Мәдениет

«Super әже» кім?

Елордада «Super әже-2024» байқауы өтті.

Биыл екінші рет өткен байқауды Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Ардақ Сейітова мен ерекше жан Валентина Толмачева ұйымдастырды. Мүмкіндігі шектеулі ананың айтуынша, бұл жолы да қатысуға тілек білдіргендер өте көп болды. Солардың ішінен аса дарынды, жан-жақты шебер әрі епті әжелер іріктеліп алынды.

– Байқауға 63-тен 76 жасқа дейінгі 10 әже іріктелді. Олардың барлығы да қалалық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшелері. Егде тартса да әлі күнге дейін отбасына ғана емес, қоғамға берері мол жандар шетінен талантты. Қатысушылардың қай-қайсысы да басқа зейнеткерлер үшін үлгі. Ендеше осы кісілерден тәлім-­тәрбие алу керек, – деді Валентина Борисовна.

Қатысушы әжелер алдымен алдын ала дайындалған бейнероликтер арқылы өздерін таныстырды. Аспаздық шеберлік байқауына, сондай-ақ дефиле шоуына қатысып, халық билерін, вокалдық нөмірлерін және өздерінің авторлық әндерін орындады.

Сахнада «Гауһартасты» сызылта айтып, «Бөрте» биін бүлкілдете билеп, жыр оқып, классикалық туындыларды нақышына келтіре орындаған әжелердің арасынан шын мықтыны таңдау оңайға соқпады. Әсіресе, олардың шығармашылық бұйымдары – тоқыма заттар, құрақ көрпешелер, кілемше, түрлі тақырыпта салынған суреттер бірінен-бірі өтеді.

– Сайыс әдемі басталды: кербез басқан әжелерді сахнаға Ұлттық ұланның сарбаздары алып шықты, ата буынға немере буынның қамқор, сүйеу екенін көрсеткендей. Әже мен атаны қауқарсыз қарттар емес, қоғам өміріне белсене араласатын, ақылды, өнерпаз, білімді, шебер, ең бастысы, ме­йірімді жандар екенін көрсетуге үлес қосқан іс-шара әркімге ой салғаны анық. Сыры кетсе де, сыны кетпеген әжелерге қарап көрермендер әдемі қартаюдың шеберлік сабағына қатысқандай, – деді қазылар алқасының мүшесі, жазушы Камал Әлпейісова.

Жас ұрпақты ата-баба дәс­түрімен тәрбиелеп, әже өнегесін үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған іс-шара барысында үш кезеңнен де мүдірмей өткен 2 баланың анасы және 4 немеренің әжесі, 76 жастағы Рымкеш Сейітқазықызы Ордабаева «Super әже» атанды. 40 жыл білім саласында қызмет атқарған айтыскер әрі диктор – бүгінде Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшесі. Сонымен бірге «Бәйтерек» шығармашылық ансамблінде өнер көрсетеді екен. Одан бөлек, сурет салады, тоғызқұмалақ ойнайды, домбыра тартады, тоқымамен айналысады. Марапаттау барысында жеңімпаз әженің
басына тәж кигізіліп, қолына
100000 теңгенің сертификаты табысталды.

Сондай-ақ байқауға қатысқан Дәметкен Махмедоваға «Ақылды әже», Ақынгүл Әлімханқызына «Ең шебер әже», Мәдина Жолдасоваға «Ең заманауи әже», Үмітжан Кикимоваға «Ең мейірімді әже», Ракила Садироваға «Бұлбұл әже», Роза Дошановаға «Ең білімпаз әже», Бақыткүл Турамиеваға «Ең көңілді әже», Бану Жүсіповаға «Ең өнерлі әже» және Зульфира Дрегерге «Ең тапқыр әже» номинациялары берілді. Іс-шараны ұйымдастырушылар олардың әрқайсысына 50000 теңгенің сертификатын табыстады.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button