Қоғам

Құдыққа құлап, қыршынынан қиылды

Ай-күннің аманында 14 жасар астаналық қыз бала қаладағы беті ашық жатқан кәріз құдығына құлап, өлім құшты.

Өткен сенбі күні түстен кейін байланысқа шықпай, хабар-ошарсыз кеткен Аружан Маратованың өлі денесі бір күннен кейін Ө.Жәнібеков пен Р.Қошқарбаев көшелерінің қиылысындағы ашық кәріз құдығынан табылған. Осы оқиғаға байланысты кеше Астана қаласы әкімдігінде брифинг өтті.

– Қазіргі уақытта қылмыстық тексеру жұмыстары жүргізілуде. Оның нәтижесі департамент тарапынан қосымша хабарланады. Астана әкімі Бақыт Сұлтанов қаланың барлық қызметтеріне елордадағы 65 мың кәріз құдығына күн сайын арнайы тексеру жүргізуді тапсырды. Одан бөлек, қаланың коммуналдық қызметтері осыған дейін мыңдаған ашық құдықтың бетін жапқан болатын. Қала бойынша барлық ашық қалған кәріз құдықтары жедел жабылады, – деді Астана қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Эльвира Жүргенбаева.
Оның айтуынша, тек соңғы айдың өзінде қала тұрғындарынан ашық қалған құдық мәселесі бойынша iKomek қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығына 356 шағым түскен. Ал соңғы бір апта көлемінде елордалықтар 214 рет шағымданыпты. Сонымен қатар қала әкімінің кәріз құдығы қақпақтарының ұрлығына қарсы жүйелі шаралар қабылдап, қақпақтар шешілмейтіндей арнайы құлып орнатуды тапсырған екен.
Қапияда қыздарынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан ата-ана мен марқұмның туған-туыстарының атына көңіл айтқан әкімдік қызметкерлері Аружан Маратованың отбасына түрлі деңгейде көмек көрсетілетінін жеткізді. Сондай-ақ енді мұндай жағдайды болдырмас үшін астаналықтарды құдықтар маңынан күдікті адамды байқаған жағдайда, бірден құзырлы органдарға немесе «109» нөміріне хабарласуға шақырды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button