Мәдениет

Ертіс-Баян тарихы таныстырылды

ҚР Ұлттық музейінде «Ертіс – Баянауыл өңірінің тарихы мен мәдениеті» атты Павлодар облысы мұражайларының көрмесі ашылды. Аталмыш көрме Астана әкімі Әсет Исекешевтің бастамасымен елорданың 20 жылдығына арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған «Өткенді еске алу – болашаққа жол» атты елордадағы өңірлер мұражайларының көшпелі көрмелері жобасы аясында өтіп отыр.

Жоба өңірлердің тарихын және мәдениетін зерттеу, Қазақстанның тарихи тұлғаларының өмірі мен шығармашылығымен танысу, Қазақстан қоғамын рухани дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

Павлодар облыстық көркемсурет музейі Бұқар жырау атындағы, Г.Потанин атындағы мұражайлармен бірге академик Қ.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейі экспозицияларын ұсынды. Онда мұражай қорларындағы Абылай ханның ақылшысы Бұқар жыраудың 350 жылдығына, ақын, этнограф, фольклоршы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 160 жылдығына, халық композиторы Естай Беркімбайұлының 150 жылдығына, ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығына және т.б. аса көрнекті тұлғалардың мерейтойларына арналған материалдар таныстырылды.

Жалпы, «Өткенді еске алу – болашаққа жол» жобасына Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының 30-дан астам мұражайлары қатысуда. Павлодар облысынан кейін көрмені Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының музейлері жалғастырады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button