Қоғам

«Сізді көрсем, жомарт бір күзді көрем…»

Белгілі журналист, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығы мен ҚР Президенті сыйлығының лауреаты Ғабит Іскендерұлы Мүсіреппен кездескен жерде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың әдебиетіміздің алыптарының бірі Ғабит Мүсіреповке арналған жыр жолдары санамызда жаңғыратыны бар. Онда Хан Тәңірінің мұзбалағы атанған ақын классик жазушыны анда-санда көретінін айтып, жомарт бір күзге теңейді. «Егемен Қазақстан» газетінің ақ мылтық журналисі, атақты қаламгермен аттас азамат туралы біз де осыны айта аламыз. Кең пішілген тұлғасы ғана емес, публицистің осы күндерге дейін жазғаны бізге жемісін үйіп-төккен жыл мезгілінен елес береді.

Ғабит аға

Мұқағалидың жазушыға арнаған жырының бір жерінде «Еліктеп өзіңізге есім кетіп, Көгендеп ақ қағазға тіздім өлең» деген жолдар кездеседі. Осы тармақтардан ақын поэзиясына жазу­шының әсері болғандығын аңғарамыз. Мұқағали «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын жазып шыққан соң, «Қалай шықты екен?» деген оймен қолжазбаны Ғабит Мүсіреповке оқытқан деген дерек те кездеседі. Ендеше, жазушы белгілі бір деңгейде ақынға тәлім көрсеткенін пайымдаймыз. Әрбір шығармашылық иесінің аға буынның жазғанына қарап, қаламын түзейтіні сияқты біздің де үлгі тұтар ағаларымыз бар. Солардың бірі – журналист Ғабит Мүсіреп.
«Тағылым алу үшін, үйрену үшін адамдармен сәт сайын араласып жүру міндетті емес меніңше» дейді журналистің өзі бір сұхбатында. Осы сөзі – сөз-ақ! Өмірде кездеспей, жазғанын оқып, өзіміз сырттай сүйсініп жүретін әріптес аға-апаларымыз, құрбы-құрдастарымыз, іні-қарындастарымыз аз емес. Ғабит Мүсіреп – сондай ағалардың қатарынан орын алады. Ағамыз «Нұр Астана» газетінің бас директоры – редакторы қызметінде болғанда алдына жұмыс іздеп бір бар­ғанымыз болмаса, ол кісімен жақын араласа қоймадық. Алайда аталмыш газетке біртуар композитор Шәмші Қалдаяқовтың көпшілікке жете қоймаған «Жар­қырайды Жезқазған» әні туралы мақала­мызды бастырғанбыз.
Көбінесе мақалаларымызды мә­де­ниет, руханият тақырыптарына жаза­тындығымыздан газет пен журналдардан, сайттардан сондай мақалаларды іздеп оқимыз. Биылғы наурыз айында «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан «Шарқ ұрған қыран едім кең даланы…» атты материал бізді елең еткізді. Авторы Ғабит Мүсіреп қазақ әлі дұрыс тани алмай жүрген, Өзбек­станда туып, елу жасына да жетпей өмірден озған қуатты ақын Өмір­зақ Қожамұратовпен «сырттай сұхбаттасыпты». Мақала ақынның туғанына 80 жыл толуы­на орай жарық көрді. Негізінен, Өмірзақ Қожамұратовтың мерейтойына арнап, алдында өзіміз де оның шығармашылығы туралы жазуды ойластырғанбыз. Бірақ формасын таба алмай, әуреге түс­кенбіз. Ал, Ғабит аға алдымызды орап, ұтымды форма тапқан. Бұл жайт та журналистің тәжірибелігі мен алғырлығынан хабар береді. «Сұхбатты» оқып шыққан соң аталмыш тақырыпқа қалам тербеуді артық санадық. Енді әріптес аға­мыздан ақын туралы толымдырақ дүниені күтіп жүрген жайымыз бар.
Бабаларымыздың асыл сүйегі қайда қалмаған? Сирияда дамыл тапқан кешегі Әбу Насыр әл-Фарабиден бастап, Үн­діс­танда Мұхаммед Хайдар Дулати сынды ғұламаларымыздың, Мысырда жатқан Бейбарыс сұлтан, Түркияда Мұстафа Өзтүрік сияқты батыр ұлдарымыздың, жалпы алғанда әлемнің он төрт елінен то­пырақ бұйырған көптеген тұлғаларымыз жайлы «Егемен Қазақстан» газеті арқылы Ғабит Мүсірептің берген деректері де көпшілікті қызықтырғаны сөзсіз. Аталмыш мақалада танымдық сипатпен бірге бабалар рухына тағзым да жатқанын есті оқырман аңғарады. «Жат жұртта жерленген жампоздар» атты бұл материалдың басында автор көрнекті ақын Жарасқан Әбдірашұлының «Құлпытас қояр-қоймас басымызға, Ол жағын Уақыттың өзі білер!..» деген жыр жолдарын келтіреді.
Біздіңше, Өмірзақ Қожамұратовпен «сырттай сұхбат» жасап, Жарасқан ақынның жыр жолдарын келтіруі жур­налистің поэзияға жақын екенін аң­ғартады. Бұған дейін осындай үрдісті белгілі журналист Қайнар Олжайдан байқағанбыз. Қазіргі жас журналистер үйренетін бұл да жақсы қасиет.
Жалпы, қазіргі кейбір әріптестерден «болдым-толдым» деген мінезді көп байқаймыз. Осындайда әр журналист өз еңбегіңе сын көзбен қарай білсе екен дейсің. Ал аға буында ондай қасиет бар. Мәселен, Ғабит Мүсіреп тағы бір сұх­батында «Өзіңізге сын көзбен қарай­сыз ба?» сұрағына «Сын көзбен қараймын деу­ден гөрі көңіл толмайды деген дұрыс болар. Ондай жағдай кездесіп тұрады. Алға қойған жоспарлардың бәрі объективті-субъективті себептерге байланысты ә дегеннен жүзе аса қоймайтыны бар. Бұл соған байланысты болар деп ойлаймын. Кешігіңкіреп жүзеге асқан шаруа көңілді бәрібір көншіте алмайды» дейді. Ендеше, ағаға қолға алған әр шаруаңыз уақытында жүзеге ассын деген тілекті айтамыз. Және жазуда бізден озғаныңыздай, жастардан оза беріңіз дегіміз келеді. Біз қызғанбай, қызығып қана қараймыз…

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button