Мәслихат

Сайланбалы құрылым міндеттері сараланды

Елордаға еліміздегі қалалық және облыстық деңгейдегі мәслихаттардың басшылары жиналып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы аясындағы реформаларды іске асыру мәселелерін ортаға салды. Достық үйінде өткен басқосу барысында мәслихаттардың ағымдағы көкейкесті мәселелері мен салалық заңнамаға енгізілмек толықтырулар мен өзгерістер талқыланып, ортақ ұсынымдар мен бағыт-бағдарлар межеленді.

Жиынды ашқан «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев өңірлер елордаға қарап бой түзейтінін, Астана мәслихатының да аймақ мәслихаттарына үлгі етерлік тұстары баршылық екенін айтып өтті. Одан кейін сөз алған Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов бас қаладағы бұл мекеменің жұмысын ұйымдас­тырудағы және жергілікті өкілді органдардың қызметін жетілдірудегі тәжірибесімен таныстырды.

– Біздің қала қарқынды дамып, тұрғын үйді пайдалануға беру, әлеуметтік, мәдени және спорт нысандарын салу артып келеді. Астана халқының саны да артуда, қазіргі таңда 1,4 миллионнан астам адам тұрады. Осыған байланысты Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау процесі барысында елордалық мәслихат депутаттарының құрамын 34 адамға дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды, – деген Ерлан Каналимов Астана мәслихатына партиялық тізімдер бойынша сайланған депутаттардың құрамына тоқталды, Астана мәслихатында нәтижелі жұмыс жүргізу үшін төрт тұрақты комиссия құрылғанын атап өтті.

Астана мәслихаты төрағасының айтуынша, бас қала мәслихаты қалалық әкімдіктің барлық мемлекеттік органдарымен және құрылымдық бөлімшелерімен белсенді өзара іс-қимыл жасайды, әкімдік басқармаларының бюджеттік өтінімдерін қалыптастыруға қатысады. Бюджет қабылданғаннан бір ай бұрын қандай маңызды жұмысқа қаржы бөлу керегін анықтайды.

– Қала әкімдігімен бірлесіп, жақын 3 жылға арналған түрлі саланы дамытудың кешенді жоспарларын әзірлеп, іске асырып жатырмыз. Соның бірі – «Денсаулық сақтау жүйесін дамытудың кешенді жоспары». Оның аясында салынған күннен жөндеу көрмеген медицина нысандарын күрделі жөндеуге қаржы бөлінуін қолдадық. Медицина мекемелеріне қазіргі заманға сай құрал-жабдықтар сатып алынды, дәрігерлер жалақысының және басқа да төлемдерінің өсуіне атсалыстық. Биылдың өзінде бірнеше емхана мен аурухана жаңарып, жаңғыртылды, – деді Ерлан Каналимов.

Мәслихат төрағасы VІІІ шақырылым жұмысының басынан бастап елордада қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауға арналған, 2023-2025 жылдарды қамтитын іс-шаралар жоспары әзірленіп, орындала бастағанын атап өтті. Оған қажетті автокөлік, есірткі заттарын жедел анықтау үшін жабдықтар сатып алу, учаскелік және модульдік полиция пункттерін салу, бейнебақылау камераларын орнату, спорт кешенін жөндеу секілді шаралар кірді.

– Осындай жоспар қалалық Төтенше жағдайлар департаментімен сәтті жүзеге асып жатыр. Зәулім ғимараттар бой көтерген елордада өрт қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу керегін түсінеміз. Оған арнайы техника, жеке құрамға арнайы киім, құрал-жабдықтар қажет. Астанада 16 тұрғын алап бар. Бұл елді мекендердің көбінде өрт сөндіру деполарын салу керек. Ескі өрт сөндіру бөлім­шелерінде қалалық мәслихаттың қолдауымен күрделі жөндеу жүргізілді. Оған мәслихат депутаты болып сайланған құрылыс компанияларының басшылары көмектесті. Олардың көмегімен батыс стандартымен бірнеше полиция бекеті салынды. Құтқарушыларды әлеуметтік қолдау мақсатында баспана сатып алуға сертификаттардың бөлінуіне, олардың балаларының каникул кезінде жақсы демалуына атсалыстық, – деді Ерлан Каналимов.

Астанада жасы ұлғайған адамдардың жағдайын жақсарту үшін қалалық мәслихат «Белсенді ұзақ өмір сүру» атты іс-шаралар жоспарын әзірлегенін атап өткен ол аталмыш бағдарламалық құжаттың мақсатына тоқталды. Бұл құжат тегін заң көмегін көрсетуді, қаржылық сауаттылықты арттыруды, қайы­рымдылық акция­ларын, көрме-сатылымдарды, зейнеткерлердің қолымен өндірілген өнім жәрмеңкелерін, бос орындар жәрмеңкелерін өткізуді, емханаларда арнайы медициналық кабинеттер ашуды және тағы басқаларды көздейді.

– Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау кезінде Amanat партиясы қалалық филиалының жақын 5 жылға арналған сайлауалды бағдарламасын әзірледік. Онда сайлаушылардың өтініштері мен кешенді «тәуекелдер картасының» мәселелері қамтылды. Бұл картада елорданың негізгі проблемалары жинақталған. Соның ішінде тұрғын алаптардың мәселелері де бар. Бұл, ең алдымен, коммуналдық-тұрмыс­тық мәселелер, қоғамдық көлік жұмысы, абаттандыру, көгалдандыру, қоқыс шығару және басқа да мәселелер. Аталған бағдарламалық құжатта бұл проблемаларды шешу жолдары көрсетілген. Жақын бес жылда Астана мәслихатындағы Amanat партиясының депутаттық фракциясының негізгі жұмысы бұл құжаттың орындалуын бақылау болады, – деді Ерлан Каналимов.

Бір мандатты округтер бо­йынша елорда мәслихатына 17 депутат сайланғанын атап өткен мәслихат төрағасы олар бүкіл депутаттық мерзімге өз сайлау­шыларының өтінішін орындау Жол картасын әзірлегенін жеткізді. Оның сөзінше, жалпы биылғы тамыз айында әрбір депутат жұмысына арналған тиісті медиажоспар әзірленіп, бекітілді. Осы құжаттың негізінде депутаттардың рейтингі жасалады. Медиажоспар үш блоктан тұрады: «партиялық қызмет», «депутаттық қызмет» және «ақпараттық жұмыс».

– Бүгінгі заманда кез келген мемлекеттік құрылым, соның ішінде мәслихат қызметінің ашық болуы тиіс екенін жақсы түсінеміз. Кәсіпорындарға, салынып жатқан спорттық немесе мәдени нысандарға, басқа да мекемелерге аптасына орташа есеппен алғанда 3-4 рет шығамыз. VIII шақырылым жұмысының басынан бері мұндай сапарлар 180-ге жуықтады. Осылайша біз қаладағы жұмысты өз көзімізбен көреміз. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» принципін толық негізде іске асырып жатырмыз. Мәслихаттың барлық отырысы мен сессиясы тікелей эфир режимінде өтеді. Қалалық мәслихат сайты мен интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілердің барлығында депутаттардың сайлаушыларды қабылдау кестесі жарияланған. Алты ай ішінде 2 мыңнан астам қабылдау өткіздік, – деп түйіндеді сөзін Ерлан Каналимов.

Өңірлердегі мәслихаттардың басшылары оған сауалдарын қойып, жауап алды. Жиынға қатысқан Ұлттық экономика министрінің орынбасары Бауыржан Омарбеков Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында мықты өкілді билік мемлекеттік құрылыста белсенді рөл атқаратынын, мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буыны болуға тиіс екенін айтқанын атап өтті. Сол мақсатта Үкімет соңғы 5 жылда жергілікті өзін-өзі басқарудың заңнамалық базасын жетілдіру процесінде мәслихаттардың рөлін күшейтуге бағытталған бірқатар реформаны әзірлеп, іске асырғанын жеткізді. Өткен жылдың желтоқсан айында Парламенттің қарауына жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасы енгізілгенін, бұл құжатта мәслихаттардың міндеттері айқындалғанын айтып, бұл міндеттерге тоқталды.

Тиісті мәселелер бірнеше пленарлық сессияда талқыланды. Жиын барысында «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеу­бек Мұқашев пен мәдениет­танушы-философ, саясаттанушы Абылайхан Қалназаровтың «Мәслихат депутаты қандай болуы керек?» кітабының тұсауы кесілді. Ерлан Каналимов бастаған Астана қалалық мәслихаты депутаттары өңірлердегі әріптестерін күн сайын 700-ге жуық баланы қабылдайтын «Sana» даму орталығын, мәслихаттың қоғамдық қабылдау бөлмесін, iKomek109 орталығын аралатып, солардың жұмысымен таныстырды.

 

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button