Руханият

Ақын шай ішкен кесе

Алдағы 9 ақпанда қазақ поэзиясының мұзбалағы атанған Мұқағали Мақатаевтың туғанына 88 жыл толады. Көзі тірісінде қасиетті қара өлеңмен туған халқын әлдилеп өткен ақынның туған күні қазір үлкен мерекеге айналған. Түрлі мәдени орындар мен мектептерде әдеби кештер ұйымдастырылып, шайырдың жырлары оқылып, оның сөзіне жазылған әндер шырқалады. Бүгінде елордадағы Ұлттық музейде ақын тұтынған біраз заттар бар екенін біліп, солардың тарихына тоқталуды жөн көріп отырмыз.

Бұл жәдігерлерді бас мұражайға «Ұлттық музейге сый тарту» шарасы аясында ақынның келіні, халықаралық М.Мақатаев атындағы қордың төрайымы Бақытгүл Айдарова тапсырған. Бізге бұл мәліметті музей қызметкері Ләйла Ноғайбекқызы айтты.
Енді ол қандай жәдігерлер? Соған тоқталайық. Алдымен көзі тірісінде ақынның өзі сатып алып киген костюм-шалбарды көріп, біраз айналшықтап тұрып қалдық.
Ағамыздан қалған тағы бір қымбат жәдігер – 1954 жылы Мәскеуден шыққан «Русско-казахский словарь» жинағы. Бұл сөздікті А.Исқақов, Х.Махмудов, Ғ.Мұсабаев деген авторлар жасаған. Ақын осы жинақты жанынан қалдырмаған дейді. Сондай-ақ, талантты тұлға шай ішкен кесе мен сабы гүлмен өрнектелген қасық та көзімізге жылы ұшырады. Түйіндей келгенде, Ұлттық музейге жолыңыз түсе қалса, ақыннан қалған жәдігерлерді барып көруіңізге болады.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button