Мәдениет

ТАЛАСБЕКТІҢ БЕС ТОМДЫҒЫ

«Қазақ энциклопедиясы» баспасынан жазушы, кинодраматург, күйші, әдебиет және өнер зерттеушісі Таласбек Әсемқұловтың бес томдығы жарық көрді. 

Сегіз қырлы, бір сырлы азамат­тың жары Зира Нау­рыз­баеваның айтуынша, бұл – Талас­бектің артында қалған мұра­­ларының жартысы ғана. Алда тағы осындай көлемдегі еңбек­­терін шығару жоспарда бар.

Ал оқырманның қолына тиіп жатқан бес томдыққа тоқталсақ, бірінші томында жазушының қазақтың күй өнері туралы жазған романдары жинақталған. Соның ішіне «Талтүс», «Кәрі күйші» және аяқталмаған «Тәттімбет cері» шығармалары енгізілген.

Екінші томынан да прозалық шығармалармен қатар, кино­романдарды таба аласыз. «Бір­жан сал», «Тұмар падиша», «Құнанбай» көркем фильмдерінің сценарийлерімен және өзге де әңгіме-повестерді осы кітаптан таба аласыздар.

Орыстілді оқырмандар осы киноромандарды үшінші томнан оқи алады. Ал төртінші және бесінші томдар арқылы зерттеуші Таласбекті танисыз. Алғашқысында музыка жайлы, байырғы музыкалық терминология туралы ойларын оқи аласыз. Сондай-ақ, күй өнерінің тәңірісі Тәттімбет Қазанғапұлы жөнінде жан-жақты мәлімет­терге қанығасыз. Бұған қоса, күйші Сүгір әуле­тімен танысасыз. Уәли Бекенов, Шәміл Әбілтаев, Жан­ғали Жүзбай, Секен Тұ­рысбек сынды күй өнерінің май­тал­мандарының, қобызшы Сматай Үмбетбаевтың өнеріне Таласбектің берген бағасын білесіздер. Соның ішінде жыршы Берік Жүсіпов пен әнші Мақпал Жүнісова туралы жазғандары да бар. Осы төртінші томнан әдебиет­танушы Таласбектің әдебиет жөніндегі ойлары мен ұлы Абайдан бастап Василий Шукшин, Асылбек Ықсан сынды жазушылардың еңбектеріне көзқарасын тани түсесіз.

Бесінші томда мифология, тарих, этнография туралы зерттеулер топтасқан. Мұнда зерттеуші қазақ эпосынан тартып, батырлығымен де, күйшілігімен де аты шыққан Кетбұқа туралы ойларын айтады. Шығыстан батысқа қарай ойысып, тұтас ғаламды қамтиды.

Жуырда Астанада және Алматыда бес томдықтың ресми түрде таныстырылымы болады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button