Білім

Сапалы білімге серпіліс береді

«Халық-Life» АҚ өмірді сақтандыру компания­лары арасында бірінші болып «Bilim-Life» өнімін шығарды. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберіндегі жаңа өнім Қазақстанның кез келген азаматына өз баласын еліміздің де, шетелдің де ЖОО-да оқытуға қажетті соманы жинақтауға мүмкіндік береді. Осы өнім туралы толығырақ білуге «Халық-Life» АҚ Астана қалалық филиалының директоры Жұлдыз Сұңғатқызы Божеевамен сұхбаттасқан едік.

– Сақтандыру нарығында бұл бірегей сақтандыру өнімі екені сөзсіз. Оның пайда болуын біз еліміздің сақтандыру саласындағы «үлкен серпіліс» деп айта аламыз ба?

– Иә, айта аламыз. Бүгінге дейін Қазақстанда бірде-бір сақтандыру қызметі мемлекет тарапынан сыйақы алған жоқ. Әлеуметтік маңызын ескере отырып, сақтандыру қоғамдастығы мен мемлекеттік институттардың белсенді жұмысының арқасында бізде мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде жаңа мақсатта сақтандыру өнімі пайда болды. Ата-аналар үшін болашақта баласының өмірінің іргетасын берік етіп қалауы, оған жақсы білім беруі және сол арқылы оның үлкен өмірге сенімді қадам басуына көмектесуі қаншалықты маңыз­ды екенін бәріміз түсінеміз. Енді кез келген қазақстандық «Bilim-Life» сақтандыру бағдарламасының арқасында 5% мөлшерінде мемлекет сыйақысын ала алады, ал көпбалалы ата-аналар үшін жинақтау сомасына жылдық 7% сыйақы қосылады. Осылайша олар баласын оқытуға қаражат жинайды.

– «Bilim-Life» бағдарламасы қалай жүзеге асырылады?

– Оны жүзеге асыру жолы өте қарапайым. Баласының сапалы білім алуын ойлайтын клиент олардың жас шамасына қарай жинақтаушы бағдарламаның мерзімін және сақтандыру сыйақыларының өзіне ыңғайлы мөлшерін таңдайды. Бұл ретте «Bilim-Life» бойынша сақтандыру жарналарының мөлшері айына ең аз дегенде 3 АЕК-тен басталады және мөлшері жағынан оған шектеу жоқ. Мысалы, ата-аналар қазір 7 жастағы баласына «Bilim-Life» бағдарламасы бойынша 10 жылға келісімшарт жасайды. Бала 17 жасқа келгенде білім алуға жеткілікті соманы 10 млн теңге көлемінде алу үшін олар ай сайын 42 мың теңгеден жинап отыру қажет. Жинақтау мерзімі аяқталғаннан кейін бұл сома бала оқитын білім беру мекемесінің шотына түседі. Бұл өте тиімді бағдарлама екені анық, өйткені клиент 10 жыл ішінде жинақталған қаражатына сақтандыру компаниясының кірістілігі (2,3 млн теңге) және мемлекеттен сыйақы (2,6 млн теңге) есебінен қомақты қосымша сома алады.

– «Bilim-Life» өмірді сақ­тандырудың басқа өнімдерімен салыстырғанда қандай артықшылықтарға ие?

– Өнімнің басты артық­шылығы – сақтандырылған ата-ана үшін сақтандыру қорғанысының болуы. Кей клиенттерде сақтандыру мерзімі 20 жылға дейін жетуі мүмкін, сол кезең ішінде клиент мүгедек болып қалса немесе қайтыс болған жағдайда да сақтандырылады. Сондықтан сақтандыру компаниясының клиенттері «Bilim-Life» бағдарламасы бойынша балаларының ата-аналары қайғылы жағдайға тап болса да, олар жоғары оқу орнына түскен кезде барлық соманы алуға кепілдік берілетініне сенімді бола алады. Сонымен қатар сақтандыру шартының бүкіл қолданылу мерзіміне жоғары кепілдендірілген кірістілік мөлшерлемесі және мемлекеттен сыйақы есептеледі. Сондай-ақ, егер бала білім беру грантын алса, мұндай жинақтарды сақтандыру компаниясынан және мемлекет сыйақысымен инвестициялық табыспен алып тастауға немесе басқа балаға сақтандыруды қайта ресімдеуге болады. Бұдан басқа, бағдарлама бойынша кепілдік беру қоры жинақ мөлшері шектеусіз сақтандыру төлеміне толық кепілдік береді және компания клиенттерінің салықтарды үнемдеуге, яғни салық салынатын кірісті сақтандыру сыйақыларының сомасына (күнтізбелік жылда 320 АЕК-ке дейін) азайтуға мүмкіндігі болады. Бұл ретте сақтандыру жарналарының мерзімі мен мөлшеріне шектеу қойылмайды.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button