Басты ақпаратҚоғам

Қос жерлесіміз «Құрметті азамат» атанды

Елорданың туған күніне орай бірталай салтанатты іс-шаралар ұйымдас­тырып жатыр. Соның бірі – «Нұр-Сұлтан қаласының құрметті азаматы» атағын беру салтанаты. Кеше осындай шара бас қала әкімдігінде өтті.

– Елорданың туған күніне орай осы қаланың әлеуметтік-­экономикалық дамуына қомақты үлес қосқан, белсенді мемлекеттік және қоғамдық қызмет атқарған жандарға «Нұр-Сұлтан қаласының құрметті азаматы» атағын беру – орынды шара. Бұл атақ мәслихат депутаттарымен, Қоғамдық кеңес мүшелерімен талқыланып, олардың шешімі бойынша осы марапатқа қос азаматтарымыз бірауыздан лайық деп танылды, – деді қала әкімі Алтай Көлгінов.

Жанқиярлы Жаңбыршы 

Құрметті атаққа ие болған азаматтың бірі – техника ғылымдарының кандидаты, ҚР кәсіп­одақтары құрметті белгісінің иегері Жаңбыршы Нүркенов. Ол кісі 1946 жылы 6 шілде күні Целиноград облысы Краснознаменск ауданының Қоскөл ауылында дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін тракторшы болып жұмыс істеді, Целиноград облысы Теңіз ауданының «Баршын» совхозында қой бақты, комсомол-жастар бригадасын басқарды. 1965-1970 жылдары Целиноград ауылшаруашылығы институтында оқыды, оны бітірген соң 1970-1986 жылдары комсомол, партия ұйымдарында
қызмет етті. Целиноград облыс­тық комсомол комитетінің хатшысы, Астрахан партия ауаткомының екінші хатшысы, ауатком төрағасы болып сайланды, Целиноград облыстық партия комитеті мен облатком аппаратында жұмыс істеді.
1986-1997 жылдары өндірісте – Целиноград облысының ауыл шаруашылық сумен жабдықтау топтық жүйесінің құрылысы және пайдалануы бойынша өндірістік бірлестікте. 1997-1999 жылдары – Қазақстан Республикасы Су ресурстары жөніндегі комитеттің Есіл су шаруашылығы бірлестігінің бастығы. 1999 жылдың 25 ақ­панынан бастап «Қалалық су арнасы» трестінің бастығы болды. 2000 жылдың 14 қыркүйегінен бастап «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас директоры болып жұмыс істеді. Оның басшылығымен елорданың сумен жабдықтау және кәріз жүйесін қайта құру, осы кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын нығайту, әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша жұмыс­тар жүргізілді.
Жаңбыршы Нүркенов бірнеше рет аудандық және облыстық Халық депутаттары кеңесінің депутаты болып сайланды. 2000 жылдан бері Астана қаласы мәслихатының үш шақырылымының депутаты болды. «С.Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университетінің Құрметті профессоры» атағын иеленген. Халықтар достығы орденімен, «Еңбек үздігі», «Астана», «Қазақстан Респуб­ликасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Ерен еңбегі үшін» және басқа медальдармен марапатталған.

Парасатты Петухова

«Нұр-Сұлтан қаласының құрметті азаматы» атағымен марапатталған екінші адам – Нұр-Сұлтан қаласының өркендеуі мен дамуына қосқан қомақты үлесі, белсенді мемлекеттік және қо­ғамдық қызметі үшін Еуразиялық медициналық қауымдас­тықтың вице-президенті – Петухова
Надежда Михайловна.
Н.М.Петухова 1953 жылы 24 қыркүйекте Луганск облысының Попасная қаласында (Украина) туған. Целиноград мемлекеттік медицина институтын 1977 жылы бітірген.
Еңбек жолын 1977 жылы Целиноград қаласының № 1 қалалық балалар ауруханасында учаскелік педиатр болып бастаған. Дәрігер-инспектор, емдеу-профилактикалық секторының бастығы, ал 1988-1994 жылдары облыстық денсаулық сақтау бөлімінің туу кезінде көмек көрсету және балалық шақ меңгерушісінің орынбасары; 1994-2012 жылдары
№ 1 қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері болып қызмет атқарған.
Астана қаласы мәслихатының үш шақырылымының депутаты болып сайланды (1999-2012 ж.ж.). 2012-2016 жылдары – Nur Otan партиясы атынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 5-шақырылымның депутаты.
2016 жылдан бастап Еуразия­лық медициналық қауымдас­тықтың вице-президенті болып табылады. Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі. Денсаулық сақтауды ұйымдас­тырудың әлеуметтік гигиена бо­йынша жоғары санатты дәрігері. Медицинаның өзекті мәселелері бойынша халықаралық сертификаттардың иесі.
Н.М.Петухова «Құрмет» орденімен, Қазақстан Республикасының мерейтойлық медальдарымен, «Алтын дәрігер» және
«Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төс белгі­лерімен марапатталған.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button