Басты ақпаратҚала тіршілігі

ҚЫС ӘБІГЕРГЕ ТҮСІРМЕЙДІ

Қыс түспей жатып тосын мінез танытқан қалың қар мен сары аязға байланысты қалада сақтық шаралары күшейтілуде. Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті мамандары күшейтілген режимге ауыстырылып, көше тазалығына жауапты ком­му­налдық шаруашылық қызметі күні-түні қармен арпалысып жатыр.

screenshot_2016-11-16-18-15-58
Кеше әкімдік ғимаратында арнайы баспасөз мәслихаты өткізіліп, төтенше жағдайлар және қала тазалығына жауапты мамандар қаланың қысқа дайындығы туралы баяндады.
«Астана Тазалық» мекемесінің өндірістік-техникалық бөлім басшысы Алтын Нұржұминаның айтуынша, қала тазалығына барлығы 2 928 арнайы техника жұмылдырылып, айналасы екі-үш күннің ішінде 120 мың текше метр қар шығарылыпты. «Қаланы қар­дан тазалау жұмыстары 13 қараша күні басталды. Қазіргі таңда 2 928 ар­найы техника жұмылдырылып, бар­лығы 2 285 адам жұмыс істеп жатыр. Бұл тех­никалардың 739-ы Алматы ауда­ны­на жіберілсе, 563-і Есіл ауданы бойынша санитарлық таза­лық жұ-мыс­­­­тарына қатыс­тырылып отыр. Сары­арқа ауданына да 396 техника жұмыл­­­дырылды. Бүгінде қала көше­­лері қардан толық тазартылып, көк­­тайғақтың алдын алу мақса­тында 3,5 мың текше метр тұз аралас құм қоспасы себілді» дейді Алтын Нұржұмина.
Сондай-ақ, ол биыл қысқы мау­сымдағы оқыс оқиғалар мен санитарлық тазалықты сақтау мақсатында жаңа технология пайдаланып жатқанын мәлім етті. «Айсмелт реагенті» деп аталатын бұл технология көктай­ғақ­тың алдын алады. Әрі артында саз қалдырмайды. «Негізінен ресейлік технология. Бағасы сәл қымбаттау. Алайда мамандар тиімділігі өте жо­ғары деп баға беріп отыр. Биылғы жылы алғаш рет пайдаланып көріп отырмыз. 11-15 қараша аралығында 575 тоннадан астам «айсмелт реа­гентін» септік жолдарға. Нәтижесі жаман емес» дейді А.Нұржұмина.
Жиында Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Барат Дұзақбаев қалалық коммуналдық қызметтердің қыс маусымына да­йындығын тексеру аясында «Қыс-2016» республикалық командалық оқу-жаттығуы басталғанын атап өтті. Еліміздің барлық өңірін қамтитын бұл командалық оқу-жаттығу 16-18 қараша күндері аралығында өтеді.
Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігіне де қатты көңіл бөлінеді. Себебі қыс мезгілінде жеке секторларда қауіпсіздік шараларының сақталмауынан өрт, ыс тию оқиғасы көбейіп кетеді. Жыл басынан бері қаламызда 600-ден астам өрт оқиғасы тіркеліпті. Ыс тиіп, қаншама адам зардап шегіп жатыр. «Тұрғындар пеш жағу барысында қарапайым ережелерді сақтай бермейді. Мұның арты адам өліміне алып келеді. Өкініштісі, олардың арасында жас балалар да бар. Жыл басынан бері ыс тиіп, үш сәби қайтыс болды» дейді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button