Денсаулық

Жүрегі мен қолы алтын

Астана қаласындағы №3 көпсалалы қалалық ауруханада 500-ге жуық медбике жұмыс істейді. Оның 80-нен астамы жоғары медициналық білімі бар мамандар, қазіргі уақытта тағы 50 маман оқуын жалғастыруда.

Операциялық медбике – хирургтің оң қолы. Хирургпен бірге ол операцияның барысын бақылайды, нұсқауларды сөзсіз түсінеді, өтініштерді болжайды. Олардың ауруханадағы рөлі айрықша. Бірақ операциялық медбикенің жұмысы үнемі көзге көрінбей, елеусіз қалады. Нау­қастар ақ халатты медбикенің хирургиялық топтың жұмысына қосқан үлесі қаншалықты маңызды екенін біле бермейді.

Сондай мықты мамандардың бірі – Ұлбала Сарымбекқызы әрбір жұмыс күнін таңғы сағат 08:00-де бастайды. Бір сәтте ол операциялық блоктан күлімсіреп шығып келе жатады. Мұның себебі, науқасқа жасалған ота сәтті өтті деген сөз. Оның келесі отаға дейін 20 минуттық демалатын уақыты бар. Одан әрі тағы үйреншікті ісіне кіріседі.

Ұлбала Шутогаева – 23 жылдық еңбек өтілі бар медбике. Ол өзі ісіне ұқыпты, мамандығына берілген адам, әрі өмірде жігерлі де ақкөңіл әйел.  Ақмола медициналық колледжін «Медбике ісі» мамандығы бойынша бітірген. 2022 жылы Республикалық медицина академиясының дипломын алды. 2023 жылы Қазақ ұлттық университетін «Денсаулық сақтау бакалавры» дәрежесімен бітірді. «Бүкіл хирургиялық бригаданың ішінде бірінші болып ота жасайтын бөлмеге медбике кіреді. Біз алдағы операцияның ұңғыл-шұңғылын алдын ала білуіміз керек. Отаға қажетті нәрселердің ұқыптылықпен дайындап, реттеп қоямыз. Процедура кезінде бір секунд та кідіріс болмауы керек. Ота жасап тұрған хирург-дәрігерге қажетті құралдарын жедел, үнсіз беріп, мінсіз қызмет етуге тиіспіз. Операция бөлмесінен соңғы болып шығатын да біз: ол жерді жинаймыз, құралдарды зарарсыздандыруға жібереміз. Барлығын ретке келтіріп, келесі отаға дайындаймыз. Бұл – біздің сүйікті ісіміз әрі жауапты міндет. Адамның денсаулығы мен өміріне араша түсуден артық қандай маңызды нәрсе бар?» дейді Ұлбала Сарымбекқызы.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button