Мәдениет

Сахнада самғады

Сенбі күні Астананың 20 жылдығына арналған «Самғау» VI халықаралық театр фестивалінің шымылдығы жабылды. «Жастар» театрында өткен марапаттау салтанатына Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.

Бір апта бойы еліміздің және шетелдің өнер ұжымдары, қазылар алқасының іріктеуінен өткен 12 театр өздерінің репертуарындағы үздік қойылымдарын ұсынды. Биылғы фестивальдің сарапшылары мейлінше әділ шешім шығарды. Бұған жеңімпаздар есімдері мен топ жарған спектакльдер аталғанда көрермендердің қошеметі арқылы көз жеткіздік. Мұны өз сөзінде Е.Аманшаев та атап өтті.

– Мәресіне жеткен «Самғау» фестивалі жаңа есімдерді ашып, жаңа спектакльдерді таныстырды. Барлық жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын! Фестивальге қатысқан театр ұжымдарына әкімдік атынан алғыс айтамын, – деді қала әкімінің орынбасары.

Астана театр қаласына айналды. Мұны осы фестивальде елорда театрларының қоржынына түскен жүлделер санынан-ақ бағамдауға болады. «Үздік спектакль» аталымында топ жарып, бас жүлдені «Евгений Онегин» спектаклімен фестивальге қатысқан М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры иеленді. Ал осы театрдың бас режиссері Бекболат Парманов Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері атанды. Сыйлықты оған фестивальдің құрметті қонағы, Қырғызстанның белгілі драматургі Сұлтан Раев тапсырды. Қ.Қуанышбаев атындағы Мемл екеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры «Қымбатты Памелла» комедиясымен қатысты. Памелланың бейнесін сомдаған Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетова «Үздік актриса» аталымында топ жарды. «Жастар» театрының «Ревизор» трагифарсында жарқыраған Дәурен Серғазинге «Үздік актер» аталымында ешкім тең келмеді.

С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театры «Қарагөз» драмасын ұсынды. Оны сахналаған Фархат Молдағалиев «Үздік режиссер» аталымында жеңіске жетті. Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов «Алдында жүрген ағаның етегін баспа, жолын қу, артында жүрген інінің бетінен қақпа, белін бу» деген аталы сөзді айтып, жас режиссерге жүлдені тапсырды.

Халық қаһарманы, КСРО халық әртісі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Әзірбайжан Мәмбетов атындағы арнайы сыйлықты сахна саңлағының зайыбы, Қазақ КСР халық әртісі Қорлан Қалиламбекова Самарқанд музыкалық-драма театрына (Өзбекстан) тапсырды. Қазылар алқасының арнайы сыйлығын Т.Әбдімомынов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры иеленді. «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» және «Екінші пландағы үздік әйелдер рөлі» аталымдары жүлдесін Қырғызстанның М.Рысқұлов атындағы Нарын облыстық академиялық музыкалық-драма театрынан Темірлан Сманбеков және Альметьев қаласындағы татар мемлекеттік драма театрының актрисасы Мәдина Гайнуллина алды. Жеңімпаздарға тапсырылған мүсіншілер Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлық иегері Ерболат Төлепбайдың эскиздері бойынша жасалды. Бұған қоса, қомақты қаржылай сыйлықтар мен ынталандыру сыйлықтары, барша қатысушы театрларға арнайы дипломдар тапсырылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button