Басты ақпарат

Қытайда Абай шығармалары кеңінен таралып жатыр

Әкбар Мәжит – қытай қазақтарының арасынан шыққан шоқтығы биік қаламгер, қайраткер. Ол Қытайдың Іле аймағына қарас­ты Қорғас ауданында дүниеге келіп, 7 жасынан қытай тілінде білім алған. Ләнжу университетінің қытай әдебиеті факультетін бітірген. 38 жылдан бері Бейжіңде тұрады. 36 кітаптың авторы. Шығармаларын қытай тілінде жазады. Қазақ тіліндегі бірқатар шығарманы да ханзу тілінде сөйлеткен. Бірқатар басшылық қызметтерді атқарған қаламгер «Қытай жазушылары» атты ең үлкен журналдың бас редакторы қызметін атқарып, кейіннен ҚХР Мемлекеттік сая­си кеңесінің мүшесі болыпты. ҚХР Жазушылар қоғамының тұрақты мүшесі, Мемлекеттік сыйлығының иегері, Кино, телевизия жөніндегі комиссия төрағасының және Кино сценарий қоғамы төрағасының бірінші орынбасары. Қабырғалы қаламгермен жақында Ұлттық аударма бюросының ұйымдас­тыруымен өткен халықаралық конференция кезінде жолығып, сұхбат құрудың сәті түсті.

Қазақ жастарына тәнті болдым

– Әкбар аға, Астанаға қош келдіңіз! Атажұртқа бұл нешінші рет келуіңіз? Осы жолғы сапарыңыз жайлы айтып өтсеңіз.
– Қазақстаннан үнемі шақырту болып тұрады. Жиі келіп тұрамын. Ең алғаш рет 1995 жылы Алматыға келгенмін. Екінші рет 2002 жылы Түркістанда өткен Қазақ құрылтайына Қытай делегациясын бастап келдім. Одан бері де талай мәрте келіп-кетіп жүрмін. Ал осы жолғы келгендегі мақсатым – қазақ әдебиеті Біріккен ұлттар ұйымының 6 тіліне аударылғалы жатқанын білесіз. Бұл жөнінде Қытайдағы Ұлттар баспасы мен осындағы Ұлттық аударма бюросы өзара келісімге келіп, қытай тілі аудармасының бас редакторлығы маған жүктеліп отыр.
– Қазақ елінен соңғы жылдары қандай өзгерістерді байқадыңыз?
– Қазақстан – Орта Азия мен Азиядан Еуропаға дейінгі мемлекеттердің ішіндегі бейбітшілікті ту етіп келе жатқан ел. Төңіректегі көршілерімен де тату. Бұл адамды сүйсіндіреді. Соңғы жылдары Қазақстанның экономикасы, спорты, мәдение­ті жан-жақты дамып келеді. 20 жыл ішінде Астанадай әсем қала салынды. Бұрын Ақмола осындай қалаға айналады деп ешкім ойлаған да жоқ. Одан ке­йін осындағы қазақ жастары жақсы жетіліп келеді екен. Шетінен шет тілдерін меңгерген. Көпшілігі сырт елдерде білім алыпты. Енді, міне, әдебиеті әлемнің 6 тіліне аударылып, одан әрі дами түспек. Бұл үшін өте қуаныштымын. Бұған қолымыздан келгенше атсалысатын боламыз.

Қазақ жазушылары аз ұлттар көшін бастап тұр

– Қазір зейнеттесіз бе? Қытайда зейнеткерлікке неше жастан шығады?
– Ол жақта зейнеткерлікке 60 жаста шығады. Бірақ мен 65 жасымда шықтым. Себебі Қытай
Халық Республикасы Мемлекеттік саяси кеңесінің мүшесі болдым. Ол сіздерше «Парламент депутаты» дегенді білдіреді. Ал кәсіби қызметті, журналдың бас редакторлығын 60 жасымда өткізіп бергенмін.
– Қазақ жазушыларынан кімдердің, қандай шығармаларын аудардыңыз?
– Абайдың қара сөздерін, одан бөлек, арғы жақтағы біршама автордың шығармаларын аудардым. Енді Абайдың өлеңдерін аударып жатырмын.
2013 жылы Қытай Халық Рес­публикасының төрағасы Си Цзиньпин Астанаға келіп, Назарбаев университетінде дәріс оқығанда Абайдың сөздерін аузына алыпты. Ол – менің аудармам. Былтыр Қытайда Шаған мерекесіне арналған сауық кешінде Фың Гоң деген атақты әртіс те өзінің бағдарламасы барысында Абайдың Ақылиясын сөз етті. Оның сол сөзі де менің аудармам. Жалпы, Абайдың шығармалары Қытайда кеңінен таралып жатыр.
– Қытай елінде қазақ әдебие­тінің даму деңгейі қалай?
– Мен Қытай Жазушылар қоғамының Ұлттар әдебиеті басқармасында 10 жыл басшылықта болдым. Оның алғашқы 3 жы­лын­да – басқарма бастығының орынбасары, кейінгі 7 жылында – басқарма бастығы. Сол кезде аз санды ұлттар жазушыларының екі жүздейі ғана Жазушылар қоғамында мүшелікте болды. Соның ішінде қазақ жазушыларының үлесі 10-ға да жетпейтін. Мен ол жерден кеткен кезде Жазушылар қоғамында мүшеліктегі аз санды ұлттар жазушыларының саны 800-ге, қазақ жазушыларының саны 40-қа жетті. Қазір одан да көп. Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарында қазақ тілінде шығатын басылымдар бар. Шыңжаң қазақтарының роман, повесть, өлеңдері көптеп шығып, оның біраз бөлігі қытай тіліне аударылып та жатыр. Сол арқылы қазақ жазушыларының дүние жүзіне тарауға мүмкіндіктері артып келеді. Жалпы, Қытайдағы қазақ жазушылары ондағы аз санды ұлттардың ішінде көш бастап тұр.

36 жылдан бері Бейжіңде Наурызды тойлаймыз

– Бейжіңдегі қазақтар жайлы айтыңызшы. 20 миллионнан аса тұрғыны бар алып шаһарда қанша қазақ тұрады?
– Бейжіңде қазақтардың бірнеше тобы шоғырланған. Соның бірі – Ұлттар баспасында. Онда 1953 жылдан бастап қазақ редакциясы бөлімі бар. Одан кейін ұлттар аудармашылары мекемесінде де қазақ бөлімі жұмыс істеп тұр. Сол сияқты орталық халық радиостансасының да қазақ бөлімшесі бар. Ұлттар институтында 50-жылдардан бастап қазақ кафедрасы ашылған. Қазір ол он жылдан бері қазақ тілі факультетіне айналды. Қазақ бөлімдері бұрынғыға қарағанда көбейіп келеді. Менің ұсынысым бойынша сайтта қазақ тілі беті ашылды. Одан кейін қазақ тіліндегі сайт орталық радио­стансасында, орталық телевизия стансасында да ашылды. Кейінгі жылдары «Ұлттар әдебиеті» журналының қазақша беттері жарық көре бастады. Қазір айына бір рет шығып тұрады. Ол жақта түрлі компанияларда, ауруханалар мен институттарда, ғылыми зерттеу орталықтарында қызмет істеп жүрген қазақ жастары көп. Шамамен Бейжіңде мыңнан аса қазақ тұрады. Оның үстіне, Қазақстаннан барып білім алып жатқан студенттердің өзі 3 мыңнан асады.
1982 жылдан бастап Бейжіңде Наурыз мейрамын үздіксіз өткізіп келеміз. Наурызды мерекелеудің 30 жылдығында әр кездердегі Ұлыстың ұлы күнін тойлағандағы фотосуреттердің жинағын жарыққа шығардық. Бұрындары дастарқан жайылып, думандатып өткізсек, кейіннен реформа жасап, дастарқан жаю­ды, көже ішуді доғарып, сахнада өнер көрсетуді қолға алдық. Нәтижесінде Іле облысы, Алтай, Тарбағатай аймақтарының ансамбльдерін кезек-кезек Бейжіңге шақыртып, сауық кешін өткізіп жүрміз. Мерекелік шараны алаңда, концерт залында, бақшада, клубта өткіземіз. Ке­йінгі жылдары қаладағы қазақтар көбейіп, қазір мекеме қызметкерлері, студенттер өз алдына бө­лек өткізе бастады.

Менің ұсынысым бойынша 4 заң қабылданды

– Саяси кеңес мүшесі-депутат болған кезіңізде қандай ұсыныстар айттыңыз? Олардың қайсысы қабылданды? Соның қатарында Қытайдағы аз ұлттар пайдасына шешілген заңдар болды ма?
– Бейжің қалалық саяси кеңе­сінде 3 қарар, яғни 15 жыл, ал Мемлекеттік саяси кеңесте 2 қарар, яғни 10 жыл мүше болдым. Қалалық саяси кеңесте мүше болғанымда 15 жыл ішінде 284 ұсыныс жасаппын. Оның біршамасы жергілікті заңға айналды. Ал Мемлекеттік саяси кеңес мүшесі болғанымда 150-ге жуық ұсыныс айтыппын. Оның төртеуі мемлекеттік заңға айналды. Соның бірі – 30 қыркүйек күні мемлекеттің азат болуы жолында құрбан болғандарды еске алу күні болып бекітілді. Бұл ұсынысты мен 2010 жылы айттым. Ол 2013 жылы қабылданып, 2014 жылы іске қосылды. Содан бері әр жылдың 30 қыркүйегінде Қытай төрағасы бастаған парти­яның сая­си бюросының 7 мүшесі қаһармандарға арналған ескерткіш мұнарасының алдына барып, тағзым жасайды. Үшіншісі – Мемлекеттік Әнұран заңы. Тудағы жұлдыздардың заңы бұрыннан болса, Әнұран жөніндегі заң болмапты. Ол заң 2017 жылдың 1 қазанынан бастап жүзеге асырылды. Ал 2018 жылдың 1 мамырынан бастап Құрбан болған батырлардың абыройын қорғау заңы қабылданды. Қытайда 56 ұлт бар болса, оның 55-і – аз ұлттар қатарынан. Бірақ аз ұлттардың ішінде 22 аз санды ұлт бар. Олардың кейбірінің саны 100 мыңнан төмен. Мәдениетін, тілін сақтау сияқты аз ұлттардың мүддесін қорғау жөнінде мен 1987 жылдан бастап қызмет істедім.
– Әкбар аға, отбасыңыз туралы аз-кем айтып өтсеңіз…
– Әйелім де жазушы. Теле­фильм­дердің сценарийін жазады. Оның фильмдері орталық телеарнадан кешкі алтын уақытта, яғни сағат 18.00-22.00 аралығында беріліп тұрады. Сол фильмдерінің арқасында Мемлекеттік сыйлық та алды.
Екі ұлым бар. Үлкенім қытай-­жапон ауруханасында дәрігер болып жұмыс істейді. Кіші балам – телевизия саласында. Бұрын Қытай орталық телеарнасында журналист болған. Бірнеше тілде еркін сөйлейді. Біршама фильм түсірді. Тіпті кезінде фильм түсіру үшін Ауғанстан мен Иракқа да арнайы барып қайтты. Өзі өте еңбекқор. Соған орай фильмдері де жоғары бағаланады. Қазір ол – бір телеарнаның бас директоры.
– Әңгімеңізге рақмет!

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button