Басты ақпарат

Жердің жыры, малшының мұңы…

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Көкшетауға сапарында Ақмола облысындағы жайылым жерлерінің көлемі шамамен 4,5 миллион гектар екенін, соның 88 пайызы пайдаланылып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары мал жаятын жер таппай қиналып отырғанын да айрықша атаған Мемлекет басшысы «Үкімет берілген жерлерді бақылауға алып, жеке азаматтар мал жаюға мүмкіндік алу үшін қажетті нормативті ұстануы керек» деп тапсырма берді. ­Тоқаевтың бұл сөзі еліміздің ауыл шаруашылығы саласында қордаланған мәселелердің бетін ашты.Етті де елден аламыз

Қай жағынан алып айтсақ та, Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндігі мол. Жері кең, адамы аз. Қазық қақсаң тал шығатын, түгін тартсаң май шығатын тусыған даласында мыңғыртып мал бағып, ата кәсібімізбен айналысқан малшының да, жайқалтып егін салып, жер емшегін емген диқанның да маңдай тері өтеусіз қалмайды. Экологиялық ортасы бұзылмаған өзен-көлдерінде балық шаруашылығын дамытуға, өсімдіктің түр-түрі өсетін курорттық аймақтарында омарташылық кәсіппен айналысуға да мүмкіндік мол. Алманың отаны болған Қазақстанда жеміс-жидек те жақсы өседі. Өнімдеріміз ішкі нарықтан асып, өтпей жатса, іргеміздегі халық саны көп Өзбекстан мен Қытай – қашанда Қазақстан үшін үлкен базар. Осының нәтижесінде елімізде ішкі нарықты қойып, сыртқа ет экспорттайтын дәстүр қалыптасты. Кейбір жекелеген шаруа қожалықтары әрісі Біріккен Араб Әмірліктері, Иран, Қытай, Еуропа елдеріне, берісі ТМД базарына ет және ет өнімдерін жөнелтеді. Алайда бұл көрсеткіш сырттан келетін импорт пен ішкі нарықтағы сұранысқа шаққанда тым мардымсыз. Соның бір күлкілі мысалы ретінде аграрлы мемлекетпіз деп мақтанатын Қазақстанның шетелден ет импорттайтындығын атауға болады. 2019 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстан 42 млн-нан астам доллар жұмсап, Беларусь, Украина, Ресей және Парагвайдан сиыр етін сатып алса, 3,4 млн долларға Уругвай, Аргентина, Болгария, Моңғолия, Исландия елдерінен жылқы етін сатып алған. Тіпті тауықтың сирағына дейін Ресейден импортталатынын көргенде айтарға сөз таппай қиналдық. Сонда Қазақстанның аз халқын қамдай алмайтындай біздің ауыл шаруа­шылығымыз сонша тұралап тұр ма? Ауыл шаруашылығы саласын ілгерілету бағыты бойынша атқарылып жатқан «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», «Ырыс», «Жайылымды суландыру» бағдарламаларының ешқандай қайтарымы жоқ болғаны ма? Жері кең, ауыл шаруашылығына қолайлы мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға қыруар қаржы сала отырып, мұхиттың арғы бетінен ет таситыны қалай?
Оның үстіне, Қазақстанда ет бағасы жыл сайын көтеріліп барады. Қазір 2000 теңгеге дейін көтерілген еттің бағасы болашақта 5000 теңгеге дейін жетіп, халықтың ет жеуі барған сайын қиындауы мүмкін. Әрине, шетелмен салыс­тырғанда Қазақстанда ет бағасы арзан. Мәселен, іргеміздегі Қытайда бір келі қой етінің бағасы 4000-6000 теңге аралығында болса, Қазақстанда 1500-2000 теңге шамасында. Алайда бұл салыстырмаға қарап «бізде ет арзан» деп асығыс кесім жасауға келмейді, себебі Қазақстан халқының тіршілік табысымен, күнделік кіретін кірісімен өлшегенде бізде ет қымбат. Ауыл, қалаларда сол 2000 теңгелік еттің өзін сатып алуға шамасы келмейтін отандастарымыз да аз емес. Оған жыл сайын қымбаттап бара жатқан ұн мен нанның бағасын қосыңыз, табысы төмен тұрғындарға бұл қай қырынан айтсаң да үлкен салмақ.
Сарапшылар Қазақстанда еттің қымбаттауына жанармай мен жем бағасының көтерілуі себеп болды десе, «Шетелге ет экспорттағалы бізге ет қымбат бағамен келетін болды. Қымбат ет өтпейді. Бұрынғыдай емес, алушы да аз» деп сатушылар кейиді. Әрине, жанармайдың бағасы көтерілсе, жем-шөптің бағасы да қымбаттайтыны анық. Өйткені жанармай құны 120 теңгеден 200 теңгеге дейін көтерілсе, бір тонна жемнің бағасы 30 мыңнан 60 мың теңгеге жететіні – заңдылық.

Тарылған жер, тарыққан ел…

Мемлекет басшысының «Ауыл тұрғындары мал жая­тын жер таппай қиналып отыр» деген сөзі – шырылдаған шындық. Алысқа бармай-ақ осы елорда төңірегіндегі ауылдарды бір айналып шықсаңыз да бұл сөздің текке айтылмағанын түсініп қана қоймай, тағы да толып жатқан мәселелерге тап боларыңыз сөзсіз.
Нұр-Сұлтан шаһарынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан Шортанды ауданының Жолымбет кенті – 4000-нан астам жан саны бар үлкен ауыл. Тұрғындарының бір бөлігі ауыл іргесіндегі алтын кенінде жұмыс істеп күн көрсе, біразы малмен айналысады. Осы тұрғындардың қайсысына кезіксеңіз де, ауылдың аз ғана малы жайылатын өрісінің жылдан-жылға тарылып келе жатқанын айтады.
– Ауыл маңында ауылдың малы жайылатын ортақ жайылымдық жер бар болғанымен, арғы жағы – жекеменшіктің егіндік жері. Сауын сиырдың бұзауының өзін көзден таса қылмай қарамасаң, ұзап жайылса, егінге енеді де кетеді. Оның үстіне, «Нұр астық» жыл са­йын тың ашып, бізді бері тықсырып келеді. Тек біз ғана емес, төңіректегі барлық ауылдардың жағдайы – осы. Егер осы бетімен кете берсе, ауылда отырып, мал ұстаудан қалатын шығармыз деп уайымдап жүр едік, Мемлекет басшысының айтқанын естіп қуанып отырмыз, – дейді кент тұрғындары.
Айтса айтқандай, соңғы жылдары бұл өңірде егіс алқаптары жыл сайын ұлғайып келеді. Тіпті қолат-қолатты қуалап өскен ойдым-ойдым орманды жерлердің маңындағы жасаң жазықтың да қорыс-қопасын шығарып, ақтарып тастаған.
– Ауылдың шығысындағы жылда шөп шауып жүрген шаппалық жерді де өткен жылы ақтарып, жыртып тас­тады. Биыл шөп шабатын жер таппай қиналдық. Ал басқа ауылдан сатып алайық десек, бір тіркеме шөп – 35 мың теңге. Қолымыздағы 10-15 сиырды 5 ай бойы бағып шығу үшін кемінде 10 тіркеме шөп керек. Жемі тағы бар. Демек, жайылым тарайған сайын жем-шөп қымбаттап, мал бағу қиындасып, шығымы молайып келеді, – деді ауыл тұрғыны Қадыл Ахмет.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, «Нұр астықтың» егінін жаздай қорыған күзетшілер астық орылғаннан кейін де аңызға мал жайғызбай, атызға шашылған сағдардың өзін мал ауызынан қызғанған. Ол аздай, егіс атызын айналдыра мал өте алмайтын ор қазып тас­таған. Ауыл тұрғындары енді сол шұңқырға малымыз түсіп өле ме деп алаңдайды. «Терең қазылған ордың екі шетінде бос топырақ үйіліп жатыр, мал түсіп кетсе, тірі шығуы қиын» деді ауыл тұрғыны Амантай Шәріп.

Малшының мүддесі заңмен қорғалса…

Қазақстанның жері кең болғанымен, мал бағатын жер жоқ. Былайша айтқанда, иен жатқан даланың да иесі бар. Байлар, қалталылар мал бақпаса да, көп жерді әлдеқашан сатып алып қойған немесе жерді пайға алған бұрынғы мүшелері оны біреуге жалға берген, банкке кепілге қойған. Оның үстіне, шаруа қожалығын құрмаса, мал ұстағанның бәріне жер берілмейді Қазақстанда.
Кей өңірлердегі малшылар мал бағып бір, мал дәрігерлерінің қабағына қарап екі қиналатынын айтады. Неге десек, «Мал дәрігерлері малда ауру бар-жоғын қадағалап отыру үшін жылына малдан екі рет қан алады. Егер малыңнан індет байқалса, бітті, қоралы малыңды қырып тастайды. Оны қайталай тексеріп көрмейді, егер бір рет қан алғанда мәселе байқалса, малдың көзін құртуың керек. Ең қызығы, сол ауру байқалған малдарды дәрігерлер жоғарғы жақтағы біреулермен хабарласып, солар алып кетеді. Ал олардың қайда апаратынын ешкім білмейді. Ел аузында былай апарып етке өткізіп жібереді деген дақпырт бар. Егер шынымен ауруы бар мал болса, осы арада неге көмбейді? Осы жері бізге жұмбақ» дейді бізге кездес­кен малшылар.
– Өткен жылы туғалы тұрған семіз сиырымнан дәрігерлер қан алып, бруцеллез бар деп шығарды. Олар әкеткенше сиыр туып алды. Ес біліп, етек жапқалы мал бағып келеміз, былай қарағанда, сиырда ешқандай ауру жоқ сияқты болған соң, Нұр-Сұлтандағы лабораториялармен хабарласып, сиырдың қанын қайталай тексертіп көрейін десек, «Сен өзің әкелсең болмайды, тек мал дәрігері ғана әкелуі керек. Жекелер әкелген қанды біз қабылдамаймыз» дейді. Ал мал дәрігері заңда індет байқалған малдан қайталай қан алып тексеру қарастырылмаған деп екінші рет қан алып тексеруден бас тартты. Сонымен бұзауы еміп тұрған сиырымды алып кетті. Ал бұзауының қан көрсеткіші дұрыс шықты, – деп шағынды Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы ауылдардың бірінде мал ұстайтын бір малшы. Ол бұл сөзді айтарын айтып алса да, өзінің аты-жөні түгіл, ауылдың атын да жазбауымды өтінді. Себебі «Мал дәрігері ренжіп қалса, сау сиырымды ауру деп жазып, бүкіл малымды құртып жіберуі мүмкін» деп алаңдайды. Әрине, бұл біз ашып отырған жаңалық емес, жұрттың айтысына қарағанда, мұндай жағдай Қазақстанның кез келген өңірінде бар көрінеді. Демек, мал басын өссін десек, біреудің ақы адал малын осындай тәсілдермен жоқ қылып жіберетін зымиян­дыққа да заң бойынша тосқауыл қойылуы керек. Ал малшыларға маза бермейтін мал ұрылары туралы айтып та, жазып та жүрміз. Өнімі болмай келе жатыр еді, тек жақында ғана Мемлекет басшысы мал ұрыларына жазаны күшейтуді тапсырды. Демек, Мемлекет басшысы өзі бас болып малшының мұңына назар аударды. Енді мал шаруашылығын дамытуға тұсау болған кедергілер де біртіндеп жойылады деген үміттеміз.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button