Басты ақпаратЕлорда тынысы

Қысқы демалыс қолжетімді ме?

Астанаға қытымыр қыспен қоса қызығы қатар келеді. Қаладан ұзамай-ақ отбасымен демалуға мүмкіндік мол. Сырғанақ теуіп, арнайы орындарда суретке түсіп, серуендеуге қала да әзір. Қыс түссе, әсіресе топ бала жазғы добын хоккей шайбасына алмастырып, ашық алаңқайларға асығады. Осындайда қала тұрғындарының қысқы демалысын түрлендіретін сырғанақтар мен мұз қалашықтары бар. Олар қолжетімді ме? Бағасы қандай?

Биыл қаладағы аудандардың барлығында тұрғындардың жайлы демалысы үшін бар жағдай жасалды. Елордада жалпы саны 30-дан аса орында мұз қалашықтары, айдындары мен шаңғы трассалары салынып, көпшіліктің қолданылуына берілді. Сондай-ақ «Железнодорожный», «Интернациональный», «Мичурин», «Күйгенжар» тұрғын үй алаптары сынды қала шетіндегі елді мекендерге дейін мұз қалашықтары салынып, сырғанақ тебетін орындар әзірленді. «Железнодорожный» елді мекенінде 4 хоккей корты ашылды. «Отау», «Сарайшық» секілді шағын аудандарда, «Нұрлы жол» теміржол вокзалының аумағында да қыстың қызығына бөленемін деушілер үшін сыр­ғанақтар дайын.

Басқа қалалардан көркемдігінен өзге қатты аязымен ерекшеленетін елордада коньки тебуге әуесқой жандар демалыс уақытын мұз айдындарында көңілді әрі тиімді өткізеді. Астана қаласында тұрғындардың талаптарына сай салынған, қажетті технологиялармен жабдықталған бірнеше ашық және жабық мұз айдындары жұмыс істейді. Десек те, барлық жерде емес. Себебі соңғы күндері Астанада аяз қайтып, күн жылына бастады. Салдарынан өзен бетіндегі мұз қабаттарының ойылып кету қаупі күшейді. Елорданың Есілі де «тосын мінез көрсетуде». Оқыс жағдайдың алдын алу үшін Астана қаласының Төтенше жағдайлар  департаменті  «Барыс» спорт кешенінің бойындағы су айдындарында коньки тебуге тыйым салды. Нәтижесінде Алматы ауданындағы Ақбұлақ өзенінің сағасында орналасқан ашық мұз айдыны мен конькиді жалға беру орындары уақытша жабық тұр.

Есесіне аталмыш аудан тұрғындары үшін демалысты қызықты өткізуге арналған орындардың бірі әрі бірегейі Президенттік саябақ бар. Арқаның бет қаритын аязына қарамастан астаналықтар күн сайын көркемдігімен көз арбаған осы қалашыққа қарай ағылады. Демалыс күндері мұнда адамдар қарасы тіптен көбейеді. Себебі қаладағы ең биік сырғанақ – осында. Биіктігі – 15, ал ұзындығы 110 метрлік сырғанағы бар саябаққа Сарайшық пен Ахмет Байтұрсынов көшелерінің қиылысы жағынан келген жөн. Бұл жерде сырғанақ тебуге арналған бір адамдық дөңгелекті жарты сағатқа жалдау ақысы 1000 теңгені құрайды. Былайша қымбат емес, дегенмен 5-6 баламен барса әжептәуір шығын. Саябақта ұзындығы 2 километрлік шаңғы трассасы да орнатылды.

Елордадағы ең үлкен сыр­ғанақ­ биіктігі – 15, ал ұзындығы – 110 метр

Тұрғындардың үлкені де, кішісі де қатар жүрген алаңда алақайлаған бала мен көңіл-күйі көтеріңкі ата-аналар көп. Қызығын көріп, құмарын қандыруға Астана түгілі, алыстан ағылатындар да бар. Солардың бірі – егіз балалармен келген атыраулық Үміт Иманғалиева.

«Балаларымыз нағыз қысты көріп, демалып, ойнасын деп арнайы батыстан алып келдік. Ұлдарым мәз. Енді біздің қалада қар жауғанмен, түске қарай еріп кетеді. Мұны жақындарымызбен хабарласып, естіп жатырмыз. Сондықтан қыста осы елордада боламыз» деді ол.

Алматы ауданында бұдан бөлек, Қазақ елі алаңы аумағында 1500 шаршы метрлік мұз айдыны мен Триатлон паркіндегі демалыс орындары бар.

Ал Байқоңыр ауданының аумағында биыл 5 мұз қалашығы сырғанақтар мен ертегі кейіпкерлерінің мүсіндерімен жабдықталды. Олардың қатарында «Жастар» сарайы, Кемал Ататүрік атындағы саябақ, Абай даңғылындағы «Қаламгерлер» аллеясы мен бірнеше елді мекендер бар. Айта кетейік, «Қаламгерлер» аллеясында сырғанақ тебу тегін. «Жастар» сарайында аумағы 300 шаршы метрді құрайтын мұз айдыны мен 6 метрлік сырғанақ орналасқан.

Сарыарқалықтар үшін қала­лық алаңда конькиді жалға алып тебу бағасы 1500 теңге болса, дөңгелектерді жалға алу құны жарты сағатқа – 1000, бір сағатқа – 1500 теңге. Сәулеті көз тартатын, қыстың сәнін келтіріп тұрған Есіл өзенінің жағалауындағы мұз айдынына келушілердің қарасы қалың. Өйт­кені мұнда сырғанақтан бөлек, қар бетінде жүретін мотоциклдер де бар. Оған сегіз адамға шақталған жұмсақ тіркеме жалғанады. Бұл құрылғымен бір айналым жасау ақысы – 1000 теңге. Көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлерге жеңілдік қарастырылған. Квадроциклмен жүру үшін қалтаңыздан 3000 теңге шығаруға тура келеді. Осы турасында аудан тұрғыны Нұрлан Үмбетов былтырғыға қарағанда бағаның көп өзгергенін алға тартып, тіпті кей жерлерде жалға алмай, өз дөңгелектермен тегін кіргізбейтінін орындардың барын жеткізді. Ал нұсқаушы Қанат Камалов тұрғындардың басым бөлігі демалыс күндері көп келеді дейді.

«Есілдің жағасына келетін адамдар қашан да көп. Сондықтан біз оларды сырғанаққа бір-бірден түсіріп, дұрыс отыр­ғанын қадағалаймыз. Дөңгелектерге екі-үш адамнан отырғызбаймыз. Қауіпсіздікті сақтауға барынша тырысамыз. Алайда біздің алаңда абайсызда жарақат алған балалар болды. Мұндай жағдайда біз «103» нөміріне қоңырау шалып, қызметкерлерді шақырамыз» деді нұсқаушы.

Бас шаһардағы ең үлкен мұз қалашығы ЕXPO көрме кешенінің аумағында орналасты. Мұнда бір емес, екі бірдей мұз қалашығы орнатылды.

Жуырда өткен «Astana Muz Fest» ауқымды қысқы фестивалінің мұз қалашығы биыл көпшілікті ертегі әлеміне бөлеп, естен кетпес көңіл-күй сыйлай алды.  Қызылды-жасылды түрлі гирляндалармен безендірілген орынның әсемдігі ерекше. Ажарына қоса айдыны жарқырап тұрған қалашық 11.00-ден 00.00-ге дейін ашық. Конькиді жалға алу бағасы сағатына 1000 теңге тұрады. Келушілер үшін сырғанақ пен мұз айдындарынан басқа, шай-тамақ ішіп, бой жылытатын бірнеше дүңгіршек бар.

Есіл ауданында «Керуен», «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталықтарының аумағында, сонымен қатар Ботаникалық бақ пен Тұран даңғылы жағындағы Орталық саябақта бірнеше демалыс орындары бар. «Елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру» бағдарламасы аясында Достық көшесінің бо­йында – Мәңгілік ел даңғылынан Тұранға дейін, Сарайшық, ­Қонаев және ­Бөкейхан көшелерінің бойында ағаштар жарықпен безендіріліп, көздің жауын алады.

Айтқандай, қысы ұзақ Астананың қызығы көп. Біреулер үшін сол қызықтың бағасы тиімсіз болар. Бірақ көктемнің шуақты күні жеткенше қысқы демалыс­ты қызықты өткізудің кепілі – ашық алаңқайлар. Аязды күні ақ қырау болып мезгілдің сәні саналатын сырғанақ тепкенге не жетсін?!.

Суреттерді түсірген Сұлтан Сейітов

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button