Басты ақпарат

Реновация технологиялары

Соңғы жылдары елордада іске асырылып жатқан реновация үдерісі ерекше қарқын алуда. Осы процестің барысында апатты жағдайда тұрған үйлер сүріліп, олардың орнына саябақтар, гүлзарлар және мемлекеттік бағдарлама бойынша көппәтерлі үйлер салынады. Соған орай биыл қаладағы 13 ескі үйде тұрып жатқан 160 отбасы жаңа қонысқа көшіріледі деп жоспарланған. Жалпы, мұндай реновациялық жобалар көп мемлекеттің тәжірибесінде кездеседі. Төмендегі мақалада біз солардың бірнешеуіне тоқталмақпыз.

Ресей: үлкенірек пәтер жеңілдікпен беріледі

2017 жылы РФ президенті Мәскеудегі тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы туралы заңға қол қойды. Алайда жаңғыру үдерісі одан әлдеқайда біраз уақыт бұрын, дәлірек айтсақ, 90-жылдардың аяғында басталған-тұғын. Шаһардың сол кездегі мэрі Юрий Лужков 1959-1962 жылдары соғылған жалпы ауданы 6 млн шаршы метрге тең 1722 үйді сүруге қаулы шығарды. Бұл шара 2010 жылға дейін жалғасты. Реновация үдерісінің екінші сатысында қаладағы ескі, алайда әлі апатты жағдайға жетпеген 7,9 мың бесқабатты үйді бұзу жоспарланды. Апатты жағдайда деп есептелмегендіктен, оларды сүру үшін бірнеше заңға өзгеріс енгізу керек-ті. Осыдан соң реновацияға арналған тың бағдарлама жасау қажеттілігі туды. Оның шарты бойынша сүрілетін үйлердің тұрғындарын дәл сол немесе көрші аудандағы заманауи жобада тұрғызылған жаңа үйлерге көшіретін болды. Сондай-ақ ондағы пәтерлер сапалы әрленген әрі бөлме саны мен ауданы бұрынғысынан кем болмауы керек. Ал үлкенірек пәтерге көшкісі келетіндерге ондай пәтерлерді жеңілдікпен алу мүмкіндігі ұсынылады. Тағы бір айта кетерлік жайт, барлық жаңа орамдар әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етіледі. Яғни автотұраққа қатысты қандай да бір мәселелер туындауы мүмкін деп қауіптену бекер. Мәскеудегі осы реновация процесін толыққанды бітіру үшін тиісті саланың мамандары 20 жыл қажет екенін айтады.

Германия: үйлер сүрілмей, жөндеуден өтті

Немісше реновацияның мәнісі мынада: үкімет тұрғындарды сапалы тұрғын үймен қамтамасыз етуді қалайды әрі оларды үйреншікті инфрақұрылымнан айырғысы келмейді. Осының негізінде 1993 жылы «Шығыс Берлинді реконструкциялау және жақсарту» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оның басты мақсаты ескі үйлерді біржола бұзып тастамай, оларды қайта жөндеуден өткізу еді. Өйткені зерттеу кезінде мамандар әлгі үйлердің қаңқасы сапалы екенін анықтаған. Бүгінде осы реновациялық бағдарламаның аясында жаңартылуы тиіс 270 мың үйдің шамамен 180 мыңына толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 65 мыңының белгілі бір бөліктері жаңғыртылды. Процесс әлі күнге дейін жалғасуда.
Реновация барысында бірнеше ша­қырымға дейін созылатын неміс үйлерінің кейбір секциялары сүріліп, соның нәтижесінде көшелердің ви­зуалды сипаты әдеміленді. Бұрын үйлер ұзыннан-ұзақ етіп салынғандықтан, аулаларға күн түспейтін. Енді ол мәселенің де шешімі табылды. Мұнымен қоса, үйлердің терезелері кеңейтіліп, үй жанынан гүл егуге арналған орындар дайындалды және қоршалды. Бұл, бір жағынан, қаланы көгалдандыру үшін керек болса, екіншіден, бірінші қабат тұрғындарын көше шуынан қорғады. Реновация кезінде ескерілген тағы бір жайт, депрессивті көңіл күй туғызатын сұр түсті үйлердің бәрі ақшыл, көк, кейбірі қызыл түске боялды. Айт­пақшы, Германиядағы реновация аясында үй қабаттарының санын үш-төртке де­йін азайту тәжірибесі де жиі қолданылады. Зәулім үйлерде тұруды аңсайтын тұрғындар саны жылдан-жылға азаюда. Оның себебі де түсінікті: үй биіктеген сайын оны жылыту, сумен жабдықтау, лифтімен қамтамасыз ету секілді қызметтер бағасы да қымбаттай түседі.

Бразилия: реновациялық бағдарлама қылмысты азайтты

Ресми деректер бойынша 2010 жылы Бразилияда 7 млн-ға жуық отбасы апатты жағдайдағы үйде тұрған екен. Тау беткейіне салынған фавелдер елдегі қылмыстың өршуіне де әсер етіпті. Өйткені қаракөлеңке жатақтар есірткі бизнесіне қатысы бар адамдардың кездесу орны үшін таптырмас жер еді. Осы жайттардың бәрі үкіметті мемлекеттегі реновация үдерісін бастауға итермеледі.
2009 жылы қолжетімді баспана құрылысына арналған Minha Casa, Minha Vida («Менің үйім, менің өмірім») атты бағдарлама енгізілді. Оның бірінші сатысында – 1 млн, ал екінші сатысында 2 млн жаңа пәтер бой көтерді. Бағдарлама шарты бо­йынша әлеуметтік тұрмысы төмен кісілерге жеңілдетілген пайызбен несие алу мүмкіндігі берілді.
Аталған бағдарламаның жағымды да, жағымсыз да тұстары бар-тын. 2017 жылы Рио-де-Жанейро тұрғындары арасында жүргізілген сауалнамада респонденттердің тек 10 пайызы ғана Minha Casa, Minha Vida бағдарламасын қолдаған. Ал қалғандары пәтерлер ауданының аздығына, қажетті инфрақұрылымның жоқтығына және жаңа орамдардың алыс­тығына шағымданған. Алайда сарапшылардың пікірінше, аталған бағдарлама жаңа үйге мұқтаж отбасылар санын айтарлықтай кемітуге ықпал еткен. Бұдан бөлек, оның арқасында елдегі есірткі қылмысы да едәуір азайған. Неге десеңіз, тұрғындар фавелдерді босатқан соң, ол үйлер реконструкцияланып, туристерге тартымды мекенге айналған.

Қытай: осал топтардың мүдделері ескерілді

80-жылдардың соңына қарай Қытай астанасындағы үйлердің біразы нашар жағдайда еді. Мысалы, бейжіңдіктердің жартысынан көбінде – ас үй, 60 пайызынан астамында жеке дәретхана болмаған. Пәтер іші де тар: адам басына шамамен 8,7 шаршы метрден келіпті. Бұл проблема, әсіресе, орталық аудандарда қатты сезілген.
Ақыры 1990 жылы қалалық билік орталықтағы апатты жағ­дайда тұрған үйлерді сүру және қайта жөндеу жөніндегі ауқымды бағдарламаны қабылдады. Құжат бойынша босатылған ау­мақтарға көппәтерлі үйлер мен коммерциялық бағыттағы ғи­мараттар салу көзделді. Басты мақсат реновациялық жобаларды қаржыландыратын және іске асыратын девелоперлерді тарту болды. Сондай-ақ муниципалитет қиын жағдайдағы төрт аудан үшін 200 млн юань (сол кездегі курспен – 37 млн АҚШ доллары) бөлді, ал девелоперлер салықтық жеңілдіктер алды.
Бағдарламаның алғашқы ке­зеңінде 710 мың адам өмір сүретін 7,25 млн шаршы метр ау­мақ реконструкцияланды. Соның нәтижесінде пайда болған тұр­ғылықты аудан 15,6 млн шар­шы метрді құрады. Бас-аяғы 10 жылдың ішінде 160 мың отбасы қайта қоныстандырылып, оның жартысына жуығы басқа ауданнан жаңа үйге ие болды. Ал 2001-2005 жылдары 340 мыңдай отбасы үйін жаңғыртты.
Реновация бағдарламасы Пекиннің орталық аудандарындағы коммерциялық ғимараттардың құрылысы мен инфрақұрылымын жақсартуға жағдай жасады. Мұнымен қоса, төменгі әлеуметтік топқа жататын азаматтардың өмір сүру сапасын арттырды. Өйткені бағдарламаның қызған шағында «Қолайлы баспана ұлттық жобасы» қабылданған болатын. Соның арқасында бөлмелер саны артып, санитарлық нормалар ретке келген-ді.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button