Басты ақпаратҰлт ұпайы

Сайлау БАТЫРШАҰЛЫ: Қазақстанның болашағы қазақтың саны мен санасына қатысты

Қандастар мәселесі, шетелдегі 6 миллионға жуық қазақты атажұртқа оралту – еліміздің болашақ тағдырына саятын аса өзекті мәселе. Алайда соңғы кездері түрлі себептерге байланысты қазақ көші баяулап, Қазақстан азаматтығын алатын қазақтардың саны жыл сайын азайып барады. Шетелдегі қазақтармен байланыс жасау мақсатында құрылған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы соңғы кездері бар-жоғы белгісіз ұйымға айналды. Осы мәселелерге қатысты толғақты түйіндер жөнінде Қазақстан Сыртқы істер министрінің штаттан тыс кеңесшісі, ҚР дипломатия қызметінің еңбек сіңірген қайраткері, профессор, ҚР ҰҒА құрметті академигі Сайлау ­Батыршаұлын әңгімеге тарттық.

Қауымдастықтың қаңқасы ғана қалды

– Қазір Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бар-жоғы білінбейді. Осы жөнінде не айтасыз?

– Өткен жылы ҚР Тұңғыш Президент кітапханасында Бірінші Дүниежүзі қазақтары құрылтайының 30 жылдығына арналған «Қазақ елі: өсіп-өркендеудің тұжырымдамалық негіздері және жаһанданған әлемге бейімделу» халық­аралық форумы өтті. 12 мемлекеттен уәкіл қатысты. Осы форумға Дүниежүзі қазақтары қауымдас­тығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков қонақ ретінде қатысты. Шын мәнінде бұл шараны кітапхана емес, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ұйымдастырып өткізу керек еді. Мен осы шара өтуден бұрын З.Тұрысбековке екі-үш рет барып, «шетелдегі қазақтармен жұмыс істейік, бір үлкен жиналыс аш» деп өтініш жасап, Қытайдағы қазақ мәселесін айттым. Бірақ ол Қытайдағы қазақ мәселесіне байланысты «мен Қытайдан көп сомада кредит алмақшымын, оған үй салғызам» деп қазақ мәселесіне араласпаймын дегендей сыңай танытты. Менен кейін ол шығып, істеп жатқан жұмысы ретінде салып жатқан үйлерін көрсетті, бірталай үйді салып, фотокөшірмесін жасап қойғандай көрінді көзіме. Көлемі де – үлкен, 150, 250 шаршы метрлік коттедждер. Оны алуға шетелден келген ағайынның қалтасы көтере бермейді ғой» деп едім, Зауытбек «Алмаса қойсын, мен алатын адам табам» деп келте қайырды. Зауытбек Тұрысбеков Қауымдастықты басқарғалы қауымдастықтың шетелдегі қазақтармен байланыс жасау жұмысы жайына қалып, сауда сипатындық жұмыстарға көшті. Атап айтқанда, Қауымдастық атынан Астанаға жақын жерден жер алып, мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, үй сала бастады.

– Қауымдастық пен «Отандастар» қоры неге бірігіп жұмыс істемейді? «Отандастар» қорын да соңғы кездері біресе анаған итеріп, біресе былай тартып, көкпардай кергілеп кетті ме қалай?

– 2017 жылы Астанада ашылған Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Германиядан келген Өмірхан Алтын деген азамат құрылтай соңында мінбеге шығып, «соңғы уақыттарда Қазақстанның шетелдегі қазақтармен болған байланысы азайды. Соның салдарынан Қазақстан шетелдегі қазақтардың жағдайы не болып жатқанынан бейхабар қалды, Мәселен, Қытайдағы қандастарымыз қатты қысым көріп жатыр. Ал Қазақстан үнсіз отыр» деді. Сонымен Президент Нұрсұлтан ­Назарбаев Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановқа «бұл жағдайды нақтылап ұғысып, маған мәлімет, ұсыныс бер» деп тапсырды.

Осы тапсырмадан кейін Қайрат Әбдірахманов менімен ақылдасып іске кірістік. Ол кезде Қазақ қауымдастығының арнаулы қаржысы жоқ, тек гранттар ұтып алумен қаржы мәселесін шешіп жүрген кезі еді. Ал қалталы азаматтар қауымдас­тыққа ақша бере қоймайды. Қауымдастық қашанғы елге қол жайып жүреді деген мақсатпен, оларды бюджеттен қаржыландыру мақсатында Сырт­қы істер министрі Қ.Әбдірахманов Үкіметке хат жазып, бюджетке кіргіздік. Демек, осыдан бастап Қауымдас­тықтың да, «Отандастар» қорының да ешкімге жалтақтамай жұмыс істеуіне мүмкіндік туған еді. Қордың президенті болып ­Нұртай Әбіқаев сайланды. Бірақ Нұртай Әбіқаев кеткеннен кейін, З.Тұрысбеков «Отандастар» қорының ақшасын Қауымдас­тыққа берсін деген мәселені көтерді. «Отандастар» қорын ҚР Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігіне қосу керек деген бастаманың астарында осындай мәселе жатыр. Бірақ, «Отандастар» қорын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қосуға мүлде болмайды. Себебі бұл министрліктің шетелде бір адамы жоқ, ендеше олар қалай жұмыс істейді шетелдегі қазақтармен? Бір топ зиялы қауым Президент Қасым-­Жомарт Тоқаевқа хат жазып жүріп, «Отандастар» қорын Сыртқы істер министрлігінің қарамағында қалдырдық.

Қазақтың саны көбеймей, қазақтың үлес салыстырмасы артпай, болашақта біздің мына мемлекетті ұстап тұруымыз қиынға соғады.

Қазақстанның тәуел­сіздігін баянды етеміз десек, мемлекет құрушы тұлғалық ұлт қазақтың санын көбейту басты назарда тұруы керек. Қазақтардың болашағы Қазақстанда болса, Қазақстанның болашағы қазақтың саны мен санасына қатысты

Шетелден келген қандас масыл ма?

– «Шетелден келген қазақ бізге масыл болды» дейтін көзқарас та жоқ емес сияқты.

– Осыдан оншақты күн бұрын Сенатта сыртқы саясат, қауіпсіздік тақырыбына арналған жиналыс өтті, сонда мен шетелдегі қазақ мәселесін көтердім. Біз қазір қазақ көшін тоқтатуға айналдық. Бұл – шетелдегі 6 миллионға жуық қазақтың тағдырына ғана емес, тұтас қазақ мемлекетінің болашағына да қатысты мәселе. Совет дәуірінде ашаршылық, қуғын-сүргін нәтижесінде қазақтар қырылды, ұлан-ғайыр жерде біз азбыз.  Шын мәнінде біз мынау елдің тәуелсіздігін баянды, қауіпсіз ету үшін шетелден кем дегенде тағы бір-екі миллион қазақ келу керек. Қазақтың саны көбеймей, елде қазақтың үлес салмағы артпай, болашақта біздің мына мемлекетті ұстап тұруымыз қиынға соғады. Бізге бір ел ашықтан ашық басып кірмегенімен, басқа тәсілдермен егемендігімізге қатер төндіруі мүмкін. Өйткені қазақтың жеріне көз алартып отырған көрші ел аз емес. Сондықтан Қазақстанның тәуелсіздігін баянды етеміз десек, мемлекет құрушы тұлғалық ұлт – қазақтың санын көбейту басты назарда тұруы керек. Қазақтардың болашағы Қазақстанда болса, елдің болашағы қазақтың саны мен санасына қатысты.

Өкініштісі сол, 30 жылдың ішінде небәрі 1 миллион қазақ атажұртқа оралды, тіпті бір миллионға да жетпеуі мүмкін. Жері алақандай Израиль тәуел­сіздік ала салып, шетелден 1,2 миллион еврейді жинап алған жоқ па? Неге? Олардың көшіп келгендерге беретін жәрдемақылары бізден 15 есе көп. Ұлты еврей немесе қанында еврейдің қаны болса, бір күнде азаматтық алуға мүмкіндік бар. Ал бізде ше? Біз қандастарға бөлінген аз ақшаны көпсінеміз, кейбір адамдар  да «ақшаны оларға бергенше бізге де берсін» деп кері толғайды. Азаматтық алудағы кедергілер де аз емес. Көші-қон саясатының өзі 30 жылда 40 құбылды, бір-ақ жыл мерзімі бар «қандастар» деген қосымша статус ойлап тауыпты. Осыған қарап біздің елдің үкіметінде қандастар көптеп көшіп келсін деген жанаршылықтан гөрі «келмесін» деген пиғыл басым ба деген ойға қаласың. Ана тіліміздің күшеюі­не, салт-дәстүріміздің қайта жалғасын табуына олар үлкен үлес қосып жатыр. Өнер, мәдениет, спорт жағынан да керемет еңбектер сіңірді. Рухымызды көтерді.

Шетелден келетін қандастардан ақшаны аямау керек. «Ел экономикасы жақсарсын, сосын келсін» деп күтіп отыруға тіпті де болмайды. Себебі күн өткен сайын ассимиляцияға ұшыраған қандастар бізден алыстап барады, тіпті олардан айырылып та қалуымыз мүмкін. Өзбекстанда көп қазақ өзбек болып жазылса, Қытайда қазақ мектептері біржола жабылды.

Қандастардың тарихи Отанына оралуы және оларға жәрдем беру еліміздің стратегиялық, саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуының құрамдас бөлігі екенін ескере отырып, бұл жұмыстың жүйелі әрі тиімді жүзеге асырылуының негізі ретінде «Шетелдегі қандастар мен отандастарды репартациялауды мемлекеттік қолдау» жаңа бағдарламасын әзірлеген жөн

Жете мән бермей отыр

– Алғашқы қазақ құрылтайы қалай ашылып еді?

– Біз тәуелсіздік алған жылдары Кеңес одағынан бөлініп шыққан республикалардың көбі ұлттық құрылтай ашып, оң, солына қарай бастады. Бірінші құрылтайда Дүние­жүзі қазақтары қауымдастығы құрылды. Құрметті төрағасы боп Нұрсұлтан Назарбев сайланды, Қалдарбек Найманбаев оның бірінші орынбасары болды. Шынын айтайық, Қалдарбектің тұсында қазақ қауымдастығы қарқынды жұмыс істеді. Үкімет те дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жұмысына жете көңіл бөліп отырды.

Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығы жарғысы бойынша 5 жылда бір құрылтай өтуі керек еді. 2017 жылдан бері жұмыс істемеген Зауытбек оны ұмытып кеткен сияқты. Өткен жылы өтуге тиіс құрылтайдың биыл да өтпейтін түрі бар. Оның үстіне, тұңғыш ­Президент қазір демалыста, басқа жердегі мансабын тапсыр­ғаны сияқты Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағалық орнын да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алуы керек еді. Мен осы мәселені көтеріп, 19 Еңбек ерлері, Мемлекеттік сыйлық лауреаттары, зиялы қауым өкілдеріне қолын қойдырып, Президенттің өзіне хат жаздым.

Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығының жұмысының дұрыс жүргізілмеуіне байланысты соңғы кездері шетелден келетін қандастар саны күрт азайды. Қауымдастықтың басты мақсаты – қандастарымыздың өз тарихи Отанына оралуына жағдай жасау еді. Алайда Қауымдастық ол мәселемен мүлдем шұғылданбады. Тәуелсіздік жариялағаннан кейін 1993 жылы Қазақстан азаматтығын 105 896 адам алды, 2012 жылы оралмандар саны 47 112-ге дейін төмендеді. Ал 2021 жылы 2 420 адамға ғана Қазақстан Республикасы азаматтығы берілді. Осылайша, қандастарымызға азаматтық беру жылдан жылға азаюда. Оның үстінде, шет елден келген қандастарға 5 жылға дейін Республика азаматтығын бермеу туралы қитұрқы саясат та шықты. Бұл Мемлекеттік егемендік туралы Декларация­ға, ҚР Конституциясына және халықаралық заңға қайшы келеді. Әлемде репатрианттар тарихи Отанына қайту құқығы белгіленген және олар қолма-қол азаматтық алады. Халықаралық тәжірибеде елдің мәдениеті, тарихы мен тілі, бір сөзбен айтқанда, рухани дүниесін әлем жұртшылығына танытуда «жұмсақ күш» ретінде сол мемлекеттің сыртқы саясатының құрамдас бөлігі ретінде қызмет атқаратыны белгілі. Бұл ретте Британдық кеңес, Француз альянсы, Қытай Конфуциясы, Германияның Гете институты, Россотрудничество, «Русский мир», Израильдің «СОХНУТ» ұйымы әлем еврейін жинаумен шұғылданады, Тель-Авив Бен-Гурион әуежайында шет елден келген еврейлерге бір күн ішінде азаматтық беріледі.

– Көшті қайта жандандыру үшін қандай жұмыстар атқарылуы керек деп ойлайсыз?

– Қасым-Жомарт Кемелұлы Маңғыстау облысында жұртшылықпен кездесу барысында: «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» деп өте жақсы айтқан еді.

Қандастардың тарихи Отанына оралуы және оларға жәрдем беру еліміздің стратегиялық, саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуының құрамдас бөлігі екенін ескере отырып, бұл жұмыстың жүйелі әрі тиімді жүзеге асырылуының негізі ретінде «Шетелдегі қандастар мен отандастарды репартациялауды мемлекеттік қолдау» жаңа бағдарламасын әзірлеген жөн деп санаймын. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, қазақ халқының болашағы, Қазақстан Мәңгілік ел болудағы басты жол – бұл шет елдегі 6 миллионға жуық қандастарымыз­дың біразын тарихи отанына оралуына байланысты болмақ.

– Шетелден қандастарды көшіріп әкеліп, Қазақстанды қазаққа толтыру мәселесіне біздің атқарушы биліктің көзқарасы дұрыс деп санайсыз ба?

– Мемлекет басшысы бұл мәселеге үнемі баса назар аударып келеді. Жолдауларында, маңызды кездесулерінде шетелдегі қандастар мәселесін үнемі айтып, тапсырма беріп келеді. Бірақ пейілі қисық министрлер мен Үкімет ол тапсырмаларды орындау жағында өте сылбырлық танытады. Әсіресе, ел ішіндегі ауқымды мәселелерді оңтайлы шеше алмай жатқан Үкіметтің оған қарайтын мұршасы да жоқ сияқ­ты. Олар Президентке жалған мәлімет беріп, ел тағдырына қатысты мәселеге мән бермей отыр. Жаңаөзендегі оқиғаны оралмандар жасады деп өтірік соғып, көшті тоқтатуға да ұрынды кезінде.

Оның үстіне қазір Қазақстан азаматтығын алғысы келетін азаматтардан қазақ тілінен емтихан алатын заң шықты. Жұрт шулап еді, Үкімет басшысы бұл қандастарға қаратылмаған деп ақталды. Бірақ заң жүзінде ондай деп жазылмағаннан кейін, түбінде шетелден келетін қазаққа сол емтихан тосқауыл болуы мүмкін. Шетелде өмір сүрген қазақтарды қойып, Қазақстанның қазақтарынан ана тілінен емтихан алса, біразы өтпейді. Ендеше неге біз «ала қойды бөле қырқып отырмыз?». Шетелден келген қазақтарды тездетіп азаматтыққа қабылдау жайлы айтсаң, «олардың арасында шпиондар бар болуы мүмкін ғой» деген уәжді де айтады. Біздің қауіпсіздік органдар не істейді? Бір күнде азаматтыққа қабылдайтын Израиль елін жансыздар аударып тастады ма? Демек, жоқ жерден сылтау айтып, қандастар көшіне тосқауыл қоюды тоқтату керек. Ақша жоқ деп қарап отырмай, қарыз алсақ та, қандастарды шақырып, оларды бос жатқан өңірлерге орналастыру керек. Мемлекетті ақша ұстамайды, қазақ халқы ұстайды. Сондықтан, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жұмысын қайта жандандырып, жұмыс істемейтін басшыларын ауыстырып, Президентіміз  Қасым-Жомарт Тоқаев осы ұйымның төрағалығын өз қолына алса, жақсы болар еді. Себебі Мемлекет басшысы өзі тікелей қадағалап отырмаса, көш көлікті болмайды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button