Басты ақпаратМәселе

Қоқысқа көмілген қала

атанбаудың амалы бар ма?

Шетел тәжірибе­сіне келсек, қалдықты мемлекет жинамайды, ұйымдастырады. Бізде бұйрыққа сол компания өзі жинайтыны, өзі өңдеуі керектігі, бұл жұмысты атқаруға қажет құрылғылары болуға тиіс екені жазылған. Ал оны енді ешкім жүзеге асырмайтыны анық.

Лаура Мәлікованың айтуынша, дамыған елдерде қалдықты өртеу технологиясы әлдеқашан жолға қойылған. Мысалы, Дания мен Австрияда қалдықты жағу арқылы энергия алады.

Қазақстан қоқыс полигондарында бүгіндері 120 млн тонна қалдық жиналған. Астана полигонының бірінші ұяшығына жиналған қалдық – 4 млн тонна. Екіншісі де толып жатыр. Оның сұрыптау желісі 300 мың халыққа есептелген. Ал қазір халық саны – 1 млн 400 мың. Сондықтан бар қалдықты сұрыптап үлгермейді, салдарынан қалған қалдық полигонға кетіп жатыр. Оны жағудан басқа жол жоқ. Экологтың пайымынша, қаптама қалдық утильалым есебінен жиналып, қайта өңделуі керек. Басқа қалдықтар тариф есебінен өңделеді. Ай сайын төленетін 390 теңгенің 60%-ы тамақ қалдықтарын өңдеуге жұмсалуы керек. Оны әкімдік ұйымдастырғаны жөн.

Лаура Мәлікова бір реттік пластик ыдыстарға тыйым салуды ұсынады.

«Ұлыбритания бір реттік пластиктерді шығаруға, қолдануға тыйым салып жатыр. Қағаз ыдыстарды да қолданбауымыз керек. Қағаз ағаштан шығады. Бір реттік пакеттерге де үзілді-кесілді тыйым болуы керек» деген пікірде.

Астаналықтар қалдық сатуға кірісе ме?

Жуырда «Жасыл даму» АҚ EcoQolday автоматтандырылған жүйесін таныстырды.

Қазақстан қоқыс полигондарында бүгіндері 120 000 000 тонна қалдық жиналған

«Қалдық жиналған кезде жеке немесе заңды тұлға мобильді қосымша арқылы жүйеге тіркеліп, жиналған қалдықты сататыны туралы өтініш қалдырады. Қалдық көлемі 30 кг кем болмауы керек. Одан әрі коллекторлар өз бағасын ұсынады және қалдық қалыптастырушыдан сатып алады. Коллектор ай бойы жинаған қалдық туралы деректі EcoQolday жүйесіне енгізеді және отандық қайта өңдеушілерге оны сататыны туралы хабарландыру жариялайды. Қайта өңдеушілер жиналған қалдықты сатып алу үшін баға ұсынады. Коллектор көңілінен шыққан сатып алушымен келісімшарт жасайды. Одан кейін жинаушы қалдықтарды тасымалдау жөнінде хабарландыру шығарады. Қалыптастырушы, яғни қалдық шығарушы тасымалдаушыны дербес таңдайды. Сонымен қатар қайта өңдеушіге дейін қалдықты жеткізу туралы шарт жасасады» деді «Жасыл даму» АҚ басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай.

Бір қызығы, халыққа жар салған жүйенің мобильді қосымшасы мен сайты 10 шақты күн өтсе де әлі іске қосылмай отыр.

Лаура Мәлікованың айтуынша, «Жасыл даму» АҚ ұсынған бұл жүйе екі жыл бұрын жасалған және жіті назар аударатын тұсы бар.

Астана полигонының бірінші ұяшығына жиналған қалдық 4 000 000 тонна

«Қаңтар оқиғасынан кейін EcoQoldau жеке мекемеден «Жасыл дамуға» берілді. «Жасыл даму» – салалық министрліктің жанындағы мемлекеттік ұйым. Бірақ «Жасыл дамуға» өткен соң EcoQoldau  жобасы екі жыл тоқтап тұрды. Екі жыл бұрын Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі (ӨКМ) жүйесіндегі проблемаларды талқылап, шешу жолын іздестірдік. Нәтижесінде аудиттің орнына цифрландыру енгізілді. Қалдықтарды жинаумен және қайта өңдеумен айналысатындардан талап етілетін 27-ге жуық құжатты 3-ке дейін азайттық. Қаптама қалдығын жинаушыларға берілетін төлем көлемін өсірдік. Енді ғана іске қосылып жатқан EcoQoldau-дың операторы «Жасыл даму» қалдықтарды жинайтын, өңдейтін жобаларға Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 3%-бен несие бермекші. Егер Астанадан басқа қалалар сұрыптау желісін іске қосуға, контейнер қоюға несие алса, онда оның пайызы тарифке қосылады. Бұл – халықты қанау» дейді эколог. Оның пікірінше, экологиялық мәдениет бірден қалыптаспайды.

«Еуропада алты ай бойы қалдық сұрыптау бағытындағы ақпараттық жұмысты тоқтатып тастау арқылы эксперимент жүргізілген. Сонда жарты жылда жол бойында қалдық көбейе бастаған. Қоқыс қалдығын сұрыптауды қалыптастыру үшін халықпен тұрақты жұмыс істеу қажет. Бір жерге билборд іле салып халық қалдық сұрыптамайды деу дұрыс емес. Халық өзі сұрыптаған қалдықтың, шынымен де, өңделіп жатқанын көруі керек. Бір тетікті баса салып бүкіл мәселені шешіп тастау мүмкін емес. Бұл – күрделі мәселе. Сондықтан ақпараттандыру үздіксіз жүруі керек» дейді.

Тәжірибешіл экологтар қауымдастығы мектеп бағдарламасына экология пәнін міндетті пән ретінде кіргенін қалайды. Бұрындары ЖОО-да болған экология сабағы қайта жаңартылса дейді. Ең бастысы, Мемлекеттік қызмет істер агенттігіне Экология министрлігіне баратын қызметкерлер Экология кодексінен тест тапсыратын тәртіп енгізуді ұсынбақ.

Кім кімді алдап жүр?

Экологтар қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыруда ақпараттандырудың маңызы зор екенін ұдайы айтады. Бұл жұмыс осыдан екі жыл бұрын қарқынды жүргенін Астана қаласындағы №77 «Қошақан» балабақшасы тәжірибесінен көреміз. Балабақша меңгерушісі Ләззат Рахменованың айтуынша, 2019-2021 жылдар арасында балабақшалар мен мектептерде экомәдениетті қалыптастыру бағытында жұмыс істелген. Сол кезде ӨКМ операторы ұйымдастыруымен мектеп мен балабақшаларда ерікті экочеллендж өткен.

«Сол кезде «Менің экомектебім» («Моя экошкола жизни») деген сайт болды. Әрқайсымыз­ға сайтқа кіретін код берілді. Сайтқа істеген жұмысымызды көрсететін фото, видео жүктеп отырдық. Оны комиссия қарайды да, балл береді. Жұмысты көбірек істеген сайын ұпай көбейеді. Өңделетін шикізатты кім көп тапсырса, сол ұжымға ӨКІМ операторы сертификат беретін. Мысалы, бізге 150 мың теңгенің сертификаты табысталды, оған кітап дүкенінен көркем әдебиеттер сатып алдық. Бұл акцияның пайдасы көп еді. Ата-аналарды да жұмылдырдық. «Қошақан» балабақшасы «Қазақстандағы экологиялық білім берудегі үздік ұйым» атанды» дейді.

Оның сұрыптау желісі 300 000 халыққа есептелген

Бүгіндері мұндай акция өтпесе де, «Қошақан» балабақшасы қалыптасқан дәстүрге сай қағаздарды бөлек жинап, қалдық өңдеушіге жеткізіп жүр.

Айтқандай, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев 2023 жылы 19 желтоқсан күнгі Үкімет отырысында қоқыспен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыруға арнап балабақшадан университетке дейінгі оқу бағдарламасы дайындалғанын мәлімдеді. Кезекті брифингте министрден аталған бағдарлама туралы мол ақпарат алмақ мақсатында сұрақ қойдық. Министр аталған іс-шаралар жоспарын басқа министрлік (Оқу-ағарту минис­трлігі) дайындағандықтан, ол туралы ештеңе айта алмайтынын жеткізді. Ашық дереккөзден «Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында экологиялық білім мен тәрбиені дамыту жөніндегі 2023-2029 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары Оқу-ағарту министрлігінің 2023 жылғы 19 шілдедегі №213 бұйрығымен бекітілгенін» анықтадық. Бірақ іс-шаралар жоспарының толық нұсқасы табылмады. Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің көмегіне жүгіндік, жауап мардымды емес: «2020-2021 оқу жылынан бастап барлық жалпы білім беретін мектептерде жылына 9 сағат көлемінде сынып сағаттары Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп ауқымды экологиялық сынып сағаттарын өтетіні, 2021 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Жасыл мектеп» әлеуметтік жобасы» жайлы айтылған. Жыл да, жоспар да сәйкес емес. Сондықтан қалалық 3-4 мектепке хабарластық. Олар экологиялық білім беріп жатқан жоқпыз деп жауап қатты.

«Еуропада алты ай бойы қалдық сұрыптау бағытындағы ақпараттық жұмысты тоқтатып тастау арқылы эксперимент жүргізілген. Сонда жарты жылда жол бойында қалдық көбейе бастаған. Қоқыс қалдығын сұрыптауды қалыптастыру үшін халықпен тұрақты жұмыс істеу қажет. Бір жерге билборд іле салып халық қалдық сұрыптамайды деу дұрыс емес. Халық өзі сұрыптаған қалдықтың, шынымен де, өңделіп жатқанын көруі керек. Бір тетікті баса салып бүкіл мәселені шешіп тастау мүмкін емес. Бұл – күрделі мәселе. Сондықтан ақпараттандыру үздіксіз жүруі керек»

Шетел тәжірибесі қандай?

Әдетте шешімін іздегенде шетел тәжірибесін де назарда ұстаймыз.  Қалдықты қайта өңдеуде Оңтүстік Корея тәжірибесі көңіл аударарлық екен. Бұл елде қалдықтарды басқару туралы заң 1986 жылдан бері жүйелі жұмыс істеп келеді. Аталған заң 2007 жылға дейін 30 рет өзгертіліп, толықтырылған. Бұдан бөлек осы бағытта 10-ға жуық ереже мен жоба-жоспар жүзеге асқан. Дәл қазіргі уақытта қоқысты сұрыптаудың ең тиімді «Төрт жүйесі» жұмыс істеп тұр.

  1. «Қоқыстың мөлшеріне қарай төлем жасау» жүйесі – қайта өңделмейтін қалдықтар мөлшерін азайтуға бағытталған. Кез келген тұрғын өзі шығаратын қоқыстың мөлшеріне қарай түрлі сыйымдылықтағы қоқыс қалтасын таңдайды және соған байланысты жергілікті атқарушы органға төлем жасайды.
  2. «Сұрыптап жинау» жүйе­сі – бұл жүйе бойынша қоқыс қалталары қайта өңделетін және қайта өңделмейтін деп екі түрге бөлінеді. Төлем де қалталардың түріне байланысты жасалады.
  3. «Заңсыздықты әшкерелегендерге сыйақы тағайындау» жүйесі – кез келген тұрғын белгіленбеген орынға қоқыс тастағандарды әшкерелеу арқылы сыйақы алады. Сыйақы мөлшері айыппұлдың 80 пайызынан аспауы керек.
  4. «Қоқыс үйшіктері» жүйесі – қоқысты сұрыптап тастауға арналған арнайы контейнерлер және контейнерлер салынған машиналар маңызды орындарға, саябақтарға, балалардың ойын алаңы мен автотұрақтарға, демалыс орындарына орналас­тырылады. Қайда жүрсеңіз де «қоқыс үйшіктеріне» қалдықты сұрыптап тастауға мүмкіндік жасалған.

Оңтүстік Кореяда кейбір қаптамалардың сыртында оны қай қоқыс контейнеріне тастайтыны жайлы ақпарат беріледі. Ал қалдықты сұрыптамайтындарға қатысты мәселені шешу үшін 2021 жылы айыппұлға қатысты жаңа саясат енгізілді: қоқыс сұрыптамаған адамға салынатын айыппұл 100 000 воннан (33 700 теңге) 1 миллион вонға (337 000 теңгеге) дейін өсті.

Қоқыс полигондарын сая­баққа айналдырған Латвия тәжірибесі де назарымызға ілікті. «URDA» табиғи-технология саябағы (қалдықтар полигоны) бүгіндері экологиялық білім беретін орталыққа айналған. Онда қалдықтардан арнайы музей ұйымдастырылған. Латвияда студенттерімен бірге тәжірибелік іссапарда болған Гүлмира Сатыбалдиеваның пікірін бірге оқиық. Ол – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті Экология кафедрасының меңгерушісі.

«Қазақстанның қоқыс полигондарында қоқыс үйінділері алыстан менмұндалап тұрады, жан-жаққа ұшып жатқан қағаз бен полиэтилен пакеттерінен көз ашпаймыз. Айналасында ұшып жүрген құс та, кеміргіштер де кездеседі. Жанынан көлікпен өткенде жағымсыз иіс қолқаны қабады. Ал Латвиядағы «URDA» саябағын қалдық полигоны деу­ге қимайсыз. Құс қондырмауы үшін арнайы дыбыс шығаратын құрылғы орнатылған, жерасты суын ластамау үшін арнайы төсем төселген, қоқыстар жан-жаққа ұшпауы үшін арнайы материалмен жабылған және оның түсі жасыл болғандықтан көзге оғаш нәрсе байқалмайды. Жиналған жауын-шашын суын тазалайтын құрылғы да орнатылған. Бұл мекемеде бүкіл қалдық сұрыпталып, жинақталып, келесі кәсіпорынға шикізат ретінде сатылымға дайын тұрады» дейді ғалым.

Мәселенің шешімі табыла ма?

Жер шарының «өкпесін қабындырып», жағдайын нашарлатып жатқан фактор өте көп. Соның бірі – қалдықтың қайта өңделмеуі адамзат қолымен жасалып жатыр. Ертеректе көшпелі өмір салтын ұстанған аталарымыз көшіп бара жатып жұртына қағылған қазықты да қалдырмай, суырып кетіп отырған екен. Онысын «Жер бауыры сыздайды» деген бір ауыз сөзбен түсіндіре салған.  Ал біз жүрген-тұрған жерімізге ыдыраса зардабы мың жылға дейін қалатын қоқысты ойланбай тастай саламыз. Сондықтан бұл мәселенің ең негізгі шешімі адам санасына байланысты. Әр адам мейлі ол қызметте, мейлі, ол үйде жүрсін, Жер-ана алдындағы құрметі мен жауапкершілігін сезінсе, көп мәселенің түйіні шешіледі. Ал атқарушы билік не істей алады?

Бұл орайда біріншіден, жүйелі, тұрақты ақпараттандырудың маңызы зор. Бұқаралық ақпарат құралдарына берілетін мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында қоқыс қалдықтарының қайта өңделуі туралы материал­дар жарияланып тұрса…

Екіншіден, Астанадағы жалғыз қоқыс өңдеу зауытының мәселесіне бей-жай қарамай, жетілдіруге инвестиция тарту; Қалдық өңдеу зауыттарының жылдық қуатын арттыру мәселесіне көңіл бөлу.

Үшіншіден, утильалым арқылы қалдық жинаушы мекемелер мәселесіне назар аудару; Олардың жабылуы қалдықтың тасымалдау­сыз қалуынан бөлек, жұмыссыздық мәселесін туындататынын ескеруіміз керек.

Төртіншіден, қалдық сұрыптау мәдениетін қалыптастыру үшін ынталандыруды қолдау, қоқыс қалдығы үшін төлемге жеңілдік қарастыру;

Бесіншіден, қоқыс салынған дорбаны контейнерге салуға ерініп, көше бойына, тұрғын үйлер дәлізіне тастап кететіндерге айыппұл салынған жағдай туралы тұрғындарға хабарлап отыру.

 Майгүл СҰЛТАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button