Мәдениет

ШАНАҚҚАЛА ШАЙҚАСЫНАН СЫР ШЕРТЕДІ

ERA_7580+

«Мен сендерге соғысуды бұйырмаймын, мен сендерге өлуді бұйырамын!». Күллі түріктердің Атасы – Мұстафа Кемал Ататүріктің тарихта алтын әріптермен жазылған бұл сөзі түркі ұрпағының  дұшпан­дарына қарсы тұрған ең соңғы һәм ең үлкен майданында айтылған еді. Ол – Түрік Респуб­ликасының Президенті Реджеп Тайып Ердоған айтқандай, «Сенім мен технология жекпе-жекке шығып, сенім жеңген ұлы күрес» Ол – биыл 100 жыл толған, Түркі халқы үшін елеулі орын алатын Шанаққала шайқасы.

Осыдан бір ғасыр бұрын бейбіт­шілік жолында түріктер Шанаққала шаһарында ағылшын-француз флотын ойсырата жеңген еді. Осыған орай, 16 сәуір күні осы соғыстың 100 жылдығына арналған «Астана» ұлттық сурет галереясында халық­аралық фотокөрме өтті. Көрменің салта­натты ашылу рәсімінде Түркия президентінің зайыбы Емине Ердоған ханым басты қонақ болды. Шараны Юнус Эмре институты Түрік мәде­ниеті орталығы ұйымдастырып отыр.

Галерея қабырғаларындағы  «Ша­на­қ­қаладағы траншеядан жауға оқ жаудырған түрік әскері», «Ариф Бей су қайнары», «Француз «Bouvet» линкорын батырған зеңбірек пен батарея қолбасшылары»,«Жаралылардың тасымалдануы», «Шанаққаладағы торпедалық зеңбірек», «Окопта демалып отырған түрік әскерлері», т.б. суреттер келушілерді бей-жай қалдырмады.

Юнус Эмре институтының басшысы Хайати Девели: «Бірінші дүниежүзілік соғыстың Түрік еліне әкелген ауыртпалығы өте зор болды. 1915 жылы мыңдаған жастар соғыстан қайтып оралмағандықтан, Түркиядағы ең маңызды оқу орындарының бірі түлексіз қалды. Сонда да Түркия өзіне қарсы қолданылған қастандыққа тойтарыс бере білді. Содан бері бір ғасыр өтті. Бұл – біз үшін ұлы жеңіс! Жүз жыл бұрын соғыста жеңіп шығуды мақсат етсек, ал қазір оны мүлде болдырмауды ойлаймыз. Шыны керек, галереядағы кейбір фотосуреттерді алғаш көріп тұрмын» деді.

Ғалым, атақты академик Ғарифолла Есім: «Бұндағы фотосуреттер сол кездегі ауыр  тұрмыстың дәлелі, олар ешқашан жойылмауы керек, санадан өшпейтіндей болуы тиіс. Шайқаста күллі Түрік халқының тағдыры шешілді. Антанта елдері Түркияның ең жақсы деген жерлерін басып алғысы келді. Қабырғадағы суреттен студенттердің соғысқа шығып, келесі жылы оқуға бара алмай қалғанын тү­сіндім. Әрбір үшінші адам, әр үшінші әйелдің жұбайы шайқаста қаза тапты. Біз егер Түрік елімен дос болсақ, сол елдің тарихын білуге міндеттіміз. Ол – барлығымыздың ортақ тарихымыз саналады» деді.

«Егемен Қазақстан» респуб­ли­калық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов: «Әлем тарихында мемлекет тағдырын айқындаған ұлы шайқастар бар. Мысалы, қазақ елінде Аңырақай шайқасы болған. Ал түрік жұрты үшін ерекше – Шанаққала ұрысы. Соғыста Мұстафа Кемал Ата­түрік өзінің «Түрік болу қандай бақыт, бойларыңда түрік қаны ойнап тұрған сен бақыттысың,  жас ұрпақ»  деген ұлы сөзін айтқан. Осындай ерлік жасаған халық – біздің бауырларымыз екендігін мақтан етеміз. Уинстон Черчильдің бірінші дүниежүзілік соғыста масқара жеңіліске ұшырап, отставкаға кететін тұсы – осы Дарданелл бұғазындағы шайқас. Ататүріктің ұлы жеңістерінен кейін империализмнің көптеген позициялары нашарлады. Бүкіл доминиондарда ұлт-азаттық көтерілістер басталды. Бұның барлығы – Шанаққала шайқасының әсері», – деді.

Көрмеде Астана қаласының Юнус Эмре атындағы Түрік мәдениет орталығының директоры Ибраһим Йылдырымнан да біраз мәліметтерге қанық болдық: «Анкара қаласында әскери мұражай бар. Осыдан 100 жыл бұрын түсірілген суреттердің барлығы осында сақталған. Олардың кейбірін қаза болған жауынгерлердің ұрпақтары әкеліп тапсырса, бірін қазба жұмыстары кезінде тауып алдық. Бас-аяғы 63 фотосурет берілген болатын, солардың ішінен 43-ін іріктеп алдық.  Біздің мақсатымыз – осы суреттер арқылы кейінгі ұрпаққа бейбітшілікті бағалауды үйрету. Осынау тамаша көрме сәуірдің 27-сіне дейін болады» дейді ол.

Сондай-ақ, келушілердің назарына Шанаққала шайқасынан сыр шертетін 3 минуттық бейнетуынды ұсынылды. Көрсетілім соңында қонақтар арасында ұтыс ойыны өткізіліп, екі адам Шанаққалаға барып қайтуға билет ұтып алды.

Күнайым СӘКЕН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button