Басты ақпарат

СКРИПКА САЗЫ

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ әлем жұртшылығын ғажайып өнерімен таң қалдырған қазақтың ұлы Англиядан Астанаға келді. Марат Бисенғалиевтің скрипкадағы сазын елорда жұртшылығы асқан ықыласпен тамашалады. Өнерсүйер қауым алыстан келген азаматын құшақ жая қарсы алып, ыстық қошеметін білдірді, қолпаштады. Классикалық туындылар тыңдармандарын өзгеше саз әлеміне жетелеп, естен кетпес әсер қалдырды.
Сөз басында Марат Сәметұлының жетістіктерін ине-жіпке бір тізбелесек…

Талантқа әлем табынды

…1988 жылы туған жеріне кемел ынтамен ат басын бұрған скрипкашы «Алтын алма» атты батыстық музыка ұжымдарымен тайталаса алатын жеке камералық концерт құрған. Концерттің құ­ра­мына Құрманғазы атындағы кон­сер­ваторияның профессоры Я.Фудиман, Р.Хисматуллин, Я.Мавриди, С.Бисенғалиева, М.Бекмағанбетов сынды саңлақтар шақырылды. Бұл Мараттың өзі үлкен қанағаттанушылықпен есіне алатын ісі еді.

Үлкен өнер, үлкен сахна қазақтың ұлын Англияға қайта тартты. Таланты мен дарынын алып елдің ал­дында мойындатуға тура келді. Бұл тоқсаныншы жылдардың тұсы еді. Осы уақыттан бастап кон­­церт берумен белсенді түрде ай­на­лы­сады. Тіпті, ағылшын ко­роль­дігінің оркестрімен үлкен концерт атқарды. Оның скрип­кашылық өнері таныла түсті. Табы­нушыларының қатары жиіледі. Көп ұзамай «Наксос» фирмасының менеджері Мараттың бойындағы айрықша табиғи талантты танып, бағалап, бірге жұмыс істеу­ге шақырады. Мұның өзі скрип­кашының алдынан батыстың көп­теген концерттік залдарының есік­терін айқара ашты, әлемдік же­текші оркестрлерде орындауына жол ашты. Ол әлемнің ең үздік, әркімнің қолына түсе бермейтін «Карнеги-холл», «Барбикан-холл», «Альберт-холл» және «Ги­вен Хауз» залдарында тыңдар­мандарын өнерімен тамсандырды.

Осындай жетістіктер Марат Сәметұлының орындауындағы шығармалар жазылған үнтаспалар сатылымын молайта берді. Оның көптеген дискілері ағылшын журналы «Граммофонның» үздігі аталды. 1989 жылы Мәс­кеудегі «Мелодия» фирмасы да оның орындауындағы шығар­маларды үнтаспалады. Репертуарына сек­сен скрипкалық кон­церті мен бір жарым сағаттық каме­ра­лық музыкаға арналған бағ­дар­ламалары енді. 1996 жылы Нью-Йорктің Барбикан-холында Англияның камералық оркестрі­мен берген концерті оның халық­аралық скрипка жұлдызы ре­тін­де қалыптасуындағы шешуші ке­зең болды. Ол ірі әлемдік музыка жаз­ба­ларымен айналысатын ком­па­ниялармен тұрақты келі­сім-шарт жасасады. Қазіргі кезде Марат Бисенғалиевті әлемнің танымал сыншылары мойындайды. «Қазақстанның бейбітшілік ел­шісі» – біздің ұлдың бейресми аты.

Үнділерді үздіктірген өнерлім

Марат Бисенғалиевтің тікелей ұйымдастыруымен құрылған батысқазақстандық симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Астана, Алматы және Орал қалала­рында көмеймен ән салатын өнер­паз Еділ Құсайыновтың, Финляндия хоры мен ұлыбританиялық орын­­дау­шы­лардың қатысуымен өт­кен кон­церт­тері жоғары дең­гей­­де өтті. Оркестр ұжымы Karl jenkins Music ltd дискісімен музы­ка­лық поэма жарыққа шы­ғарды. Оны таспалауды Sony classic фир­­масының студиясы мой­нына ал­ған. Бұл оркестрге Фуат Ман­сұров пен ағылшындық дири­жер Джон Андерсон бір кез­дері кеңесші дирижер болған-ды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Марат Бисенғалиевке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілгенінен хабардармыз. Ал, бұл сүйіншілі жаңалықты скрипкашы еліміздің Англиядағы Төтенше және өкілетті елшілігінен естіген көрінеді. Аса талантты өнерпаздың Англияда өткен бір концертінен соң үндістандық менеджер сахнаға көтеріліп, оған үлкен ұсыныс жасай­ды. Мақсаты – Марат Би­сен­ға­лиев­тің тікелей көмегімен Үндіс­танда симфониялық оркестр құру. Бұл күндері Үндістанда сол ор­кестр қанатын жая түсуде.

«Шәкәрім» романсы скрипкада

Әлемді өнеріне табындырған Марат елу жасқа толған мерейтойын Астанада атап өтуде. Кеше «Қа­зақ­стан» орталық концерт за­лы­­ның сахнасы Мараттың скрип­­ка­сының сазымен тербелді. Шығар­ма­шы­лық шарада шет ел­дер­де Қазақстан имиджін қалып­тас­тыруға бар кү­шін салған Марат Бисен­ғалиев­тің туындылары орындалды. Олар­дың қатарында Еуропа мен Аме­ри­каның үздік залдарының сахнасын­да шырқалған классикалық туын­дылары да жетерлік.

Кеште жеке пьесалармен қоса Карл Дженкинстің «Шәкәрім», «Кон­церт для скрипки с оркестром» және Алмас Серкебаевтың «Ма­­рат­қа арналған күй» музыка­лық шы­ғар­ма­ла­рының жеке бөлік­тері де орындалды.

«Жиырма жастағы жігіттеймін»

Осы кеш алдында БАҚ өкілдері Маратпен жүздесіп, көкейлеріндегі сауалдарын қойған. «Мен Астанада өте сирек боламын. Бұл жолы мұнда әлемдік деңгейдегі «Қазақ­стан» концерт залы ашылғаннан кейін келдім. Жалпы алғанда, менің ойым­ша, елордада музыкалық мә­де­­­ние­т­тің дамуы үшін өте көп ша­руа­лар тын­ды­ры­луда. Жаңа опера театры ашылмақшы, Прези­дент­тік ор­та­лықтағы кіші зал да өте керемет еді» деді сонда скрипкашы.

Елу деген өмірдің бел ортасын­дай көрінгенімен, музыкант өзін ана­ғұрлым жас сезінеді. Бұл туралы ойын ол былай білдірді: «Бұ­­рын елу жаста дүние шектеліп қала­­тын­дай көрінетін. Қазір мен осы жасқа келсем де, өзімді жиырма-жиырма бес жастардағы жас жі­гіт­­тердей сезінемін».

Марат Бисенғалиев туған еліне қатысты өзінің алдағы шығарма­шы­­лық жоспарларын да жасырма­ды. «Келесі жылы Қазақстанда дири­жер ретінде төрт концерт өткі­зуді жоспарлап отырмын» деді ол. Өзі қайта құрған Алматы сим­фониялық оркестрінің де тұсауын кеспек.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button