорда Арқаға көшісімен көп ұзамай осында қоныс аударыпты. «99-да келдім. Жат жер емес. Туған өлкеме жақын әрі адуынды алты ай қысы да, бірде қоңыр салқын, бірде аптап ыстық жазы да ұқсас. Сондықтан бо­лар, тез үйреністім, дереу жерсіндім. Астананың қарышты даму үстіндегі тіршілігінің оң қадам басуына аз да болса үлес қосудамын деп ой­лаймын. Менің балаларымның болашағы бас қаламен тікелей байланысты деп білемін» дейді кейіпкеріміз.

Қарапайымдылық – шырқау биіктерді бағындырады. Бұл қағидатты Дулат дәлелдеген. Өз мамандығына құрметпен, ілтипатпен, ыждахатпен қарайды. Сонысымен айналасына үлгі, сенімді. «Көлік басқару – кейбіреулер ойлағандай, оңай емес, жүргізушінің мойнын­да жүз адамның да тағдырының жауапкершілігі болуы мүмкін. Үлкен ұлым осы саланың қиындығына қарамастан, теміржолшы болуды таңдады. Бүгінде ол да қызметінде абыройлы» дейді кейіпкеріміз. «Әке көрген – оқ жонар». Тұңғыш ұлы да түу биіктен көрінсін деген тілектеміз.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button