Қоғам

Құшағымыз неге қатты?

Тағы бір өлім. Тағы бір айуандық. Еліміздің абыройын асқақтатқан чемпионымыз, дзюдошы, республикалық және халықаралық турнирлердің жүлдегері Жасұлан Әбиевті көмірдің кезегінде тұрған жігіт пышақтап өлтірді. Қайғылы оқиға Семейдегі Қаражыра көмір кен орнында болған. Куәгерлердің айтуынша, кезекте тұрған екі адамның арасындағы жанжал төбелеске ұласыпты. Қарсыласының ауыр соққыларынан қатты жарақат алған 33 жастағы Жасұлан көз жұмды.

Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті Степной ауылының тұрғыны Ж.Әбиевтің өлімін растады. «Аталған фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-тармағы бойынша (адам денсаулығына қасақана зиян келтіру) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталып, уақытша тергеу абақтысына қамалды. Ол 24 жастағы Семейдің тұрғыны» деп хабарлады полицейлер. Егер аталған бап бойынша күдіктінің қылмысы дәлелденетін болса, ол 12 жылға дейін бас бостандығынан айрылады.
Айтып келмеген ажал тағы бір боз­дағымыздың өмірін қиды. 2010 жылдан бері кәсіби спортта көк байрағымызды биікте желбіретіп, Қазақ еліне олжа салған оғланымыз қыршынынан қиылды. Кімді кінәлаймыз? Қу тірлік үшін талантты ұлдарын өз қолымен өлтіріп жатқан қоғамды ма? Әлде, жан-жүрегі тас болып, айуанға айналған адамды ма? Алтын асықтай Денис Теннің көлігінің айнасын ұрлаған қандықол қылмыскердің пышағынан өлім құшқаны кеше ғана еді. Ендігі кезек Жасұланға келіпті.
Денис пен Жасұланның өлімі өзге спорт майталмандарының қайғылы оқиғаларын еске салды. 2009 жылы 11 тамызда «қазақ Тайсоны» атанған жас боксшы Ермек Серіков жанар-жағармай станциясындағы төбелестен ажал құшты. 2016 жылы 10 қазанда «жынды суға» сылқиып тойып алғандар Петропавлдың түнгі клубтарының бірінде баскетболшы Игорь Нанаевты ұрып өлтірді.
Мұндай масқараның тыйылуы үшін не заң қатаюы қажет, не адам­дардың жүрегіне мейірім оралуы керек…

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button