Басты ақпарат

Санаға сілкініс керек

Немесе тіршілік таным-түсініктен басталады

[smartslider3 slider=2512]

Әр адам – өз таным-түсінігінің орындаушысы. Таным деген, қарапайым тілмен айтқанда, ненің не, кімнің кім екенін жете тану, білу. Түсінік – сол білгеніңнің мән-мазмұнын ұғыну, пайымдау нәтижесі. Сондықтан әр адамның атқарар ісінің нәтижелі, нәтижесіз болуы таным-түсінігінің қалай қалыптасуына тікелей байланысты. Түсінігі дұрыстың тірлігі де дұрыс, атқарар ісінде жаңсақтық, айтар сөзінде жасандылық болмайды. Ойлаңызшы, бәрін біліп, түсініп істеген адамның ісінде қандай қателік болмақ?! Осы бір қарапайым шындықты мойындасақ, мыңжылдықтарды құрайтын ұзақ ғұмыр жолында көрген-білгенінен қорытып, тірнектеп жиып бір жүйеге келтіріп, кейінгі ұрпағына аманаттаған, кешегі отаршылар ойранынан шынайы мәні жадымыздан өшіріле бастаған бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың өздерінің өмір сүруіне негіз болған таным-түсінігін қалпына келтірудің құндылығын пайымдап, өзіміздің қазақы таным-түсініктен ажырап, еуропалық таным-түсініктің жетегінде жүргенімізді тұшына сезінер едік (бұған еуропалық ғылым-білімнің еш қатысы жоқ.) Сонда бүгінгі мақтан тұтар бай тіліміздің де, қасиет тұтып, қадірлер салт-дәстүріміздің де, адами құндылықтарымыз да – бәрі-бәрінің сол өткен ата-бабаларымыздың таным-түсінігінің жемісі екеніне көз жеткізер едік. Сонда аз да болса ес жиып, солардың бүгінгі ұрпағы ретінде ата-бабамыз қалдырған осы игілікке өз тарапымыздан біз не қостық, не жоғалттық деп ойласар едік. Ойласқанның опығы аз. Сонда ақпараттық шабуылы асқынған мына заманда санамыз­ды кеселді дертке шалдырмай, баршаға ортақ игіліктің жетістігіне бірлесе қызмет етер едік-ау деген ой мазалайды.

Ғасырларға созылған бодандық біздің халықты өзінің қалыптас­қан ұлттық таным-түсінігімен әрекет жасау құқығынан айырып, тек берілген тапсырманы орындауды ғана білетін ойсыз тобырға айналдырып жіберді. Осының салдарынан тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл толғанына қарамастан, әлі күнге сол баяғы ескі әдетпен жоғары жақтан берілген кез келген тапсырманың мән-жайын өзіміз жете түсініп, оны жүзеге қалай асырудың жолдарын білімді де білікті мамандардың қатысуымен жан-жақты талдап, танып, біліп барып, түйінді бір шешімге келмей жатып, бірден іске кірісіп, жаппай ұрандатып, бәрін де науқандық шоуға айналдырумен келеміз. Бұл тірлігіміздің нәтижесі қандай екені бәрімізге белгілі, оны қайталап, айтып жатудың қажеті жоқ. Ендігі мәселе – сана өзгермей, сана түзелмей, елдік істе елеулі ештеңе тындыруға болмайтынын ұғына бастаған жұрттың осы бағыттағы игі бас­тамаларын тағы да ескі әдетпен науқандық шоуға айналдырып жібермей, атқарар ісіміздің сөз жүзінде қалмай, нәтижесі ел еңсесін көтеріп, халық игілігіне асатынына алдын ала кепілдік беретін деңгейге жетуімізге байланысты. Ол үшін атқарар ісіміздің, айтар сөзіміздің тиімділік мәнін алдымен өзіміз жете танып, түсініп алуымыз шарт. Мысалы, қазіргі жағдайда өзгеруін, түзелуін халық болып қажетсініп отырған «сана» дегеннің не екенін сол халықтың өзі танып-біліп, ортақ түсінікте болуы қажет. Өйткені былай қарағанда, сырт біреудің көмегінсіз-ақ, ес білген баладан еңкейген кәріге дейін бәріне де түсінікті сияқты көрінген осы сөздің өзінің ұғымдық мәнін жұрттың бәрі бірдей нақты біле бермейді екен. Зерттеу барысында сұрастырған адамдарымыздың жауаптарын естігенде өзіміз де таңғалғанбыз (көңілде күдік болмас үшін өздеріңіз де төңірегіңіздегі түрлі мамандық иелерінен «сана» сөзінің ұғымдық мәнін сұрап көріңіз, өз танымыңызға да назар аударыңыз). Көпшілігінің түсінігінің жалпы жобасы түзу болғанмен, ешқайсысы танымдық тұрғыдан сөздің ұғымдық мағынасын қазақы түсінікте дәл бере алмады. Сонда сананың не екенін нақты білмей тұрып, оны қалай түзеуге, қалай өзгертуге болады?..

Осының салдарынан тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл толғанына қарамастан, әлі күнге сол баяғы ескі әдетпен жоғары жақтан берілген кез келген тапсырманың мән-жайын өзіміз жете түсініп, оны жүзеге қалай асырудың жолдарын білімді де білікті мамандардың қатысуымен жан-жақты талдап, танып, біліп барып, түйінді бір шешімге келмей жатып, бірден іске кірісіп, жаппай ұрандатып, бәрін де науқандық шоуға айналдырумен келеміз. Бұл тірлігіміздің нәтижесі қандай екені бәрімізге белгілі, оны қайталап, айтып жатудың қажеті жоқ

Дұрысын айтар деген үмітпен ғылыми сөздіктің анықтамасына да жүгіндік. Онда: «Сана – объективті шындықты идеалды түрде бейнелеудің тек адамға ғана тән ең жоғары формасы» (қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Алматы. «Дайк-пресс». 2008 ж. 706-б.) деген анықтама беріліпті. Қазақы түсініктегі көптің бірі ретінде біз бұдан да қанағаттандырарлық нақтылық таппадық. Өйткені бұл, біріншіден, қазақы танымның емес, өзге ел философтары танымының тұжырымы. Соны қазақ ғалымдары сөзбе-сөз аударып бере салған. Осындағы қазақтың «сана» деген бір сөзінің ұғымдық мәнін түсіндіру үшін шет тілдің үш бірдей сөзінің (объективті, идеалды, форма) қолданылуы – осының бірден-бір айғағы.

Екіншіден, санаға берілген бұл анықтамадан жалпы көпшіліктің нақты бірдеңе түсінуі қиын. Себебі қазақы таным-түсінікте кез келген сөз – белгілі бір ұғымның аты. Сана да солай, жеке алғанда бір сөз, жалпы қолданыста белгілі бір ұғымның аты. Сондықтан сана сөзі, ғалымдар айтқандай, объективті немесе субъективті болсын, бәрібір ешқандай шындықтың бейнесі бола алмайды. Болмаған соң, оны бейнелеу де мүмкін емес. Идеалды түгілі, тіпті жай қарапайым түрде де. Өйткені ұғымды бейнелемейді, түсіндіреді, нақтылайды, орнықтырады. Сондай-ақ бейнесі жоқтың «формасы бар» деудің де және оны «тек адамға ғана тән» деп түсіндірудің де еш қисыны жоқ. Себебі бір адам ғана емес, жер бетінде жаралған бүкіл тіршілік иесінің қай-қайсысының да күндік қорегін тауып, өмір сүруін қамтамасыз етерлік бі­реуінде өте төмен, енді біреуінде өте жоғары деңгейде болса да, өзіндік сана бар екені баршаға аян. Бұған, басқаны айтпағанда, тек бөрілердің тобымен жүретін киік, бұғы секілді аңдарды ұстаудағы аса жоғары саналылықпен жасайтын айла-тәсілін айтсақ та жетіп жатыр. Тіпті біздің ата-баба­ларымыздың өзі жаудың алдын алып, жасырынып жатып, тосыннан шабуылдауды немесе алыстан барлап, бұқпантайлап келіп, қоршауға алып, соққы беруді осы бөрілерден үйренген ғой. Сол себепті бөрі басын байрағына бекітіп, күні кешеге дейін ерекше құрметтеп, кие тұтып келді емес пе?! Осыларды білетін жұрт ғалымдардың сананы «тек адамға ғана тән» дегеніне қалай сенеді?! Мысалы, өз басым қабылдай алмадым. Сондықтан түбір сөздің төл мәнін анықтау бағытындағы ұзақ жылғы ізденіс тәжірибе нәтижесіне сүйене отырып, өз тарапымыздан: «Сана – әр адамның өзінің азды-көпті ғұмырында көргенінен, естігенінен, оқығанынан білгенін, өмір сүру тәжірибесінен түйгенін жадында сақтап, жүйелі қалыптастырған бар таным-түсінігінің ортақ жиынтық аты (атауы)» деген тоқтамға келдік. Өйткені адамзат баласы тарапынан жасалып жатқан жақсылықты, жамандықты тірліктің бәрі – таным-түсініктің оң немесе теріс қалыптасуына тәуелді. Таным-түсінігі дұрыс қалыптаспаған адам санасының да сапалық қасиеті төмендеп, атқарылар істе ойдағыдай нәтиже бермейтінін күнделікті тірлігімізде өзіміз де көріп жүрміз ғой. Танымы дұрыстың түсінігі дұрыс. Ал түсінігі дұрыстың ісінде қателік болмайды.

Бұдан шығар қорытынды сол, егер қазіргі таңда сана түзелмей, ештеңе түзелмейтінін шынымен мойындасақ, онда ел азаматтарының ортақ таным-түсінігін дұрыс қалыптастыру бәрінен бұрын қолға алар ең басты шаруамыз болуға тиіс. Мұны орындаудың тетігі, түптеп келгенде, естінің «өйту керек», «бүйту керек» деген ақылды сөзінде де, бүгінгі жетілген ғылымның жетістігінде де емес, халқымыздың халық болып қалыптасқан өмір тәжірибесін жинақтап, ұрпақты тағылымды тәрбие мектебінен өткізетін, болмысты халықтың өзінің төл танымы негізінде боямасыз қаз-қалпында көрсететін ақиқат қолымен, періштелік тазалықпен жазылған ортақ тарихта екенін ұққан абзал. Тарих болмаса, ата-бабамыздың адамзат баласы жаралғаннан бергі мерзімде қалыптастырған таным-түсінігінің мән-мағынасын қалай игеріп, қалай рухани мұрагері бола аламыз?! Тарих – мына жарық дүниеге келіп-кетіп жатқан ұрпақтың адамзат баласы бастан кешкен тірлігінің жақсысы мен жаманының парқын айырып, жақсысынан үлгі-өнеге алып, жетілуіне; жаманынан безініп, алда оның қайталануына жол бермеуіне мүмкіндік туғызып, сол арқылы заманы тудырған қиындықтардың қандайынан да жол тауып, алып шығарар жалпыға ортақ таным-түсінікті, яғни ортақ сананы қалыптастырар теңдесі жоқ дара оқулық.

Ортақ сана қашан да ортақ мүдде орайына қызмет етеді. Әлемге аты әйгілі көне римдік атақты шешен әрі философ Марк Туллий Цицеронның осыдан екі мың жыл бұрын: «История – это учительница жизни. Потому что не знать того, что было до твоего рождения, означает навсегда оставаться ребёнком» деуі де сананы дұрыс қалыптастыру үшін тарихты тани білудің қаншалықты маңызды екенін танытумен бірге бүгінгі өзіміз талап етіп жүрген көп керектің біреуінің де жүзеге аспауының себебін де аңғартып тұрғандай. Сайып келгенде, мұны өз халқымыздың ақыл-ой алыптарының бірі айтқан: «өткенін білмеген елдің болашағы бұлыңғыр» деген қағидалы сөзі де құптай түседі.

Тарихты қолдан жасауға болмайды. Бірақ кезінде ­түрлі-түрлі себептермен орын алған кем­шіліктерді ғылыми зерде елегінен өткізіп, әдейі бұрмаланғанды түзетуге, жасырылып келген шындықты жарыққа шығаруға, сөйтіп бардың байыбына жетіп бағалау – ортақ міндет. Шынайы жазылған тарихтан өзінің ата-бабаларының қалай өмір сүргенін, олардың әлемде өзгелерден бұрын болып, талайды тамсандырған ерліктер жасағанын, ерлерінің серттен таймай, досқа адалдық, қасқа қаталдық танытқан мәрттігін оқып, біліп өскен кейінгі жастар өздерінің солардың ұрпақтары екенін сезінуі арқылы солардай болуға ұмтылып, өзгенің қаңсығын таңсық тұтпайтын болады. Таным-түсінігі дұрыс қалыптасқан ұрпақтың қай кезде де рухы биік болатыны осыдан.

Өкінішке қарай, өткеннің өнегесін алға жайып, ұрпақты тәрбиелер мұндай тарих бізде бұрын да, кейін де жазылған емес. Қазіргі «бай тарихымыз бар» деп жүргеніміздің біз білетін бұрынғысы – елдің бірлігін, ердің ерлігін жырлаған, ата дәстүрін ардақтап, сөз өнерін кие тұтқан халықтың өзінің жадында сақталған ауызша тарих, бірақ зерттеліп жүйеленбеген, ғылыми айналымға түспеген тарих; кейінгісі, жоғарыда айт­қанымыздай, отарлаушылар саясатының ығында еуропалық таным-түсінікпен жазылған пиғылы өгей жасанды тарих. Алдыңғысын кейінгі саясат қаламады, соңғысын халық қабылдамады. Нәтижесінде өз халқының қадір-қасиетін бойға дарытар адами құндылықтардан ажырап, өзгенің мәдениетіне емінген, төл тарихының тағылымынан бейхабар ұрпақ өсті. Бұл – ата-бабасының өткенінің өнегесін алға тартып, мына жарық дүниеге келіп-кетіп жатқан ұрпақты ізгілікке баулып, тағылым берер шынайы тәрбие мектебі – тарихты өзімшіл пенделіктің жетегінде кеткендердің (жеңімпаздардың, отарлаушылардың) қажетін өтеу тұрғысынан жазуды дәстүрге айналдырып, жалған таным-түсінікті адамдық сананың негізі етуді мақсат еткен кесапатты іс-әрекеттерінің нақты салдары еді. Рухани тірегі жоқ ұрпақ күндік қажеттіліктің ығына жығылып, көрінген сау­лықтың емшегіне жармасқан жетім қозыдай, өзгенің барына өліп-өшіп ұмтылып, содан өзіндік пайда табуды мұрат тұтты. Жасырып, жабатыны жоқ, бүгінгі біз осы ұрпақтың өкіліміз. Мұны, бәлкім, біріміз мойындармыз, біріміз мойындамаспыз, бірақ өмір шындығы осы!..

Егер бұлай болмай, қазіргі жазба тарихтың заманауи қалыбын қалыптастырып, өз таным-түсініктерін өзгелерге еріксіз таңған еуропалықтар адамзат баласының баршаға ортақ жаратылыс тегі бір адамзат баласын әу бастан «біз және басқалар», «тарихи халықтар және тарихи емес халықтар», «отырықшылар және көшпелілер» деп кезең-кезеңімен жікке бөліп, біріне-бірін қарсы қоймай, оның орнына адамзаттың ортақ адамдық тегін танытып, ұрпақты бауырмалдыққа, адалдыққа, адамгершілікке, бірлікке, ізгілікке, мейірімділікке үндесе; тірліктің мәні қырқысып жеңіске жетуде емес, адамдық жарасымда, табиғи үйлесімде екенін санаға сіңіре білсе, басқаны айтпағанда, өзара іштей бөлініп, бірінен-бірі артық болуды көздеп, өзара ешқандай өшті-қастығы жоқ, бір-бірін білмейтін жазықсыз жандарды бір-біріне айдап салып, қырғынға ұшыратар халықаралық қақтығыстар тамыр жайып, өріс алмай, пендешіліктің белгісі ретінде көрінген жерінде көктей солар ма еді, қайтер еді. Сонда жаратылыс тегі бір адамдардың бір-біріне тәуелді болып, құлға айналуы да, олардың бүгінгідей соғысып, өзді-өзін қыруы да болмас еді-ау деген ой мазалайды.

Амал не, олай істелмеді. Соның салдарынан адамзат баласы әр өңірде әр кезеңде тарих сахнасына шыққан өзімшіл жеңімпаздардың жетегінде кетті. Бейбіт жатқан басқа елді жаулап, жазықсыз жандарды қырғынға ұшыратқан жаулаушыларды тарих «жеңімпаз» деп дәріптеп, оларды әлемдік тұлға ретінде ұрпаққа үлгі етуді дәстүрге айналдырды. Жастар соларға еліктеп, солардай болуды армандады. Соғыста адамды неғұрлым көп өлтіргендер «батыр», «қаһарман» деп марапатталып, жалпыхалықтық құрметке бөленді. Соғыс адамзат баласына қайғы-қасірет әкелетін жан түршіктірер алапат зұлымдық емес, әр кезеңде, әртүрлі жағдайға орай, әр елде болып тұратын табиғи заңдылық ретінде қабылданды. Осындай таным-түсініктің қалыптасуына өн бойы соғыстармен өріліп, кезеңдік жеңістерді «жетістік» деп дәріптеген бүгінгі ресми тарихтың (әлемдік тарихтың) үлес қосқаны сондай, аталмыш жеңімпаздардың әр кезеңде соғысқан елінің «пәлен қаласын талқандап, жермен жексен етті; тұрғындарын тегіс қырып тастады», «бұдан кейін олар халық ретінде де, ел ретінде де жер бетінен жойылып кетті», «аман қалғандары бас сауғалап босып кетті» деген тәріздес жантүршіктірер қатыгездікті оқыған бүгінгі оқырман бейне бір «Қайраттың» футболшылары Қарағандының «Шахтерін» 10:0 есебімен күйрете жеңді» деген хабарды қабылдағандай еш шімірікпейтін болды. Шімірікпегені былай тұрсын, солай жасағандарды мақтан тұтып, дәріптейтін күйге жетті.

Осыдан келіп бір біздің ғана емес, бүкіл дүние жүзі халық­тарының тарихын жалпыға ортақ адамзаттық сана тұрғысынан қайта зерделеп, мына жарық дүниеге келіп-кетіп жатқан ұрпақтың жер бетінде өмір сүруіне аманат­қа берілген аз ғұмырды (жүз жасағанның өзі, мәңгілік тұрғыдан қарағанда, қас қағымдай ғой) адамзат баласы көруге тиісті бар бақытты иеленіп, қауіп-қатерсіз, ­уайым-қайғысыз еркіндікте өткізуіне мүмкіндік туғызар адамзаттық ортақ ­таным-түсінікті қалыптастыруға жол ашар өткеннің шындығын арқау еткен тарихты жазудың қажеттілігі туындайды. Бұл қажеттілікті жүзеге асыру, бүкпесіз шындығын айтсақ, қазіргі таңда қиынның қиыны.

Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button