Құқық

Жазалаудың балама әдістері қандай?

Қазіргі қоғамда қылмыстық саясат пен жазалау шараларының тиімділік мәселесі өзекті бола түсуде. Қолданыстағы қылмыстық жүйенің басты проблемаларының бірі – түрмелер мен колониялардың толып кетуі.

Осы мәселелердің шешімін іздеу барысында қоғам жазалаудың балама әдістеріне назар аударуда. Қылмыстық заңды ізгілендірудің арқасында бас бостандығынан айырумен байланысты емес, сонымен бірге сотталған адамдарға түзету мен қайта әлеуметтендірумен байланысты құқықтар мен міндеттерді жүктейтін жазалау әдісі жасалды. Бұл тәсіл – сотталғандарға оларды оңалтуға бағытталған белгілі бір міндеттерді орындай отырып, қоғамда қалуға мүмкіндік беретін пробациялық бақылаумен бостандықты шектеу. Бұл әдіс түрмелерге жүктемені азайтып қана қоймай, сотталғандарға қоғамдық өмірге белсенді қатысуға мүмкіндік береді.

Шартты түрде соттау – жазалау шараларының эволюциясы аясында да ерекше назар аударуға тұрарлық. Бұл әдіс соттарға жазаны басқаруға икемділік береді, бұл әр жеке жағдайларын ескеруге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл қылмыс пен оның қайталануына қарсы күресте тиімдірек болуы мүмкін және сотталғандарды оңалтуға ықпал етеді. Алайда икемді жазалау әдістеріне көшуде қиындықтар болуда.

Қазіргі уақытта бостандықты шектеу сот арқылы сотталған адамға оның бостандығын шектейтін белгілі бір міндеттерді жүктеуден тұрады және сотталған адамның тұрғылықты жері бо­йынша қылмыстық-атқару ­инспекциясының қадағалауымен қоғамнан оқшауланбай өтеледі. Сот бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындай отырып, сотталған адамға: сотталған адамның мінез-құлқын бақылау­ды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органның хабарламасынсыз тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын немесе оқуын ауыстырмау, белгілі бір орындарға бармау, оқудан және жұмыстан бос уақытта тұрғылықты жерінен кетпеу, уәкілетті адамның рұқсатынсыз басқа жерлерге бармау міндеттерін жүктейді.

Жоғарыда аталған міндеттерді орындамау – пробациялық бақылау ережелерін қасақана бұзу.

Сот бас бостандығын шектеуге сотталған адамға оны түзетуге ықпал ететін басқа да міндеттерді орындауды жүктей алады: алкоголизмнен, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан, жыныстық жолмен берілетін аурулардан емделу курсынан өту, отбасына материалдық қолдау көрсету және т. б.

Мәселен, бүгінде сотталушының жеке басын және санкцияда көзделген өзге де жазалау шараларының болуын ескере отырып, сот бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаны жиі қолданады. Осылайша, сот сотталғандарға түзету жолына түсуге және қоғамнан қол үзбей, әлеуметтік емес өмір салтын тоқтатуға мүмкіндік береді. Ең алдымен, бұл тәжірибе сотталушының өзі жасаған әлеуметтік қауіпті әрекеттің салдарын түзете алуымен байланысты.

Бірақ қылмыстық жаза жүйесін ізгілендіру барлық сотталғандардың сот берген мүмкіндікті пайдалан­бауына және түзету жолына түс­пеуіне әкелуі мүмкін. Қазіргі уақытта пробациялық бақылау органдары өздеріне қатысты қайта қылмыс жасау мүмкін сотталғандарға ерекше қадағалау жүргізеді. Сот қойған шектеулер мен міндеттер, ең алдымен, сотталушының түзеу жолына түсуі, жұмысқа орналасуы және болашақта қайта қылмыстық құқық бұзушылықтар жасамауы үшін қажет екенін есте ұстаған жөн. Сонымен қатар жазасын өтеуден қасақана жалтарған жағдайда қылмыстық-атқару инспекция­сы бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы материалдарды сотқа ұсынады.

Мысалы, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Сарыарқа ауданының пробация қызметінде есепте тұрған М. бас бостандығын шектеуге сотталған адамға қатыс­ты материал қаралды.

Сот отырысында сотталған адамның пробация қызметіне шақырылғаны, онымен тәрбиелік сипаттағы профилактикалық әңгімелер жүргізілгені, жазаны өтеу шарттары түсіндірілгені, сондай-ақ қайта қылмыстар жасамау, қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу, оған сот жүктеген жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекті өтеу жөніндегі міндеттемені орындау туралы қолхат алынғаны анықталды.

Сотталған адамның бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу тәртібін қасақана бұзғанын, оған сот жүктеген міндеттерді орындамағанын, сондай-ақ қоғамдық тәртіпке қарсы үш әкімшілік құқық бұзушылық жасағанын ескере отырып, сот Сарыарқа ауданының пробация қызметінің ұсынысын қанағаттандырды және бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігін 2 жыл 8 ай 15 күн бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстырды.

Сотталған адамдарға, Сарыарқа ауданының прокуратурасына сапалы пробациялық бақылау жүргізу мақсатында, Бас прокуратураның тапсырмасы шеңберінде уәкілетті органдардың қатысуымен мобильді топ құрамында тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар өткізіледі.

Рейдтік іс-шараларды өткізудің алғашқы күндерінде ғана мобильді топ 2 адамға қатысты пробациялық бақылау қағидаларын өрескел бұзушылықтарды анықтады, атап айтқанда, олардың тұрғылықты жері бойынша сағат 22:00-ден кейін табылмауы. Осы фактілер бойынша аталған адамдарға қатыс­ты пробациялық бақылау қағидаларын бұзу туралы анықтамалар жасалды, соның негізінде пробация қызметі сотқа жаза шарасын бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы ұсынымдар жолдады.

Айта кету керек, ағымдағы жыл­дың өткен кезеңінде Сарыарқа ауданының пробация қызметі жазаны бас бостандығынан айыруға шектеумен ауыстыру туралы 20 ұсыныс жолданды, барлығы сот тарапынан қанағаттандырылды.

Қорытындылай келе, жазалау шараларын ауыстыру мәселесі бұл өз іс-әрекеттерімен қоғамдық тәртіп пен азаматтардың әл-­ауқатын бұзуға әкеп соқтыратын ықтимал қауіпті қылмыскерлерді қоғамнан оқшаулау мақсатында мемлекет қолданатын төтенше қажеттілік екенін атап өткен жөн.

 Диас ШӘМШИЕВ,

Астана қаласы Сарыарқа аудандық прокуратурасының бөлім прокуроры

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button