Мәдениет

Қонысбай ӘБІЛ, Қазақстанның халық ақыны. ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАУ – ҰЛЫЛЫҚТЫҢ ӨЛШЕМІ

Қашанда қандай да бір елдің даму деңгейіне оның мәдениетіне қарап баға беріледі. Біз өзіміздің өнер шеберлерінің әлемнің қай түкпіріне барса да талғампаз қауымның көңілінен шығып, биік бағасын алып жүргендігін мақтаныш етеміз. Солай десек те, ұлттық өнеріміз өзге халықтардың ерекше қызығушылығын туғызады. Шетелдіктер қазақтың әнші, бишілерінің ұлттық киімдеріне, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан музыкалық аспаптарына қызыға қарайды. Оған қолөнеріміз бен зергерлік бұйымдарымызды, киіз үй мен үй жиһаздарын қосыңыз.
Қазақ – тарихы күймен жазылған, шежіресі шешендікпен өрілген, өмірі әнмен әспеттелген, өнер десе ішкен асын жерге қоятын талантты халық. «Ақ табан шұбырындыдағы» «Елім-айдан» бастап тәуелсіз елдің Әнұранына айналған «Менің Қазақстанымға» дейінгі халықтық туындылар ұлттың басынан өткерген қуаныш, қайғысының сазға айналған жылнамасы іспетті. Сондықтан да, ұлттық өнер туралы әңгіме қозғағанда ақындар айтысын, халық әндері мен күйлерін, терме-толғауларын бөліп алып қарастыруға болмайды.

Қанда бар қасиет жоғалмайды

Қазақ өнерін сөз еткенде әдебиетіміздің ақберен жанры болып табылатын ақындар айтысы бірден ауызға ілігеді. Ғасырдан ғасырға саф алтындай тот баспай жеткен тамаша сөз сайысы тыңдаған жанды таңдай қақтырып, көшпелі саналған халықтың мәдени өресінің биіктігін бірден мойындатады. Алтын бастауын шешендік сөздер мен ауыз әдебиетінен алатын қымбат қазынаның осы уақытқа дейін өз биігінен төмендемеу құпиясы да осында жатса керек.
Айтыс – сан түрлі дарындылықтың синтезі саналатын дара құбылыс. Ол – бір адамның бойынан ақындықты, тапқырлықты, әншілікті, сазгерлікті, әртістік қабілетті бірдей талап ететін бекзат өнер. Сондықтан да бұл салада олжа салу екінің бірінің қолынан келе бермейтіндігі дәлелдеуді қажет етпейді.
Қылышынан қан тамған кеңестік кезеңде айтыстың да үні тұншығып, ұмыт бола бастағандай еді. 1943 жылдан бастап республикалық ақындар айтысының өткізілмеуі – осының айқын айғағы.
1990 жылдар тұсында, тәуелсіздік таңы атар алдында ұлттық өнерді қайта оралтуға деген ұмтылыс айтысты да айналып өткен жоқ. Нау­рыз нақыштарын өрнектеп, терме-толғауын түгендеп, дәстүрлі әндерін әуелеткен арда қазақ алдаспандай айтысымен де сағына қауышты.
Қайта туған қазіргі қазақ айтысының уығын бекітіп, шаңырағын көтеру бақытының менің замандастарыма бұйырғандығын қашанда мақтаныш сезімімен еске аламын. Ол кезде бұрынғы айтыстардың дыбыс, бейне таспалары түгілі газеттерге жарияланған нұсқаларын табу да оңайға түспегені белгілі. Соған қарамастан жадымыздан өше бастаған жауынгер жанрды тірілтіп қана қоймай, оны дамытып, бүгінгі биігіне көтеруге үлес қосқан алдыңғы толқынның еңбегі зерттеп-зерделеуді қажет етеді.
Ол кездегі әрбір айтыстың ерекше құбылыс болып табылғандығын, жетпіс жыл боданда болған халықты оятуда орасан зор рөл атқарғандығын кейінгі ұрпақтың бірі білер, бірі білмес. Ал, сексенінші жылдардағы халықтың айтысқа деген ықыласы мен айтыскерлерге деген құрметін жазып жеткізу қиын. Оны тек көзбен көру керек.
1987 жылы Қарағанды қаласында төрт облыс ақындарының (Торғай-Жезқазған, Қостанай-Солтүстік Қазақстан облысы) айтысында мынадай жүрек тебірентерлік жағдайдың куәсі болдым. Кезекті айтыстың басталуына санаулы-ақ уақыт қалған. Қолдарында билеттері жоқ, сонда да қайтсе де кіруге ұмтылған бір топ көрермендерді тәртіп сақшылары есікке қарай ығыстырып, сыртқа шығарып жатыр екен. Басындағы жаулығы сырғып мойнына түсіп кеткен бір ана ұлттық киімде жүрген мені көре салысымен:
– Балам-ай, осы айтыс үшін қырық шақырым жерден келіп едім, енді көре алмай кеткенім бе? – деп, өкіріп жылап жіберді.
Мен шыдай алмай жүгіріп барып, милиция қызметкерлеріне:
– Жігіттер, бұл кісі менің анам еді, – деп әзер кіргізіп алғаным есімде.
Сол сияқты, 1990 жылы Ташкент қаласында өткен Орта Азия – Қазақстан ақындарының айтысында сол жақтағы қандастардың:
– Жүз сомға бір билет таба алмадық, – дегендері де бүгінгідей көз алдымда.
Ауылдық жерлерде айтыс болатын күні алдын ала хабарланған тойлардың өзінің кейінге қалдырылғандығы жайында газеттерде сан мәрте жазылған еді. Осы орайда «Сол кездегі айтыстың мұншалықты беделге ие болуының себебі неде?» деген орынды сауал туындайды.
Біріншіден, Одақ кезінде айтыс қырық жылдай үзіліп қалғандықтан, халық ұлттық өнерге әбден шөлдеген болатын. Екіншіден, бүгінгі айтыскерлердің алғашқы легі азаттық туралы айтпақ түгілі, ойлаудан қорқатын көпшіліктің ішінде бұғып жатқан сөздерді дәл тауып, елдің жырын жырлап, мұңын мұңдағаны даусыз. Үшіншіден, қазіргі айтыстың туын көтерген тұстастарым Әселхан, Әсия, Есенғұл, Әбдікәрім, Баянғали, Қатимолла, Шынболат, Шорабек және басқаларымыз ешкімге ұқсамайтын мақамдарымызбен, өзіндік сөз саптауларымызбен ерекшеленуге тырыстық. Кейін біздің қатарымызға Ерік, Әзімбек, Айтақын, Серік, Мэлс, Елена, Ақмарал, Жадыра т.б. келіп қосылды. Алдымыздағы Таушан апа, Манап, Көкен, Қалихан, Көкпай ағаларымыз қазақ айтысында ойып орын алған тұлғалар еді.
Ал, енді ең бастысы, олардың жыр жолдары да кесек-кесек болатын, қарабайыр, Арзан сөздерге бара бермейтін. Көкен ағаның талдықорғандық ақынға:
– Арқауы адамзаттың алтын астық,
Қызылшаң нан болмайды шайнағанмен, – деп түйдектете төгуі ерекше ризашылық сезімін тудырған.
Ерік інімнің танымал ақынды жанынан тастамай жүрген қостанайлық айтыскер қызбен:
– Шынымен сөз танитын кісі болсам,
Кем емес ақындығың Ақылбектен, – деп астарлап әзілдесуі қандай тапқырлық!
Сексенінші жылдардағы айтыстың тағы бір артықшылығы – бүгін айтыста көтерілген маңызды мәселелер ертең шұғыл шешімін тауып жататын. Ермактың ескерткішінің алынуы, Эрмитаждағы тайқазанның оралуы, жер-жердегі ономастика саласында кеткен кемшіліктердің жөнделуі, кезінде біз батыл көтерген жайлардың қоғамдық пікірге ұласуының нәтижесі болатын.
Осыларды тілге тиек ете отырып анық көзіміз жеткен бір шындық – қанда бар қасиет қанша кедергіге жолықса да жоғалмайды екен. Бұл халқымыздың ұлылығын ғана емес, айтыстың құдіретін де танытса керек. Сондықтан да бүгінгі айтыстың алғашқы қарлығаштары айтыс туын көтеріп қана қоймай, оның сан саласының (қайым, жұмбақ, өтірік, қыз бен жігіт, түре, сүре айтыстар) жапырақ жайған ағаштай гүлденуіне қомақты үлес қосты. Бұның бәрі аталы сөзге тоқтаған қазақтың ұлтымыздың алдаспандай айтысын қайта оралту арқылы түгендеген ұпайы болып табылады.
Өмірдің бір орнында тұрмайтындығы секілді өнер де үнемі ізденіс, даму үстінде болады. Ол – заңды құбылыс. Қазіргі қазақ айтысы да бұл күнде қанатын кеңге жайды. Бәрінен бұрын айтыстың жыл сайын жасара түскендігі көңіл қуантады. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ айтыскерлер қатарынан көрініп жүрген жас таланттар қатары көбейіп келеді. Сол секілді айтыстың көркемдік деңгейі де арта түсті. Сөз сайысында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан ақындардың бір тобы шоқ жұлдыз секілді іріктеліп шықты. Олардың қатарында Мұхамеджан, Оразәлі, Бекарыс, Айбек, Балғынбек, Айнұр, Сара, Жандарбек, Мұхтарлардың есімдерін ерекше атап өтуге болады.
Әрине, қызыққа адам тойған ба, айтыс көп болса да көрерменсіз болған жоқ. Алайда, қолтығы құрғамаған жүйріктердің кейбіреулері жорғасынан жаңылып, сыр бере бас­тады. Жаны қысылғанда бұрынғы айтыста айтқан сөздерін, кейде тұтас кезектерін қайталап жібергендері де жасырын емес. Оны мәз-мәйрам болып отырған көрермендер аңғармағанымен, қазылар қатарында отырған «айтыстың майын ішкендер» жоғалған малын тапқандай танып жатады. Сонымен қатар, ақындардың халыққа қол соқтырамын деп анайы айтысып, әдептен аттап жататын кездері де кездеседі. Олар қайтсе де бас бәйге алуды мақсат етіп, бұл қылықтарын ерсі көрмегенімен аталы сөзді ардақ тұтқан ұлт ұпайын төмендетіп алатындықтарын естен шығармаулары керек.
Айтыскердің көпшілік көзайымына айналуында айтыс мәдениеті басты рөл атқарады. Үлкенді аға, кішіні іні тұтып, қарындасты қадірлеп, қарсыласының қара басына, ел мен жеріне тіл тигізбей айтысқан ақын қашанда сүйкімді көрінетіндігі де сондықтан. Баяғының балуандары да жығылған қарсыласының басынан аттамаған.
Айтыстың жиілігінен тағы бір тапқан «пайдамыз» қазіргі айтыскерлердің сөз сайысына шығар алдында бір-бірімен келісіп алатындығы да баспасөзде жазылып жүр. «Айтыс тартымды болу үшін солай істеуге мәжбүрміз» деп оны жас ақындардың өздері де мойындайды.
Соңғы жылдары Мәдениет министрлігі тарапынан ақындар айтысын көтеруге байланысты қолға алынып жатқан кешенді шаралар – ұлттық өнерімізді ұлықтауға қатысты батыл қадамдар. Өрелі өнерге мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұндай қамқорлық жас айтыскерлерге де үлкен жауапкершілік жүктесе керек. «Бұралқы сөз күлгенге жақсы», бірақ аталы сөздің орны қашанда ерекше.
Тәуелсіздік тұсында ортамызға қайта оралған баға жетпес байлығымыз – ақындар айтысының өзі шыққан биігінен төмендемеуіне үлес қосу баршамыздың абыройлы борышымыз болып табылады. Сондықтан қолда бар алтынды қадірлеуді ешқашан естен шығармаған абзал.

Өнерлі елдің өрісі кең

Қазақ – әнші, күйші ғана емес, өмірден жиған, түйгені көп философ халық. Айтар сөзін мақалдап бастап, мәтелдеп аяқтайтын, ердің құнын бір ауыз сөзбен шешетін шешен халық. Шетелден келген бір қонақтың: «Қазақтар соқырдың, саңыраудың, ақсақтың кемдігін төбеден түскендей қылып айтпай, көзі зағип, құлағы қағыс естиді, аяғын сылтып басады деп сыпайылап жеткізеді екен. Ал, бір адам қайтыс болған кезде оны естіртулері – өз алдына бір өнер. Мен мұндай мәдениетті халықты, бай тілді бірінші кездестіруім» деп таң қалғаны есімде. Осындай ұлы тілден айрылып қалсақ, кейінгі ұрпақ кешіре қояр ма екен?
Атқа мініп, ер жастанып жүрсе де арттарына мол мұра қалдырып кеткен, басы Қорқыттан басталып, Бұқар жырау, Ақтамберлі, Махамбеттермен жалғасқан терме-толғаулар – біздің ортаймас қазынамыз, ортақ мұрамыз. Таңды таңға жалғап шырқалатын өлең-жырларды, терме-толғауларды ауызша жадында сақтап, бүгінгі күнге дейін жеткізген бабаларымыздың қасиетіне қалай бас имессің! Сол асыл қазыналарымыздың басын қосқан «Батырлар жырлары», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтары өнерсүйер әр қазақтың төріне сән беріп тұр.
Кеңес одағы кезінде жоқтаусыз қалған жыршылық, жыраулық өнердің туған халқына ақындар айтысымен қоса оралуы кездейсоқтық емес, өйткені, ол – бір бұтақтың қатар бүр жарған қос жапырағындай егіз жанрлар. Кезінде қазақ теледидарында қолға алынған «Терме» хабары осы бір ұмыт қалған асылдарымызды насихаттауға үлкен үлес қосты.
Қазіргі таңда термеші, жыршылардың байқаулары, ауыз әдебиетінің інжу-маржандары дастандар мен қиссаларды орындаушылардың конкурс­тары да жиі өткізіліп тұрады. Әзірет Сұлтан мешітінің бүгінгі ақындар жазған термелерге бәйге жариялауы да өте бағалы бастама. Тек осындай бастамаларды жетілдіре түсуге күш салып, жақсы істі жалғастыра түссек, нұр үстіне нұр болар еді.
Қазір эстрада жанрында жүрген әншілердің де халық әндері мен термелеріне бет бұрғандығы байқалады. Бұл ниеттері қуантқанымен осы салада бәрі бірдей табысқа жетіп жүр деуге әлі ертерек. Кезінде «Дос-Мұқасан» ансамблі орындаған «Ауылың сенің іргелі», «Жайдарман», «Он алты қыз», «Ләйлім шырақ» әндерінің деңгейіне қол жеткізу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Сол секілді терме, жырларды тақпақтатып, жарапазан оқығандай сылдырлатып орындап шыққанмен де алысқа бармасымыз белгілі. Бұл орайда майталман музыка мамандарының кеңесі, көмегі ауадай қажет.
Қазір не көп, әуезсіз ән, мағынасыз өлең көп. Соны сахна төрінен орындап, жұлдыз атанып жүргендер көп. Теледидарды қосып қалсаң: «Жан құрбым, қимасыңды қайда қалдырдың?» деп әндетіп жатқаны.
Сондықтан да өнерсүйер қауымның алыстағы алпысыншы жылдардағы әндер мен Шәмшінің шығармаларына деген сағынышын түсінуге болады.
Әрине, ауызды қу шөппен сүрте беруге болмас. Қазақ өнерін сыртқа танытуда «Ұлытау» ансамблінің атқарып жүрген еңбегі бір бөлек. Бағдарламасына әндер іріктеуде биік талап қоя білетін «Мұзарт» тобы талғампаз қауымның көңілінен шығып келеді. Жалпы «Мұзарт» тобын қазақ эстрадасындағы «Дос-Мұқасаннан» кейінгі құбылыс деп айтуға болады. Игі ізденістерімен қуантып жүрген «Жігіттер» тобының шығар шыңы әлі алда деп ойлаймыз.
Алайда, дәстүрлі әншілер арасынан эстрада жанрына ауысу үрдісі де байқалады. Мысалы, халықтың сүйікті әншілерінің бірі Майра Ілиясова соңғы кездері эстрадада берік қоныс тепкендей. Өкінішке қарай, оның кең де иірімдерге толы таза дауысының құдіретін танытуға келгенде гитара үні дәрменсіз секілді. Қайрат Байбосыновтың фонограммамен ән айтып тұрғанын көзге елестету қаншалықты қиын болса, Майраның да дәстүрлі әндегі орны үңірейіп тұр.
Қазір жазба сүйемелден қашып, жанды дауыспен ән айтуға бетбұрыс байқалады. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, дәстүрлі әнді орындаушыларға жағдай туғызып, ұлттық өнеріміздің жандана түсуіне жол ашуды кеңінен қолға алуымыз қажет.
«Тіл өнері дертпен тең» деп санайтын қазақтың аталы сөзімен бірге астарлы әзілі, жарасымды қалжыңдары да ел аузында кеңінен таралып, қаншама жылдар көлемінде естіген жанның жанын жадыратып келеді. Олардың бір бөлігі «Қазақы қалжың», «Деген екен» айдарларымен газет, журналдар беттерінде жарияланып, бүгінгі таңда жаңаша жалғасын тауып келеді.
Қазақтың әзіл-қалжыңын жандандырып, халықтың өзіне қайта ұсынуды мақсат ететін тағы бір топ бар. Ол – күлкі театрлары. Олардың да пайдаланатын құралы – сөз, қайнар көзі – қазақтың қасиетті ана тілі. Кезіндегі Құдайбергені мен Тұңғышбайы, Мейірманы мен Лидиясы, Тоқсыны мен Уәйісі бар «Тамаша» қандай еді, шіркін!
– Биографияң келгенмен,
Географияң келмейді, – деген сөздері ел аузында мақалға айналып кетпеп пе еді?
Ал, қазіргі күлкі театрларын алып қараңызшы. Бар әлдері келетіні – қазақтың қаңбақ шалдары мен аңқау кемпірлері. Өз атасы мен әжелерін мазақ еткенде, жақсыны қайдан алмақшы? Керек болса, олардың образы дұрыс сомдалған ба деген сұрақ та туындайды. Ауылдан шыққан ақкөңіл қарияларды келеке етуге қандай хақысы бар? Немесе сақалды, мұртты «әйелдерден» аяқ алып жүргісіз. Ал, әзілдері қандай, түйеден түскендей. Күлдіреміз деп, бүлдіріп алып жатқаны. Соларға көзінен жас аққанша күліп, қол шапалақтап жатқан көпшілікті көргенде, егер сөз өнеріне деген талғамымыз күлкі театрларының деңгейіне дейін төмендейтін болса, тіл білмейтін мәңгүрттермен жылап көрісіп жүрмейік деген күпір ойға шомдым.
Сан ғасырлар белесінен мазмұнын, маңызын жоғалтпай жеткен мәдениетіміз бен өнеріміздің жарқын болашаққа да жарқырай жетуіне қажетті басты шарттардың бірі – оларға деген құрмет, халықтық салт-дәстүрге деген қамқорлық, ұлттық өнерге деген адалдық. Сонда ғана ұлт ұпайы түгенденіп, ел еңсесі көтеріле түспек.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button