Мәдениет

Қиын тақырыпқа үстірт дайындық жүрмейді

Астанадағы «Жастар» театрында кезекті премьера өтті. Болат Бекжановтың «Өмір» атты драмасын аталмыш театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай сахналады.

Қазір бір перзентке зар болып жүрген қаншама отбасы бар. Бұл жағдайдан қаншама шаңырақ шайқалып, ортасына түсті. Спектакльге бүгінгі күндері өзекті болып отырған осы тақырып арқау болды. Мұның арты ұлт демографиясы проблемасына апарады. Алайда қойылымда бұл жағы ашылмаған. Ерлі-зайыптылардың басындағы трагедия, адалдық, адамгершілік сияқты асыл сезімдер қамтылса да, спектакль солғын шықты. Драма әлсіз болған соң, қойылым да шикілеу шыққан секілді. Бас кейіпкерлердің – Өмір (Бақыт Хаджыбаев) және Айна (Айнұр Рахипова) ойыны да бізді сендіре алмады.
Өмір – музыкант, жаны нәзік шығармашылық адамы. Айна – ауқатты отбасынан шыққан ару. Олар әу бастан-ақ адасып қосылған сияқты. Жігіттің анасы сырқаттанып, қыздың ағасы көмектескен соң алғашқысы екіншісінің жолына өз өмірін құрбан еткен тәрізді. Алғашқы махаббаты, кейін дәрігер болып жолығатын Санамен (Алтынай Нұрбек) саналы түрде кетіскен.
Жастары ұлғайған кейіп­керлерге қарағанда бозбала Өмірді сомдаған Шыңғыс Жа­қыпбай және бойжеткен Сананы ойнаған Қаламқас Мелісова рөлдерін жақсы алып шықты. Спектакльде екеуі алғаш кездескен шақтағы көріністерден ғана әсер алдық. Бірақ оның да кейбір тұстары биі көп үнді фильмдеріне, Нұрқанат Жақыпбай қойған тағы бір спектакль «Сұлу мен суретші» қойылымына ұқсап кетті.
Адам ата мен Хауа ана туралы аңызда алма жемісі сим­волдық мәнге ие. Режиссер екі қойылымында да осыны қол­данды. «Өмірде» егер бас кейіпкер Сананы таңдағанда кіндігінен ұрпақ өріп, осыншама трагедияға ұшырамас еді деген тұспалды аңғардық.
Қорыта айтқанда, спектакль қозғайтын тақырыбы жағынан ұтып тұр. Ал бас кейіпкерлерді сомдайтын актерлердің ойыны көңілден шыға қоймайды. Оқиғаның өрбуін де ширатып, драманы толықтыру керек. Бәлкім, дайындыққа аз уақыт бөлініп, актерлер рөлдеріне кіре алмаған болар. Осындай психологиялық тұрғыдан ауыр қойылым үлкен дайындықты қажет етеді. Біздің түсінгеніміз, спектакльдің қайта қарайтын тұстары баршылық секілді.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button