Басты ақпаратҚала тіршілігі

Сұрыптап жинамасақ, ұтыламыз

Күні кеше әлеуметтік желіде астаналық блогер елордадағы қоқыс өңдеу зауытында болғанда мұнда қабылданатын 1000 тонна қалдықтың 15 пайызы ғана өңделетінін естіп, көңілі құлазығанын жазыпты. Себеп бас қалада қалдықтар сұрыптап жиналмайды. Түрлі түсті контейнерлер үй маңында тұрғанымен, ешкім қоқыс сұрыптауға мән беріп жатқан жоқ. Одан хабары жоқ және білсем деген ниеті де жоқ. Бұл салада жарнама да көз тартып жарқырап тұрған жоқ. Сұрыптау жасамасаң да ешкім саған ескерту айтып, жазалай қоймайды.Өткен жылдың мамыр айының соңында елорданың сол кездегі әкімі Әсет Исекешев 2019 жылдың желтоқсанында қалада қазіргі заманғы қоқыс өңдегіш зауыттың тұсауы кесілетінін мәлімдеп еді.
– Сіздер білесіздер ме, Еуропадағы әрбір үйдің алдында 4 күл-қоқыс шелегі тұрады, рас, бірқатар елдер тиімділігі төмен болғандықтан, бұдан қазір бас тартып жатыр, жаңа технология қарастырылуда. Ал біз күл-қоқысты екіге бөліп қарастыратын басқа елдердің жолымен кетеміз, ол қоқыстан биогаз, бірқатар тыңайтқыштар алып шығатын органикалық қалдықтар мен бірден өңдеуге жіберілетін металл, ағаш, қағаз, пластик, киім секілді заттардан құралады, – деген еді әкім сонда.
Сол жолы қаланың бұрынғы басшысы күл-­қоқыстар мен қалдықтарды далаға апарып төгіп кететін ұяты аздау адамдардың көптеп кездесетініне реніш білдірген болатын. Сондықтан мұндай күл-қоқысты тұтас жинап алып, оны қайта өңдейтін үлкен бағдарлама қолға алынып жатқанын айтқан. Осы бағдарлама бойынша алдымен жеке инвестор бұрынғы күл-қоқыс өңдегіш зауытты іске қосып, пластик пен ағаш өңдеуге кіріскен. Осы мақсатта инвестор 30 қоқыс тасығыш машина, 2 мыңнан астам контейнер сатып алған. Сосын зауытты қазіргі заманғы өндіріске айналдыратын болған.
Шынын айтқанда, әлемде өткен ғасырдың ортасында мұндай проблема жоқ еді. Ол кезде барынша жоғары дамыған елдер өздерінің қоқыстарын Африкаға апарып тастап, өздері одан әрі дами беретін. Бірақ табиғат мұның тұйықтан шығар жол емес екенін, мұның да сұ­рауы болатынын көп ұзамай көрсетіп берді. Орта ғасырларда Еуропаның көптеген қалаларында адамдар өз үйлерінен шыққан қоқыстарын, тамақ қалдықтарын терезеден сыртқа лақтыра салып жүрген. Алайда мұның артынша бұл елдерде оба ауруы бұрқ ете қалды. Кейін еуропалықтар мен америкалықтар Африкадан келгендердің әрекеттері арқылы өз елдерінің аумақтарынан күл-қоқыс аралдарының пайда бола бастағанын байқады. Мұны олар сосын жинап алып, «қара құрлыққа» жөнелтуге кірісті. Ал Африканың саванналары мен шөлді аймақтарынан апарып тасталған қоқыстар сол үйілген күйлері қалды, олар жерге де сіңіп кетпеді, ауаға ұшып кете алмады. Сол уақыттан бастап күл-қоқысты сүзгіден өткізіп, қайта өңдеп шығарудың айла-амалдары қарастырыла бастады. Олар бұған көп жағдайда прагматикалық тұрғыда келіп, күл-қоқыстың өзінен орасан зор ақша табудың жолдарын ойлап тапты.Осылайша әлемде күл-қоқыс бизнесі өркен жайды. Ол ең алдымен күл-қоқысты сұрыптап, түр-түрге бөлуді өмірге әкелді. Сондықтан Еуропаның көптеген қалаларында күл-қоқысты түрлеріне қарай әр алуан пакеттермен, бөлек жәшіктерге жіліктеп салу жөнінде кең түрде насихат жүрді. Пакеттер органика, тұрмыстық қалдықтар, шыны, қағаз, пластик, батарейка, металл деген бөлініске бөлінді. Екінші сұрыптау тікелей контейнерлердің ішінде жүргізілді. Осылайша бөлініп қойылған күл-қоқыс­тарды өңдеуге алып кету біраз жеңілдетілді.
Мәселен, Германияда тұтас қалалар осы күл-қо­қыс­тың арқасында жылу алады. Сол себепті қалалар мэриясы жұртты ынталандыру үшін кез келген дүкенге бөтелке өткізіп, өздеріне кепілдік баға алып тұруды міндеттеп қойған. Осыған арналған жарнама жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында, балалар тәрбиелейтін мекемелерде әрдайым жүріп тұрады. Елде сондай-ақ күл-қоқыс туралы заң жұмыс істейді. Ал күл-қоқысты сүзгіден өткізіп тұру мәселесін тұтас бір полиция бөлімшесі қырағы қадағалап жүреді. Германияның халқы үшін көшеге күл-қоқысын төгіп кеткен немесе бір контейнерге бірнеше қапшық қалдықты бір-ақ тастай салған көршісін дереу полицияға хабарлап тұру да әбден заңды нәрсе болып саналады. Бұл үшін тәртіп сақшыларына ұятсыздық көрсеткен адамды айыптау ешкімнің ойына кіріп шықпайды. Мұны сосын полиция қызметкері келіп, өзі арнайы тексеріп, шындықты анықтайды. Егер ескертпе расталса, тәртіп бұзушылық жасаған адам орасан зор ақша көлемінде айыпқа тартылады.
Еуропаның басқа елдеріндегі тұрғындарына қарағанда, испандар оншалықты тазалыққа құштар емес. Бұл елде көшелерде күл-қоқыстың жатуы – үйреншікті көрініс. Сондықтан мұндағы бірқатар қалаларда күл-қоқыс тастаушылармен қатаң күресу қолға алынды.
Тазалық жағына келгенде, ағылшындар да оншалықты үлгілі болмай шықты. Британия қалаларында да күл-қоқыспен күрес оңып тұрған жоқ. Мәселен, Лондонның кейбір аудандарында күл-қоқыстар аптасына немесе екі аптада бір-ақ рет алынады. Соған қарамастан, жергілікті билік күл-қоқысты көрінген жерге тастап кетушілермен аяусыз күресіп келеді. Мұнда тіпті үй жанына дұрыс қойылмаған қоқыс бактары үшін де тұрғындар айыппұл төлеп жатады. Оның мөлшері 1000 фунт стерлингке дейін барады.АҚШ-та бұл мәселеге шығармашылық тұрғыдан келудің орын алғаны байқалады. Бұл елде бая­ғыдан көшеге күл-қоқыс тастап кеткен адам үлкен күнәһар ретінде қарастырылады. Оларды таныстары мен көршілері де жек көріп кетеді. Мұның үстіне, Америкада «таза» өмір салтын насихаттау кең етек алған. Мысалы, Нью-Йорк­те NYC Garbage атты арт-жоба іске қосылған. Ол ішінде не жатқаны сыртынан көрініп тұратын күл-қоқыс контейнерлері арқылы жүргізіледі. Былайынша айтқанда, олар арт-нысандар болып табылады. Міне, осындай жобалар арқылы қала мэриясы орасан зор ақша тауып отыр. Мәселеге шығармашылық тұрғыдан келу деп мамандар осыны айтып отыр.
Жапонияның астанасы – Токио қаласының үкіметі бұлардан да әрі кетті. Мұндай жасалған бағдарламаға сай, шаһардың 23 арнайы ауданының әрбіріне жеке күл-қоқыс өңдеуші зауыт салынып жатыр. Енді әр аудандағы контейнерлерде жиналған қалдықтар өз зауыттарына жеткізіліп, олардан түрлі бұйымдар жасалып шығарылады. Осы зауыттардың үстінен кафе ашып қоюды да жапондар ойлап тапты. Қазір Жапония үкіметі бұл тәжірибені бүкіл елге тарату жайын ойластырып отыр.
Қазір әлемдегі кез келген елде пластик заттар мен ыдыстардың проблемасы қатты көтеріліп тұр. Оның қоршаған ортаға келтіретін залалдары жөнінде жұрттың бәрі біледі. Бірақ полимерлер әрі арзан, әрі жасалуы оңай болғандықтан, көптеген елдер одан біржола бас тарта алмай отыр. Содан келіп бүгінде адамзат баласы тұрмыстық деңгейде қолданатын бұйымдардың тең жартысын осы полимерлер құрап жүр. Өкініштісі, пластиктердің жерге сіңіп, топыраққа айналып кету үдерісі өте ұзаққа созылады. Оның бастапқы қалпынан айырылуы үшін жүздеген жылдар керек. Ал осы бұзылу процесінде одан стирол, фенол, формальдегид секілді заттар бөлініп шығады. Әзірге әлемде пластиктердің 10 пайызы ғана қайта өңделіп келеді. Ғалымдар қазір пластиктермен күрестегі ең ауқымды тірлік биополимерлер жасау екенін айтып отыр.

Расул АЙТҚОЖА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button